Қаржы министрлігі 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың түсімдері және оны пайдалану туралы есепті жариялады. 2023 жылы қорға 6,41 трлн теңге түскен, оның 4,56 триллионы – мұнай секторынан тікелей түскен табыс. 1,82 трлн теңге – инвестициялық кіріс. 4,07 трлн теңге трансферт есебінде пайдаланылған.
Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, бұл ретте Қаржы министрлігі 2023 жылдың соңғы үш айында «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан аударылған 1,3 трлн теңге туралы ләм-мим демейді.
«Бұл маңызды, өйткені қаражат экономикаға бағытталды, нақтылағанда бюджетке осы акциялардың бұрынғы иесі «Самұрық-Қазынаның» дивидендтері арқылы түсті. ҚМГ ұлттық компаниясы KASE биржасына 2023 жылғы 22 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» қорының Қаржы министрлігінің пайдасына 23 466 133 акцияларын берген мүдделі тараппен мәміле жасалғаны туралы хабарлады. Мәміленің жалпы сомасы – 249,9 млрд теңге, ал бір акцияның бағасы 10 653,65 болды. ҚМГ акциялары бойынша жабылу бағасы 22 желтоқсанда KASE биржасында 11 540-ты құрағанын ескерсек, нарықтық бағаға дисконт 7,7 пайызды құрады деп айтуға болады. Осылайша, «Самұрық-Қазына» АҚ қорының ҚМГ акцияларын иеленуінің жаңа үлесі 71,27 пайыздан 67,42 пайызға дейін төмендеді. Тиісінше, Қаржы министрлігінің жаңа үлесі 20 пайызға дейін өсті», дейді сарапшы.
Айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорының Ұлттық қордағы ҚМГ акцияларын Қаржы министрлігіне сатуы арқылы мемлекеттік бюджетке ақша түсіруі – осы тұтас схемадағы атап өтуге болатын жалғыз оң нәрсе. Енді 20 пайыз көлеміндегі акцияларға иелік ету Қаржы министрлігіне дивидендтерді тікелей алу құқығын береді.
«Алайда тұтастай алғанда, бұл схематоз компания акционерлеріне қатысты өрескел бұзушылық болып саналады, өйткені қор акцияларды нарықтық емес және дисконттық бағамен сатады.
Бұған қоса, осы схема барысында бюджет тапшылығын жабу үшін болашақ ұрпақтың ақшасы Ұлттық қордан алынады. Ал Ұлттық Банк биржада шетелдік валютаны сатып, ұлттық валютаны жасанды түрде нығайта түседі», дейді Tengenomika телеграм арнасының авторы.
Шын мәнінде, 2023 жылы пайдаланылған Ұлттық қор ақшасының жалпы көлемі – 5,3 трлн теңге. Бұл Ұлттық қорға мұнай секторынан түскен 4,5 трлн теңге мөлшеріндегі тікелей түсімнен едәуір көп (инвестициялық табысты есепке алмағанда). Бұл ретте жақсы деңгейде қалыптасып отырған инвестициялық табыс үшін қуануға болады дейді сарапшылар. Өйткені биылдан бастап инвестициялық табыстың 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар үшін жиналады.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың есептеуінше, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының игілігін ел бойынша 18-ге толмаған 6,5 млн бала көреді және олардың шотына биылдың өзінде 300 доллардай қаражат түседі (әрқайсысына).
«Биыл Ұлттық қор түсімі рекордтық деңгейде болды: 6,4 трлн теңге. Бұған үш тоқсанның қорытындысы бойынша 1,8 трлн теңге көлемінде түскен инвестициялық табыс себеп. Әлі төртінші тоқсанның да нәтижесі шығады. Егер инвестициялық кірістілік өзгермесе, онда 18 жасқа дейінгі 6,5 млн бала осы жылы өз шоттарына 300 доллар алады. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Ұлттық қор активі 29,1 трлн теңгені немесе 63,3 млрд долларды құрады», дейді сарапшы.