Қоғамды негізгі қозғаушы күш – әуелден журналистер қауымы. Өнері аспандағы жұлдыздарға жалғасқан ерен жүйрікті де, ғасырдың теңдесі жоқ теңізден терең ғұламаны да, тұлғасы таудан биік еңселі ерді де, қоршаған орта мен табиғаттың ғаламат, ғажайып көрініс кереметтерін де, ең әрісі Құдай Тағаланың пендесіне жіберген шапағат нұры мен қиямет-қайымын да ел-жұртқа жіліктеп отырып жеткізетін жанкешті еңбектің иесі – жансебіл журналистер қауымы.
Жанкешті деген сөзімізді сәл тарқатып, нақтылай түссек, қалам ұстаған қарапайым журналист өнері аспанға өрілген ерен жүйріктің жан дүниесін ашу үшін оның өнерін түсініп, білуі шарт. Ал ақыл-ілімі алты құрлыққа асып кеткен академикпен салиқалы әңгіме құру үшін тым құрығанда сол ғылымның түп-тегіне үңіле алатын өре керек. Тау тұлғаның елден биік еңбегін әділ бағалау үшін пафос пен парықтың, пайым мен парасаттың аражігін ажырата алатын аса қарымды қабілет қажет. Осы шарттардың үдесінен толық шыққан қаламгерді ғана жақсы журналист деген жөн секілді.
Бүгінде журналист Жолдыбай Базар қолына қалам ұстағалы қазақтың әрідегі заманынан бастап, берідегі әр күнгі толғақты тақырыптарын толғана жазып жүр. Үнемі жақсы мен жарықты іздеген Жолдыбайдың көтерген көптеген тақырыбының бәзбірін біздің қоғам әлі толық пайымдап үлгермеді ме деген күдік бар. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде басылған «Көрдемше» атты көлемді мақаласы көпшілік ортада төңкерісшіл резонанс тудырғанымен, биліктің бишігін ұстағандардың кейбірінің меңіреу мишығына сәуле болып құйылмады. Әйтпесе, «Қан тазалығын қатты ұстанған елміз» деп айдай әлемге жар салып, көкірек көтерген қазақтың барлық болмысы мен ғұмырлық ұстыны болған ұлттық құндылықтары қалай құри бастағанын көзге шұқығандай етіп көрсеткен «Көрдемше» тақырыбындағы мәтінге мән берген Алаштың әрбір азаматы тәрбие мен дәстүр жөнінде, тиым мен тек туралы салмақты сөз айтып, қазақ болып қалу туралы нақты іске ойыса бастайтын еді.
Судың тұнығын ішіп, шөптің дәрулігі мол шүйгінін ғана қорек қылатын, қазаққа мінгенде көлік, иін қандырып кигенде киім, сауғанда сусын, жегенде асыл тағамы болған жылқы малының да тізгін ұстаған барлық қауымға мәлім қасиеттерінен артығын да осы Жолдыбайдың қаламынан туған дүниелерден оқып білдік. Тұйық та тік тұяқтының әріптесіміз әспеттеген әр қасиетін тәптіштей түссек, тым ұзаққа кетіп қаларымыз анық. Оны керек қылған адам өзі тауып алып, көз жүгіртіп, игілігіне жаратып жатса, құба-құп.
Ал енді елдік пен мемлекеттік шаруаға келгенде, кәдімгі оттай лапылдап жанып тұратын Жолдыбай қай мәселені көтермеді? Әсіресе ормандай қалың оңтүстік халқын арасы сиреп қалған солтүстіктегі ағайын-бауырдың арасына көшіріп апарып, жерсіндіріп, тұрақтандыруы үшін жалпақ жұртына жария қылған мағынасы мен мазмұны ғұмырлық ұсыныс-тілектен тұратын «Ішкі көші-қонды қалай реттейміз?» атты тұғырлы мақаласын биліктің бишігін ұстағандардың қайсысы парықтап, пайымдай білді? Әгәраки, тиісті орындағыларға тұжырымдамалық мәні бар осынау мақала анық жетіп барғанда, қазіргі күнде оңтүстіктен тартылған керуен көштің салтанатына қарап әр қазақ марқая масаттанып, мақтанып отырған болар еді.
Журналист Жолдыбай Базардың белді туындыларының бәрін бұл арада таратып айта беруге орын тар. Себебі оның шебер ойынан туған прозалық шығармаларының өзі бір төбе. Біз білетін Жолдыбайдың ғұмырлық ұстанымы – саламатты ұрпақ тәрбиелеп, елдің, жердің шын қамқоры мен қорғаны болатын отансүйгіш азаматты өсіріп, жетілдіру. Жолдыбай өмірлік жары Гүлбала екеуі алты бірдей перзентті мәпелеп өсіріп отыр. Елдегі дарынды әрі әдепті балаларға арналған алдыңғы қатарлы мектептер санатына жататын Білім және инновация лицейін үздік тәмамдаған екі үлкен қыздың бірі Алматыдағы Сүлеймен Демирел халықаралық университетінде, ал екіншісі Қарағандының медицина университетінде оқып жүр. Кейінгі екі ұл да аталған лицейде білім алып жатыр. Кейінгілері әлі балабақшада.
Әуелде есімін біліп, қаламын қызықтап жүрсек те, осыдан тоғыз-он жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде Жолдыбаймен алғаш рет жүзбе-жүз танысып, білістік. Үнемі көңілі гүл, жайдары күлкісі жүзінде тұратын Жолдыбайдың өмірлік ұстанымы нағыз қазақылық екеніне бәріміздің көзіміз жетті. Үлкенге құрметін, кішіге ізетін жасап тұрудан бір жаңылмайтын ініміз араласқан ортада өзі де мол сый-құрметке ие болды. Үлкен орында өзінің салмақты әрі жүйрік қалам иесі екенін анық танытып, бірер жылда газеттегі ең ауыр саналатын саясат бөлімінің тізгінін ұстады. Бөлімнің ауыр салмағына қарамай, тақырыптарды еркін меңгеріп, дөңгелетіп әкетті. Нәтижесінде, саладағы ерен, ерек тұлғалардың алдында абырой-беделге ие болды. Жолдыбайдың білімі мен білігі, бойындағы ізгі кісілігі мен кемелденуі – соған лайық.
Елдегі бас басылым саналатын «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінде мәдениет және әдебиет бөліміне жетекшілік етіп отырған ініміздің қазіргі ілгерінді еңбегі ел-жұрттың назарында. Оның басшылығымен бөлім дайындаған басылымның танымдық әдеби, тарихи беттерін оқырман қауым құмарлана оқитынын көз көріп жүр. Сондықтан іргелі азаматтың еңбегін әділ бағалаған ұжым басшылары редакция жанына тұрғызған жаңа жатақханадан екі бөлмелі үй беріп, Астанадан 40 шақырым жердегі Ақмол қаласынан қалап көшіріп алған еді. Бүкіл саналы ғұмырын журналистикаға арнап келе жатқан абзал азаматтың қолы былтыр көлемі ат шаптырым пәтерге жетті. Оған себепші болған, әрине, қазіргі газет басшылары.
Мерейлі белестегі Жолдыбай бауырымыздың әлі де алатын асқаралы асуы алда. Ол асуларды қаламымен бағындыратынына сенеміз.