• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қаңтар, 2024

Майқайың кенішіндегі қайғылы жағдай

224 рет
көрсетілді

«Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішінде қайғылы оқиға орын алды. Құтқарушылар мінген автобус шахта маңында кенеттен пайда болған ойыққа құлаған.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 4 қаңтар күні сағат 01.25 шамасында «Май­қайыңалтын» АҚ аумағында, алтын кеніші шахтасының жанындағы тазарту кеңістігінде орын алған. «Кеніш аумағындағы жерасты шахтасының топырақ қабаты опырылып түсіп, пайда болған ойыққа жүріп бара жатқан автобус құлаған. Апат кезінде автобуста 4 адам болған. Олар – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орта­лық штабы Павлодар филиалының 3 құтқару­шысы мен көлік жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Шахта үстінде пайда болған ойықтың алдын ала ұзындығы 150-200 метр, ені жарты шақырым, тереңдігі 150 метр. Оқиға орнында жедел штаб ұйымдас­тырылды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығы оқиға орнында жүр. Психологтер жұмыс жүргізіліп жатыр. Авариялық-құтқа­ру жұмыстарына «Майқайыңалтын» АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қыз­меттері Павлодар филиалының, жергілікті ат­қарушы органдардың күштері мен құрал­дары, сондай-ақ ТЖ департаментінің құтқарушы­лары тартылған. Барлығы 73 адам, 17 техника мен бір ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) жұ­мылдырылды» делінген ресми хабарламада.

Куәгерлердің айтуынша, 3 қаңтар күні алтын шахтасында жаппай кен жыныстарын жару жұмыстары жүргізілген. Ал түн ортасына таман алтын кенішіндегі кезекші шахта ішіндегі әлдебір шуды құлағы шалып, құтқарушыларға, яғни кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының өкілдеріне хабарлаған. Шақырту келіп түскен бойда қыз­меттік автобусқа 3 құтқарушы келіп мінеді. Кеніштің жер астындағы шахталары «воронка» әдісімен ойылып, бірінің үстінен бірі салынып отырады. Әлгі жаппай жару жұмыстарының салдары болды ма екен, сол күні түнде шахта үстіндегі топырақ қабаттары төмен құлап, жер үстінде үлкен ойық пайда болған. Алайда кеніш қызметкерлері оны қараңғыда байқамай қалған тәрізді. Кенішке апаратын жол сол аумақты басып өтеді. Шақыртуға бет алған автобус кенеттен пайда болған ойыққа тап болып, төмен құлаған.

Кеше түстен кейін кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің респуб­ликалық орталық штабы топырақ астынан 2 құт­қарушының мүрдесі қазып алынғанын хабарлады.

Оқиға орнында жүрген Павлодар облы­сының әкімі Асайын Байханов кешкісін хабар­лағандай, автобус ішінде болған құтқару­шыларды іздеу жұмыстары қиынға соққан. Ойық шетіндегі топырақ пен тастар қайта-қайта үгіліп, құтқарушыларға кедергі келтірді.

– Құтқару жұмыстарымен шұғылданып жүрген азаматтардың өміріне қауіп төнбес үшін ойықтың айналасы бекітілді. Құтқарушылар қиранды астынан 2 азаматтың мәйітін алып шықты. Олар – Сарқыт Бердіқан (1999 жыл­ғы) және Тышкевич Олег Леонидович (1970 жылғы). Өзге екі құтқарушыны іздеу жұмыстары жал­ғасып жатыр. Автобус табылған жоқ, – деп хабарлады өңір басшысы.

Оқиғаның себеп-салдарын Төтенше жағ­дайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағалық етуімен құрылған арнайы комиссия анықтау үстінде.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті