Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдың алғашқы Үкімет отырысында елдегі қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Сондай-ақ отырыста ел өңірлерінің алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығы да пысықталды.
Жұқпалы аурудан жұрт аман
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып қалды. Алдын алу шараларының арқасында 20-дан аса қауіпті жұқпалы ауру тіркелген жоқ. Олардың арасында оба, тырысқақ және полиомиелит бар. Сондай-ақ 39 инфекция, олардың қатарында коронавирус, ротавирус және жіті ішек инфекциялары бойынша сырқаттану әлдеқайда төмендеген.
Қазіргі уақытта жіті респираторлық инфекциялармен сырқаттанудың кезекті маусымы жүріп жатыр. Ол жыл сайын қазаннан мамырға дейін созылады. Алдын алу мақсатында өткен жылы қауіп-қатер тобына жататын 2,4 млн адам тұмауға қарсы екпе алған еді. Бұл халықтың 12%-ын құрайды. Осы ретте ДДСҰ ұсынатын деңгей кемінде 10%-ды құрайды.
Жалпы, эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері стационарларда 31 мыңнан астам науқас емделіп шыққан. Ал 2 млн-нан астам сырқат амбулаториялық ем алыпты. Ел бойынша барлығы 10 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын қойылды. Онда балалар үшін шамамен 3 мың төсек-орын қарастырылған.
COVID-19 пандемиясының аяқталуына қарамастан, тиісті бақылау жалғасып жатыр. Қазақстанда коронавирустық инфекция бойынша жағдай тұрақты. Кейінгі жарты жылда ай сайын 100-ден 400-ге дейін жағдай тіркелген, бұл коронавирустың жыл бойы таралатынын растайды.
Өткен жылдың соңында 29 мыңнан астам қызылша жұқтыру жағдайы тіркелді. Өкінішке қарай, оның 80%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Жаңа жылдың бірінші күнінен бастап 1 674 қызылшамен сырқаттану жағдайы тіркелді. Жағдайды тұрақтандыру үшін өткен жылы жоспар бойынша вакциналау жүргізілді. Нәтижесінде, алты жасқа дейінгі 700 мыңға жуық бала екпе алып үлгерді. Оған қоса Үкімет резервінен қаражат бөлініп, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Қазір қосымша вакциналау аясында 930 мыңнан астам адам екпе алды, күн сайын 20 мыңнан астам адам вакциналанып жатыр.
Өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизацияны күшейту жөніндегі шаралар туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді. Ал Премьер-министр мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы ең қауіпті инфекциялармен ауырған науқастар тіркелмегенін айтты. Бұл ретте кең таралған вирустық инфекциялар бойынша да көрсеткіштер айтарлықтай төмендеген.
«Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80%-ға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар», деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары екенін айтты. Дегенмен ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес, мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.
«Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен», деді Премьер-министр. Сөйтіп, осыған орай қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды барынша жандандыруды тапсырды.
«Жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек», деген Үкімет басшысы. медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыра отырып, әсіресе ауылдық жерлерге жеткізу кезінде вакциналарды сақтау мен тасымалдаудың тиісті режімін қамтамасыз ету қажеттігін еске салды.
«Баспасөзде және әлеуметтік желілерде вакцинацияға қатысты әдейі жалған ақпараттың таралуына мониторинг жүргізіп, олардың алдын алу керек. Учаскелік деңгейдегі медицина қызметкерлері ата-аналарға профилактикалық екпенің балалар үшін маңыздылығы мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс», деп түйіндеді ол сөзін.
Қауіптің алдын алуға дайынбыз ба?
Үкімет отырысында ел өңірлерінің алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығы да қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық басталғанын жеткізді. Мәселен, су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды. Оның құрамында 39 мыңнан астам адам, 11 мыңға жуық техника, 500-ден астам жүзу құралдары және 3 мыңның үстінде мотопомпа бар.
Күштер мен құралдарды жедел тасымалдау, сондай-ақ зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау жағдайында «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері тұрақты дайындықта болады. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері де құтқару операцияларына қатысуға әзірлік жасап отыр.
Сонымен қатар су тасқынына қарсы іс-шаралардың тиісті жол картасын іске асыру жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Ақмола облысында Есіл су реттегішін салу бойынша жобалау сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары аяқталып қалды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов гидротехникалық құрылыстардың жағдайын жақсарту шаралары туралы, көлік министрі Марат Қарабаев жолдарды, көпірлерді және су өткізу құрылыстарын су тасқыны кезеңіне дайындау туралы баяндады. Ал өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысы туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндама жасады.
Премьер-министр өткен жылдың аяғы мен осы жылдың басында ауа райы жауын-шашынды болып, қар көп түскенін атап өтті. «Бүгінде еліміздің шамамен 90% аумағын қар басып жатыр. Мұның барлығы су тасқыны қаупін арттыра түседі», деді ол.
Мәселен, қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді мекендерді су басып, жолдарды шайып кеткен фактілер кездесіп отыр. Сонымен қатар желтоқсан айының ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Су деңгейі 1,5 метрге көтерілді.
«Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін орын алып отыр. Сондықтан өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек», деді Премьер-министр.
Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы қаңтар-ақпан айларында еліміздің барлық өңірінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтіліп отыр.
«Бұған дайын болу керек. Су ресурстары министрлігі осы бастан су қоймаларын толтыру көлемін анықтап, оны тұрақты түрде бақылап отыруы қажет. Көршілес мемлекеттермен су шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіп туралы үзбей ақпарат алмасу керек. Қажет болған жағдайда су қоймаларынан суды алдын ала және қауіпсіз жіберу жөнінде шаралар қабылдануға тиіс», деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр өткен жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінде орын алған су тасқынына елді мекендердің айналасында су бұру каналдарының, арықтардың, бөгеттердің жоқтығы себеп болғанын еске салды. Сондықтан қазірдің өзінде оңтүстік және батыс аймақтар жоғары дайындық режіміне өтуі керек.
Сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың жағдайына ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар нысандарда, коммуналдық және жекеменшік су қоймалары мен бөгеттерде жөндеу жұмыстарын жандандыру керек.
Премьер-министр ақпан айында «Көктем-2024» оқу-жаттығуларын өткізіп, су тасқыны жағдайы қиындаған кезде нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды тапсырды.