• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

467 рет
көрсетілді

ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ МОЛ Қаржы вице-министрі Берік ШОЛПАНҚҰЛОВПЕН әңгіме Тендерлік сатып алу әдісінің орнына бүгінде электронды мемлекеттік сатып алу енгізілгендігі белгілі. Жаңа жүйенің артықшылықтары туралы бұрын да газетімізде жарияланған болатын. Соның нәтижесінде қызығушылық танытқандар мен оны қолданушылар саны артып келе жатқандығын ескере отырып, электронды мемлекеттік сатып алу туралы тағы да кеңірек ақпарат бере кетуді жөн көрдік. Қаржы вице-министрі Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ төменде осы мәселелер жөнінде әңгімелейді. – Берік Шолпанқұлұлы, алғашқы сұрағымыз электронды мемлекеттік сатып алуды енгізу не бергендігіне байланысты болмақ? – Бүгінде электронды сатып алуға қызығушылық танытатын­дар көбею үстінде, сондай-ақ оған қатысушылар қатары да уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда жаңа сатып алу жүйесі қандай пайда әкелді немесе не берді дегенге келсек, тіл ұшына ал­дымен оралатын жауап – мем­лекеттік сатып алу рәсімдерін оңай­латудың арқасында оған қа­тысушылар үшін әкімшілік тос­қауылдардың айтарлықтай кемі­ген­дігі. Ал мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларының жемқорлық жасауға жол ашатын, оған бейім жақтары мейлінше азайтылды. Мысалы, жаңа “Мем­лекеттік сатып алу туралы” заңы­на сәйкес биылғы жылдан бастап баға ұсыныстарын сұрату тәсілі­мен жүзеге асырылатын сатып алуларды электронды пішімге міндетті көшіру көзделген. Бұл ретте заңмен баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен тауарларды, жұ­мыстарды, көрсетілетін қызмет­терді сатып алған, сатып алуды веб-портал арқылы жүзеге асыр­ған жағдайда шекті баға ұсыныс­тары (400 АЕК) алып тасталады. Тағы бір пайдасы – заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану нәтижесінде қағазбас­ты­лықты азайтып, мемлекеттік бюджеттің қаржысын елеулі түрде үнемдеуге қол жетіп отырған­дығын баса атап өткім келеді. – Мемлекеттік сатып алу туралы соңғы ақпараттарды қайдан алуға болады? Соңғы тапсырыстар мәліметі мен сатып алу, басқаша айтсақ, қалай жүргізіледі? – Бұл үшін бізде арнайы веб-портал ұйымдастырылған болатын. Сайттың толық атауы – www.goszakup.gov.kz. Бұл веб-порталды Қаржы министрлігінің тапсырмасы бойынша “Зерде” хол­дингіне кіретін Электронды ком­мерция орталығы әзірлеп шықты. 2008 жылдың сәуірінде тәжірибелік пайдалануға енгізіліп, жаңа ақпа­рат­тық жүйеде тапсырыс берушілер мен өнім өндірушілер, өнім жеткі­зушілердің мұқтаждарын біріктіруге бейімделген “Электронды үкімет­тің” жалпы түп қазығының ажыра­мас бөлігі болып табылады. Веб-пор­тал “бір терезе” қағидаты бойын­ша іске асырылады. Мұнда біріншіден, тапсырыс берушілер алдағы сатып алулар туралы ха­барландыруларды, жылдық жоспар­ларды және өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындыларын ор­наластырса, екінші жағынан, әлеует­ті өнім берушілерге бүкіл елімізде болатын алдағы сатып алулар бойынша барынша толық ақпаратты алуға, кез келген сәтте қатысу үшін өтініш беруге, қажет болған жағдай­да, мемлекеттік сатып алу өткізіл­ген­нен кейін олардың қорытындыларын көруге мүмкіндік береді. Жүйеде өткізіле­тін іс-қимылдардың қауіп­сіздігі мен айқындығы электронды-сандық қол қоюды пайдалану арқылы қам­тамасыз етілді. Сайт қолданушы­сында осындай қол қою болған жағ­дайда жүйе оны авто­матты түрде таниды және оларға жаңа сатып алуларға қолжетімділік береді. Бұл функция Ұлттық растау орталығымен бірігу арқылы іске асырылған. – Веб-портал туралы жеткілікті түсіндіріп өттіңіз. Ал енді оны қолданушылардың көрсеткіші туралы не айтар едіңіз? – Бүгінгі таңда портал ең көп қолданылатын қазақстандық интернет-ресурстардың біріне айналып отыр. Онда 2010 жылдың 16 наурызындағы көрсеткішке жүгінсек 48 160 адам, яғни қатысушы тіркелген көрінеді. Оның 19 955-і өнім беруші болып отыр. – Берік Шолпанқұлұлы, веб-порталды пайдалануды көпшілік біле бермесі анық. Немесе электронды мемлекеттік сатып алуды түсінбей жүргендерге үйрету жұмыстары жүргізіле ме? Түсіндіру жұмыста­рымен таныстырып өтсеңіз. – Дұрыс айтасыз. Кейбір ын­талы, әлеуетті тапсырыс берушілер немесе өнім өндірушілер, жеткізу­шілер арасында қалай тіркелуді білмейтіндер болмайды емес, кездесіп жатады. Әсіресе, жергілікті жерлерде, аудандарда ондайлар көбірек. Қаржы министрлігі сатып алудың жаңа жүйесін енгізу бары­сында бастан-аяқ, тұрақты түрде өңірлерге шығып түсіндіру жұмыс­тары мен семинарлар өткізіп келе жатыр. Оған қоса мемлекеттік са­тып алу веб-порталындағы барлық қолданушылар Интернет желісі арқылы қатысушыларды қалай тіркеу жөніндегі нұсқаулықтармен, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысындағы өнім жеткізу­шілер мен ұйымдастырушылардың жұмыстарымен таныса алады. Веб-порталдың жемісті жұмыс жасауы үшін және оның ыңғайлылығын одан әрі арттыру мақсатында техникалық қолдау қызметі ашыл­ды. Портал қолданушылары ол ар­қылы таңғы 09:00-ден бастап кеш­кі 19:00-ге дейін өздерін қызық­тырған сұрақтарға жауап ала алады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ. ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУДЫҢ ҮДЕМЕЛІ ҮЛГІСІ Қоғам дамуының ертеңін айқындаған Елбасының биылғы Жолдауындағы “2020 Стра­тегия­лық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол” бағытымен өңірде жүзеге асырылатын “Биз­нестің жол картасы” бағдар­ламасымен елді индустриялан­дырудағы жұмыс жүйеленген. Аталған сала бойынша облыста жалпы сомасы 60,3 млрд. теңгелік 14 инвестициялық жоба қолға алынса, оның 303 млрд. теңге болатын 2 жобасы республикалық индустрияландыру картасы арқылы жүзеге асырылмақшы. Ал, өңірді индустрияландыру кар­тасына 12 инвестициялық жоба қосылып, жобаларды іске асыруға 57,0 млрд. теңге қаражат жұм­салатындығы айқындалыпты. Үдемелі индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есе­бінен экономиканың тұрақты өсуіне қол жеткізу мақсатындағы үдемелі даму бағытындағы жобалардың алтауы биылғы жартыжылдықта толыққанды іске асырылуы тиіс. Демек, ағымдағы жылы пайдаланылатын жобалар тізіміне жалпы құны 15,3 млрд. теңге болатын сегіз жоба енгізілсе, өткен мерзімде аталған жобаларға тиісті қаржының 8,4 млрд. теңгесі игеріліп, белгіленген мерзімдегі қолға алынған жұмыстардың тиянағы келтірілгенін айтуға болады. Жұмыс ауқымы тиімді жал­ғасқан жағдайда бірінші шілдеге дейін алты жоба толыққанды ел игілігіне ұсынылмақшы. Олардың қатарында Алматы шаһарының айналасында азық-түлік белдеуін құруға қатысты Текелідегі көлемі 3,65 гектар “Green House – Зеленый дом” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай құрылысы бар. Мұнда құрылыс жүргізу мен құрастыру жұмыстары аяқталып, қажетті жабдықтар толық жеткізіліп, жұмысты бастау үшін бәрі дайын. Осыған қо­сымша майбұршақтан май шығаратын зауытты пайдалануға беру бағытындағы соңғы жұмыстар аяқталып, Балпық би кентіндегі өндіріс іске қосылып, алғашқы өнім тұтынушыға жол тартты. Ал, сүт өнімдері өндірісін іске қосу жұмыстары толық бітіп, жұмыс­шылар соңғы сынақтан өткізу, тұтынушыны экологиялық жағы­нан таза сүт өнімдерімен қам­тама­сыз ету жақын күндері жал­ғасты­рылмақшы. Жұмысшылар арнайы дайындықтан өтіп, зауыт өніміне деген сұранысты қана­ғаттандыруға күш-мүмкіндікті жұмылдыру үшін қарбалас тірлік кешуде. Ел игілігіне ұсынылатын жо­балардың  қатарында Жамбыл ауданы, Қопа стансасындағы та­биғи тастарды өңдейтін “TASKOM KZ” зауыт құрылысы бар. Нысан техникалық жағынан са­уатты жа­салып, жұмысын бас­тау­ға әзірлігін көрсетсе, мұнда шикізат көзі жеткілікті. Аталған жо­ба­лардағы құ­рылыс ғи­ма­рат­тарының ай­­на­ласын көріктендіру, абат­тан­дыру жұмыстары да жал­ғас­тырылуда. Жетісу жеріндегі экономикалық дамуға өзіндік үлесі бар Еңбек­шіқазақ ауданындағы инфузионды ерітінділерге арналған бір реттік жүйе өндірісіндегі құрастыру жұмыстары тәмамдалса, Қаратал өзеніндегі су электр стансасының құрылысы шілде айында тә­мамдалып, тұтынушы игілігіне ұсынуға күш-мүмкіндік жұмыл­дырылған. Өңірдің экономикалық дамуында ерекше орны бар аталған жобалар  бойынша жүздеген жұмыс орындары ашылып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына оң ықпал ететіндігімен ерекше­ленетінін айтқан жөн. Құнды жобалардың қатары мұнымен шектелмей, Талғар ау­данында “ЮСКО Логистикс Ин­тернешнл” көп салалы логис­тикалық кешені мен “Илно Групп” иілген болат профильдер өндірісі зауыттарын екінші жартыжылдықта пайдалануға беру үшін жұмыс жалғасып, құрал-жабдықтармен қамту жайы да қатар атқарылуда. Халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатындағы республикалық индустрияландыру картасы ау­қымында 8 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда да жоспарлы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Оның төртеуі бірер жыл бұрын басталса, қазіргі кезде “Қорғас” шекара маңы халық­аралық ынтымақтастық орталығы, Балқаш ауданындағы “Өтес Био Азия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңы мен Қорғас-Жетіген темір жол желісін айтуға болады. Экономиканы әртараптандыру бағытындағы Балқаш жылу, Мой­нақ су электр стансалары мен Алматы-Қорғас автожолы, “Алма” 500 кВ қосалқы станса жұмыстары  еңбек өнімділігі мен ел экономи­касының кешенді да­муындағы маңызды нысандар екені даусыз. Балқаш жылу электр стансасының құрылысы биыл басталатынын ескерсек, Жетісу жеріндегі индустрияландыру картасындағы маңызды бағыт­тардың тиімділігін көруге болады. Аталған нысандар бойынша жобалардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, жұртшылық оған сеніммен қарауда. Демек, “Жол картасы” бағдар­ламасы елдің индустриялық да­муына жаңа мүмкіндіктер туғызып отырғанын көреміз. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.