Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін заңсыз жолмен қайта сатып жүргендерге қарсы шараларды барынша күшейтеді. Бұл туралы кеше Алматыда өткен халықаралық автокөлік тасымалы бойынша кеңейтілген кеңесте айтылды.
Қоғамдық пікірді барынша қамту және шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті отандық көлік-логистикалық бизнес және жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдау мәселелері бойынша логистика өкілдерімен арнайы кеңейтілген кеңес ұйымдастырды. Онда салаға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, іс-шара Алматыдағы Логистика және көлік академиясының ғимаратында өтті. Көлік министрінің желтоқсан айында мегаполис тұрғындарымен кездесуінде берген уәдесіне сәйкес Қазақстанның барлық өңірінен тасымалдаушылар әдейілеп шақырылған. Басқосу барысында кәсіпкерлерге, сарапшыларға және салалық қауымдастықтардың (Kazlogistics, KazATO) және «Атамекен» АЭС өкілдеріне қазақстандық тасымалдаушылар арасында шетелдік рұқсат бланкілерін таратудың жаңа тәртібі мұқият таныстырылды.
Тақырыпты талқылау аясында ҚАТТК төрағасы Алтай Әлі нарық қатысушыларын Көлік министрінің «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушысының Шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігін қамтитын «Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен тасымалдауға рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» жобасын қарастыруды ұсынды.
Дайындалған құжатта мемлекеттік орган рұқсат бланкілерін тарату жүйесіндегі еркін бәсекені қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуды шектейтін, яғни, көлеңкелі нарықта бланкілердің жасанды тапшылығын туғызатын мәселелерді толық жояды және оларды қайта сатуға мүмкіндік бермейді.
Шарттың әр тармағына назар салсақ, көлік құралдарының тасымалдау тарихы мен қызметіне шектеулерді алып тастауды, белгілі бір тапсырыс болған жағдайда кез келген отандық тасымалдаушыға бланкілерді беруді, бланкілерді көлеңкелі нарықта қайта сатудың барлық алғышарттарын жоюды, бланкілерді беру туралы шешімдер қабылдау үдерістерінен көліктік бақылау инспекцияларын алып тастауды, сондай-ақ бланкілерді пайдалануды қашықтықтан бақылауды енгізу көзделген.
Келелі кеңесте, сонымен қатар нарық қатысушыларымен халықаралық жүк тасымалдаудың басқа да өзекті мәселелері де ашық талқыланды.