• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Денсаулық 05 Қаңтар, 2024

Балаларға шипа – күрделі операциялар

173 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары Аты­рау облыстық балалар ауруха­на­сында күрделі операциялар жиі жасалып жүр. Аурухана директоры Нұрғабыл Айт­мұханбетовтің дерегіне сүйенсек, былтыр 11 айда – 3 480, оның ішінде 1 933 (55%) операция шұғыл түрде жасалған.

Өткен жылы мұнда «Шұғыл балалар хирургиясы» жоба­сы іске қосылды. Жақында атал­ған жоба аясында академик С.До­лецкий атындағы Ресей ме­ди­циналық үздіксіз кәсіптік бі­лім беру академиясының кафед­ра мең­герушісі, медицина ғылым­да­ры­ның докторы Юрий Соколов нау­қас балаларға күрделі бес операция жасады. Ресейлік хирург бұған дейін Алматы, Ақтау, Семей қалаларында шеберлік сағатын өткізген екен. Ал Атырауға алғаш рет келуі.

«Шеберлік сағаты күрделі опе­рацияларды заманауи техноло­гия­ның көмегімен жасау, жергі­лік­­ті мамандардың біліктілігін арт­тыру мақсатында өткізілді. Мұн­да заманауи медициналық жаб­­дықтар бар. Бес операция жаса­дым. Атыраулық дәрігерлерге әр опе­рацияның күрделілігі, маңызы жөнінде тәжірибеммен бөлісіп, толық ақпарат бердім. Жалпы, медицина саласы жаңашыл­дық­ты талап етеді. Алдағы уақытта ­ауруханалар жаңа технологиялармен толықтырылып, дәрі­гер­­лер білімін ұдайы жетілдіргені ­жөн», дейді Ю.Соколов.

Облыстық балалар ауруха­на­сының директоры Н.Айт­мұ­хан­бетовтің айтуына қарағанда, ресейлік балалар хирургі емдеу тәсілдерін жергілікті дәрігерлерге үйреткен. Операцияның бәрі сәтті болған. Қазір операция жасалған балалардың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің жіті бақылауына алынған.

«Күрделі операция 3-15 жас­тағы балалардың асқазан-ішек жолдары диагнозымен жасалды. Бір баланың гемолитикалық анемиясы бар. Операция кезінде көкбауыр кистасы алынып тас­талды. Тағы бір балаға өт жол­да­рының ақауы диагнозы қо­йыл­ған. Балалардың бәрі операциядан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатыр», дейді балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Мерғазиева.

Ал «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ме­дициналық орталығы» ауруханасының дәрігерлері, кардиохирург Әлібек Тойбаев, кардиоанес­тезиолог Ақерке Бексейітова жә­не перфузиолог Жәнібек Әші­ров шеберлік дәрісін өткізді. Ел­ор­да­лық дәрігерлер MIDCAB әді­сімен бес операция жасады.

«МIDCAB – жүректің алдыңғы қабырғасында орналасқан үлкен коронарлық тамырдың бітелуіне байланысты қолданылатын әдіс. Бұл операция кеудені түгел ашпай, жүрек тұсынан тесу арқылы жасалады. Коронарлық тамыр­дың бітелуі – жүрек талмасына ұшырататын негізгі себептің бірі. Ал МIDCAB әдісімен операция жасалған науқас бірнеше күннен соң тез қалпына келеді», дейді Ә.Тойбаев.

Оның айтуынша, МIDCAB әдісі күнделікті тәжірибеде қол­дануға жеңіл әрі науқастардың ста­ционарда ем алу уақытын қыс­қартады. Сондай-ақ күрделі кар­дио­логиялық операциялардан сақ­тануға мүмкіндік береді.

 

Атырау облысы