• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Қаңтар, 2024

Ауылда оқитын әлем чемпионы арманын айтты

4180 рет
көрсетілді

Толғанай Қасымхан – бокстан әлем чемпионы. Ол өткен жылдың желтоқсан айында Арменияның Ереван қаласында   жасөспірімдер арасында өткен  әлем чемпионатында алтын медаль олжалады. 26 салмақ дәрежесінде (13 салмақ ерлер, 13 салмақта қыздар) ұйымдастырылған әлем чемпионатынан боксшыларымыз 4 алтын, 6 қола медаль иеленді. Міне, осы айтулы додаға   60 кг салмақ дәрежесінде қатысып,  әлемнің тегеурінді  боксшыларын айқын ұтқан шынашақтай қыз ауылда оқиды. Ауылда тұратын әлем чемпионымен телефон арқылы тілдестік.

– Толғанай, әуелі өзіңді өткен жылдың еншісіндегі жарқын жеңісіңмен құттықтаймын.  Алдымен Астана қаласында өткен Азия чемпионатында топ жардың.

– Құрлық чемпионатына әр ел өзінің үміт артқан боксшыларын қосады. Менің салмағымдағы қарсыластардың да барлығы  осал емес, оңайдан  еңкейе қоймайды. Әсіресе финалдық жекпе-жек ауыр соқты. Үндістан елінің боксшымен  алтын медаль үшін айқасқа  шыққанда оның әкілігін, тегеурінді екенін сезіндім.

– Физикалық әлеуеті зор болды ма, әлде...

– Жоға, қара күшке аса бай емес, тек тактикалық дайындығы сұрапыл екен. Раунд сайын сан құбылып, жалт беріп тұзағымнан сытылып шығып кетуге ұмтылды. Бірақ өз елімізде өтіп жатқан додада не бел, не белбеу кетер деп барымды салып, жеңіске жеттім.

– Өткен жылы шыққан биігіңнің шоқтықтысы – әлем чемпионаты. Арменияның астанасында ауылдың  қызы әлемнің үздігі атанды. Қалай өтті дүние додасы?

– Ұйымдастыру жағынан сөз жоқ, жоғары деңгейде өтті. Әлемнің әр қиырынан келген  үздіктердің додасында барымызды салдық. Алғашқы айналымда румын қызын  жеңдім, жартылай финалда грузин боксшысын ығыстырып, финалда ресейлік қарсыласымнан да  басым түстім. Барлық жекпе-жек жеңіл тиген жоқ.  Бапкерлердің шыңдауының нәтижесінде осындай биікке шықтым.  

– Боксты неше жасыңда бастадың? Отбасыңда спортқа қызығатын бауырларың бар ма?

– Отбасымызда бес ағайындымыз. Алдымда үш әпкем және өзімнен кейін бір інім бар. Спортқа өзгелері аса қызыға қойған жоқ, інім әлі бастауыш сыныпта оқиды, мүмкін бірер жылда  қызығушылығы оянатын шығар. Өзім 11 жасымда бокс үйірмесіне жазылдым. Қалқаман Ізбасар, Аида Қожан деген бапкерлердің қоластында  жаттығамын.

– Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияда оқисың. Әдетте әлем чемпиондары облыс орталығындағы, мегаполистердегі спорт мектептерінен қанаттанып шығады. Ал сен ауылда туып, ауылда жүріп те әлем чемпионы атану  мүмкін екенін  дәлелдедің.  

– Біздің Райымбек ауданынан бокстан  шыққан тұңғыш  әлем чемпионы Гаухар Ермекбай әпкеміздің ізін жалғап, сол биікке ат байладым. Сөзіңіздің жаны бар, Гаухар Ермекбай Талдықорған қаласындағы облыстық спорт мектебінде оқып жүріп әлем чемпионы атанды. Еңбек етсең мүмкін емес нәрсе жоқ.  Спорт  мектебінде оқымағаныммен де күнделікті жаттығуды спорт мектебінің  залында жаттығу жүргіземіз.  Түске дейін сабақ оқимын, түстен кейін жаттығуға барамыз. Аптасына бес рет, кейде алты мәрте жаттығуға қатысамын.

– Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов  боксшылардың физикалық әлеуетіне қатысты орынды сын айтты. Раундтан раундқа өткен сайын боксшылар демігіп қалатынын, қаланың аққаптал  балалары екенін сынаған болатын. Ауылда өскен бала расымен шымыр  болмай ма?

– Әрине солай, біз қандай жарысқа қатыссақ та жекпе-жекті таспалап алып соңыра қайталап көріп, кем-кетігімізді бүтіндейміз. Сонда байқағаным, менің соққы жұмсауда, қорғаныста қарсыласқа қарағанда физикалық әлеуетім жоғары екені айқын байқалады. Қолда ұстайтын азын-аулақ  мал бар, әкеме қолғабыс етіп сырттағы шаруаға да араласып кетемін, үйдің де жұмысынан тартынбаймын. Ауылда өскеннің артықшылығы – қимылсыз отырмайсың. Қазір қыс мезгілі ауланың қарын күреуден бастап малды қарауға дейінгі жұмыс адамды шыңдайды, ширақ болуына серпін береді.

– Биыл мектептен түлеп ұшасың. Қандай мамандықты таңдайды әлем чемпионы?

– Биылғы жылдағы басты мақсатым – ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, «Алтын белгімді» абыроймен қорғау.  Келешекте тергеу саласында еңбек еткім келеді.  Бокс мен үшін спорт қана емес,  өнер де. Сондықтан бокстан қол үзбеймін. Спорттың арқасында достықтың өрісі ел шекарасынан да шығандап  кетті. Ереван қаласында өткен әлем чемпиононатында да өзге елдерден дос-құрбы таптық. Ғаламтор арқылы құрбыларыммен  байланысып тұрамыз. Спорт менің ел көріп, танымымды кеңейтуге мүмкіндік беріп келеді.  

– Әйелдер боксының жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгеніне көп болған жоқ, бір мүшел уақыт өтті. Қазақ спортында Олимпиада чемпионы атанатын арулардың көшінен қалың елің өзіңді де іздейтіні сөзсіз. Сарбаздың генерал мундирін киюді көксейтіні секілді, спортшы үшін де Олимпиада алтыны басты мұрат емес пе?

– Дұрыс айтасыз, мен заң саласын таңдағаныммен де спорттан шылбырымды үзбеймін, менің де арманым – Олимпиада ойындарына қатысу, додаға кіріп қана қоймай, жеңіспен оралу. 60 кг  олимпиадалық салмақ екенін білесіз, сондықтан бәсекелестік әлемде орасан, елімізде де оңай емес. Десе де кім көп тер төгіп, аянбай еңбектенсе жеңіс соның уысында деп пайымдаймын.