Жамбыл облысында зираттағы қабір қоршауын ұрлаған орта жастағы екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polizia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары аумақты патрульдеу жұмысы барысында 31 және 34 жастағы Тараз тұрғындарын ұстаған.
Аталған сайттың дерегі бойынша қылмыс үстінде қолға түскендер қоршауларды бұзып, металдарын ұрламақ болған.
Хабарламада: «Бейіттерді ақша үшін талқандап, қоршауларын бөлшектеп, темірге өткізуді жоспарлағанын мойындады. Олардың Volkswagen Golf-3 және ВАЗ-2109 көліктерінің жүк салғышынан қабір қоршауларының бөліктері және арнайы бұзатын жабдық табылды», делінген.
Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.