Атырау облысында 63 жастағы ер адам өзін-өзі өртеп жіберді. Соның салдарынан денесінің 81 пайызын күйік шалды, деп хабарлайды Egemen.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға Мақат ауданында болған.
«Мақат аудандық полиция бөліміне Доссор кентінің Б.Аймағамбетов көшесіндегі тұрғын үйдің жанында ер адамның өртенгені туралы хабар түсті. Полиция қызметкерлері 1961 жылы туған ер адам өзін-өзі өртегенін анықтады», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, өзіне өрт қойған ер адам биыл зейнет жасына толады екен. Бірақ оның мұндай оқыс қадамға не үшін барғаны белгісіз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, өзін-өзі өртеген адам 14 қаңтарда кешкі сағат 20:15-те Атырау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне жеткізілген.
«Дәрігерлер ер адамның денсаулық жағдайын жіті тексерді. Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр, денесінің 81 пайызын жоғары күйік шалған», деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.