Атырау облысында 7-10 қаңтар аралығында қар құрсауында қалған 15 жағдай орын алды. Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары қиындыққа тап болғандардың бәрін құтқарды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, алғашқы шақыру Индер ауданынан түскен. Аудан орталығы – Индербор кентінен үш адам мал іздеуге шыққан. Алайда олар кері оралмаған.
«Мал іздеуге шыққан үш адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы 9 қаңтарда сағат 23:05-те хабар келіп түсті. Осыған байланысты Индер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкеркерлері жедел іздестіру-құтқару жұмыстарына тартылды. Жоғалған 1977, 1984 және 1990 жылғы үш жігіт сол күні сағат 08:00-де «Toyota Land Cruiser-100» маркалы автокөлікпен Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы, Жанама ауылына қарай мал іздеуге шыққан. Алайда олар кері оралмаған, байланысқа шықпаған», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Далада қалған үш адамды іздеу 10 қаңтарда сәтті аяқталды. Таңғы сағат 05:20 шамасында жоғалған адамдар «Аю» қыстағының маңынан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. «Аю» қыстағы Индербор кентінен 35 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ал Мақат ауданынан үш жігіт 9 қаңтарда Мақат ауданындағы Доссор кентінен жолға шыққан. Бірақ олар Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылына жете алмаған.
«Туыстарынан жігіттердің жоғалғаны туралы хабар 10 қаңтарда сағат 00:00-де түсті. Содан бері оларды іздеу тоқтатылған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 11 қаңтарда сағат 03:20-да хабар-ошарсыз кеткен жігіттерді Қызылқоға ауданындағы «Аразмола» уческесінен тапты. Олар Доссор кентінен аталған учаскеге дейін 120 шақырым жол жүрген. Бірақ жолда көлік батып, байланысқа шыға алмаған», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қар құрсауында қалса да көмек келерінен үміт үзбеген жігіттердің үлкені – 39-да, екіншісі 37 жаста болса, кішісі 1996 жылы туған. Жолаушылардың көлігі батқан Қызылқоға ауданында қыс қаһарына мініп тұр. Ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендеген, далада жаяу бұрқасын бар. Желдің екпіні – секундуына 15-20 метр.
«Ауа райының осындай қолайсыздығына қарамастан төтеншеліктер іздеу жұмысын тоқтатқан жоқ. «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағымен әуеден барлау жүргізілді. Құтқарушылармен бірге полиция қызметкерлері мен еріктілерден және туыстарынан құралған үш топ елді мекендерді, қыстақтарды, далалық жолдың қалтарсы тұсын жіті шолып, күні-түні іздеуді жалғастырды», деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Ал 11 қаңтарда сағат 12:07-де Мақат ауданының тұрғыны №8 Өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне хабарласып, жолда қалғанын айтқан. Екі ер адам Белқұдық елді мекеніне бағыт алғанымен, көлік қарға батып қалған.
«Мақат кентінен 25 шақырым қашықтағы Белқұдық елді мекенінің тұсында «Toyota» көлігінің батып қалғаны анықталды. Көліктегі 1956 және 1969 жылғы екі азамат қауіпсіз жерге эвакуацияланды» деп ақпарат таратты департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Атырау облысы