• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қаңтар, 2024

Былтыр 21,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

224 рет
көрсетілді

2023 жылы 21 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 128,3 мың этникалық қазақ оралды. Өткен жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысы (50,3%) Өзбекстаннан, 21,5% – Қытайдан, 10,2% – Моңғолиядан, 9,2% – Түрікменстаннан, 6,8% – Ресейден және 2% басқа елдерден. Осы және басқа да статистикалық мағлұматтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.  

2024 жылғы 1 қантардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30,9%-ды және зейнеткерлер 8,9%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-ы жоғары білімді, 32,4%-ы орта кәсіби білімді, 44,3%-ы жалпы орта білімді, және 8,3%-ының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар түрлі өңірлерге қоныстанған. Сонымен қоса, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер қатарында Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары анықталды.

2024 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 337 қандас көшірілген, аталған цифр 2023 жылға бекітілген квотаға сәйкеседі. Аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшу үшін бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (2023 жылы – 241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК  (2023 жылы – 51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

Былтыр 2126 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Нақты атағанда, 735 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 2126 адам біржолғы субсидия алған, ал 694 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланған.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Естеріңізге салайық, өткен жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі жүзеге асырылған. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Қазіргі уақытта этникалық қазақтардан жаңа форматта 6 203 өтініш  қабылданды.