Ауылда тұрып бүкіл елге мойындалған қазақ жазушылары саусақпен санарлық. Соның бірі – еліміздің қиыр терістігінде туып, ауыл мектебінде мұғалім болып жүріп 31 жасында Алматыдан тұңғыш кітабын шығарған Ермек Қонарбаев. Сол жылдары Алматыдан кітап шығарту түгіл мақаласын орталық басылымдарға бастырту теріскейдегі ағайын үшін оңай шаруа емес еді. Тек мықтының мықтысы ғана мойындалып, шығармашылығына назар аударылатын.
Бүгінгі күні тірі болса Ермек Қонарбаев ағамыз 85 жасқа толатын еді. Ол 1984 жылы 46 жасында өмірден өткен. Жуырда С.Мұқанов кітапханасында жазушыға арналған үлкен кеш болды.
Қазіргі Шал ақын ауданының Көктерек ауылында дүние есігін ашқан ол 1955 жылы көршілес Ленин ауылының мектебін алтын медальмен бітіреді. Сол жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне түседі. Оны жақсы аяқтаған соң өзінің ұшқан ұясына келіп, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Алғашқы оқушыларының бірі, облыстың ардагер ұстазы Зәуреш Қайырбекова сол жылы өзінің 9-сыныпта оқығанын, Ермек Қонарбаев пен Жарасбай Нұрқанов екеуі институттан кейін мектепке бірге келгенін айтты. «Екеуі де сымбатты, білімді, балаларға сыйлы болды. Әсіресе Ермек ағамыз біздің білімімізбен қоса таным көкжиегімізді арттыруға көп еңбек сіңірді. Киноның қалай жасалатынын, оның режиссері, сценарий авторы болатынын алғаш осы ағамыздың аузынан естіп едік. Ол мектепте балалардан ансамбль ұйымдастырды, өзі қызыл аккордеонымен сүйемелдеп, ән айттыратын. Суретшілер туралы да әңгімелер айтып, мектептің бір бөлмесіне олардың картиналарынан көрме ұйымдастырды. «Третьяков галлереясы» дегенді де сол кезде білген едік. Қазір қандай да бір көрмеге барсам Ермек ағай есіме түседі. Ол бізге оқулыққа енгізілмеген Қасым Аманжолов сияқты дауылпаз ақындарды да таныстырып отыратын», деді қарт ұстаз.
Жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов жазушының шығармашылығына тоқталды. «Ермек Қонарбаевтың «Түнгі от», «Жол басы», «Тиек» атты жинақтары көзінің тірісінде «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрді. Оның кейіпкерлері – ауыл тұрғындары, солардың образдары. Оны «ауыл өмірінің жыршысы» деп атаса әбден лайық. Жазушылар одағына өту үшін кепілдемені оған Герольд Бельгер мен Кәкімбек Салықов берген. 1988 жылы жазушы қайтыс болғаннан кейін жұбайы Майкен қаламгердің «Қас қағым сәт» атты кітабын жазушы Сафуан Шаймерденовтің қолдауымен бастырады. Ермек Қонарбаевтың шығармалары «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жиі басылып тұрды. Ол көп жыл бойы облыстық «Ленин туы» газетінің аудандағы меншікті тілшісі болып жұмыс істеді», деді ол.
Басқа да сөйлеушілер, соның ішінде жергілікті жазушылардың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүретін жас журналист Самрат Құскенов Ермек Қонарбаевтың шығармашылығы Ғабдол Сланов, Ғафу Қайырбеков, Сайын Мұратбеков сияқты үлкен жазушылардың аузына ілігіп, олар жақсы пікір білдіргенін айтты. Атақты жазушы Сафуан Шаймерденов оның шығармашылығын Бейімбет Майлинге теңеген екен. Ал әңгіме жанрының шебері Сайын Мұратбеков Ермек Қонарбаевтың көрегендігін, ауыл адамдарының образын ашуға шеберлігін айта келіп, «Мен оның жазғандарына қызыға әрі осыларды мен неғып көрмедім екен деп қызғана қараймын» депті.
Ермек ағамыз мұғалімдікпен қатар жергілікті жастар ұйымының, бастауыш партияның ұйымының жұмыстарына да тартылыпты. Соның ішінде бірнеше жыл бойы Новопокровка орта мектебінде директор болады. Жазушының адамдық болмысы, кішіпейілдігі мен кісілігі, адамгершілігі туралы әңгімелерді немере інісі А.Балтабаев, шәкірті З.Құрманқұлов тағы басқалар айтты. Кешті белгілі әнші Дәстен Баймұқанов әнмен әрлеп отырды. Кеш соңынан жазушының қызы Нұрлыгүл жиналғандарға алғысын білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысы