Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Керекуде алай-дүлей боран соғып, облыс орталығында тұрған 52 млн теңгенің шыршасын құлатып кетті. Дүлей дауылдың салдарынан облыста 117 елді мекен жарықсыз қалып, автожолдардың барлығы жабылды.
Былтыр Павлодар қаласының билігі «шырша жырымен» есте қалған еді. 52 млн теңгеге сатып алынған шыршаның бейнесі көпшілікке ұнамаған. Енді, міне, жаңа шырша Арқаның дүлей дауылына шыдамай құлады. Оның үстіне жуықта 53 млн теңгеге салынған мұз қалашығының біраз бөлігі еріп кетті. Жаңа жыл мейрамын мерекелеуге жергілікті қазынадан жалпы сомасы 185 млн теңге бөлінгені қоғам тарапынан сынға іліккені де мәлім.
«Шырша құлап түскенімен, негізгі конструкциясына зақым келген жоқ. Ол толығымен жиналып, сақтауға жіберілді. Кем-кетігі түзетіліп, келесі жылы қайта құрылатын болады», деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
«Қазгидрометтің» хабарлауынша бұл түні Павлодар облысы аумағында желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 37 метрге дейін жеткен. Салдарынан Павлодар қаласы мен 10 өңірде жарық өшіп, 5 ғимараттың төбе жабындылары ұшып кетті. Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, электр жарығының авариялық ажырауы Павлодар қаласынан бөлек, Аққулы, Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандарында, Екібастұз бен Ақсудың ауылдық аймақтарында байқалды. Жалпы саны 117 елді мекен жарықсыз қалған.
Кеше сағат 17.00-де жөндеу бригадалары 101 елді мекенді жарықпен қамтамасыз етіп үлгергені белгілі болды. Өңірде 65 жөндеу бригадасы күшейтілген режімде жұмыс істеп, 8543 тұтынушыны электр көзіне қосқан. Тағы 930 абонент әлі де қамтылмаған деп хабарланды.
Айтып өтейік, қатты боранда Баянауыл ауданында малшы адасып кетті. Ол сәрсенбі күні кешкілік қара малды қайырып келмек болып шығып, малмен бірге ығып кеткен. 1975 жылғы азамат тек кеше таңертең сағат 10-дар шамасында табылды. Полиция органдары азаматтың дін аман екенін мәлімдеді.
Павлодар облысы