• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қаңтар, 2024

Отандық өнімге – айрықша назар

166 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары елімізде лак-бояу материалдары нарығы айтарлықтай өсті. Республикада импорт өнім азайып келеді, ал елде жұ­мыс істеп тұрған компаниялар мен концерндер өз дистрибьюторлық желілерін дамытып отыр. Осы ретте Мә­жіліс депутаты Руслан Қожасбаев Жетісуға келіп, «Алматинские краски» ЖШС компаниясының жұ­мысымен танысты.

Депутат жұмыс сапарын Талдықорған қаласынан бас­тап, әуелі «Алматинские краски» ЖШС-ға қарай жол тартты. Көпке аян, барлық өңірде лак-бояу компаниялары мен концерндердің қызметі дамып, өнімін әлемге таратып келеді. Бүгінде көрші елдерге де экспорттайды. Бұл қатарда «Алматинские краски» ЖШС да бар. Бұл – лак-бояу материалдары мен жол жөндеуге арналған материалдар шығаратын өндірістік компания. Ел аумағында 2009 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.

Өнімдері озық технологиялар бойынша өндіретін зауыт жылына 5 мың тонна лак-бояу материалдары мен 6 мың тонна термопластик шығарады. Кәсіпорында 100-ге жуық бі­лік­ті жұмысшы жұмыс істейді. Өндірісті ұйымдастыру үшін бар­­лық қажетті инфрақұрылым жа­салған.

Кездесу барысында аталған мекеменің орынбасары Римма Салықова депутатқа отандық өнім­дерді барынша қолдау табуы қа­жет екенін жеткізді.

«Қазіргі заманғы нарықтық сау­да жүйесінің міндеті – сөрелерде отандық өнімдердің тұрақты түрде қолдау тауып, сатылымда болуы маңызды. «Алматинские краски» ЖШС өнімдері жаңа озық технологиялар бойынша өндіріледі. СТ-KZ шығу сертификаты бар. 2010 жылы кәсіпорында ҚР СТ ИСО 9001-2009 талаптарына сәйкес келетін сапа менеджменті жүйесі енгізілді, соның негізінде компанияға сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификаты берілген. Осы сертификаттар алдағы уақытта күшін жоймауын және ұзақмерзімді келісімшарттар жасау қажеттілігін қолдау қажет», дейді Р.Салықова.

Өз кезегінде депутат мекеме қызметкерлерін толық қолдап, мәселені бақылауға алатынын жеткізді. Қазіргі уақытта зауытта ыдыс, лак-бояу және термопластика өндіретін цехтар жұмыс істейді.

 

Жетісу облысы