Биыл Солтүстік Қазақстанда қар қалың. Өткен жылдың аяғында бір аптадай 40-45 градустық қатты аяз тұрды, одан жылымық болып, қар еріп, тіпті жаңбыр жауып, арты көктайғаққа айналды. Жаңа жыл басталғалы аймақта ауа райы тұрақталып, 15-20 градус аязды көрсетіп тұр. Есесіне күнде дерлік қар жауады. Тазалаушылар жолды қардан аршып үлгере алмай, қаладан шығатын күре жолдар күн ара жабылып жатады.
Жолдың қиындығы тазалаушы фирмалармен қатар жергілікті полиция қызметкерлерінің қызметін де «қыздырып» тұр. Тәртіп сақшылары күніне сан қайтара омбы қарда тұрып қалған көлік жүргізушілеріне көмектесуден әбден шаршаған. Әсіресе, ауыл арасындағы жолдардың қатері жоғары. Мұндағы жолдар жабылмағандықтан қардың қалыңдығына, боран басып қалатын жерлердің молдығына қарамай, жолға шығып кетушілер көп. Мәселен, өткен жексенбіде Мамлют ауданындағы Дубровное ауылының сыртынан өтетін жолда бірден бірнеше көлік қар құрсауында қалған. Жергілікті тұрғындардың бірі өзіне хабарласқаннан кейін учаскелік полиция инспекторы Әлібек Өсіпов атқа қонып, жолаушыларды құтқару үшін «ҚазАвтоЖол» тракторларын көмекке шақырады. Инспектор дер кезінде шақырған трактор қар құрсауында қалған участокты аршып, 20 градустық суықта тістері тісіне тимей тоңа бастаған адамдар құтқарылды. Аман қалған тұрғындар тіпті алғысқа толы бейнекөріністерін ПД басшылығына жіберіп те үлгерген. Онда: «Үш сағат бойы жолда тұрдық, әйтеуір дер кезінде көмекке шақырған полиция қызметкерінің арқасында техника келді. Әлібекке рахмет!», деп жазылған.
Осындай құтқару оқиғаларының бірі Қызылжар ауданында да болды. Мұнда учаскелік инспектор Ақыл Байтеңізов өзінің қызметтік «Нивасымен» «Тепличное» ауылының тұсында қарға батып тұрған Петропавл қаласы тұрғынының «ГАЗель» автокөлігін сүйреп шығарған. Тағы бір учаскелік полиция инспекторы Бахтияр Амангелдиев Архангельское ауылына ата-аналарына демалысқа бара жатқан жас отбасының көлігін қалың қарды қазып, алып шығуға көмектесті. Ішінде жас баласы бар отбасының да тәртіп сақшысына айтар алғысы шексіз.
Ал учаскелік инспектор Жамбыл Оралбаев Соколовка ауылы тұрғынының қарда батып қалған «ВАЗ»-ын өз көлігімен тартып шығара алмаған соң «Нивасы» бар көршілес Виноградовка ауылының тұрғыны Андрей Пантюховты көмекке шақырып, соның арқасында жолаушыларды суықтан аман алып қалған. Ал Ресейдің Сургут қаласынан «Петропавл – Астана» жолымен үйіне келе жатқан жүргізушінің жолдан шығып кеткен «Хонда» автокөлігін шығарып алу үшін полиция қызметкерлері Тамерлан Тастанбек пен Хамит Сәдуақасовқа жергілікті шаруа қожалығының директоры Виктор Рединнің тракторын шақыртуға тура келген.
«Hyundai» көлігімен қасына екі ересек баласын алып, Көкшетау қаласына бара жатқан Ресей азаматын да сақшылар жолдың 346-шақырымында ажалдан құтқарды. Көктайғақта рөлге ие бола алмай қалған ресейлік жолдан 10 метрдей жерге ұшып кетіп, қалың қарда омбылап қалған екен. Жолаушыларды облыстық ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Евгений Вишневский мен Алтынбек Омаров қосымша көлік шақыртып, құтқарды.
Қазір өңірдегі күре жолдарда мұндай оқиғалар күн сайын тіркеліп жатыр. Мысалға келтіргеніміз тек бірнешеуі ғана. Осыған орай полиция қызметкерлері жүргізушілерді автомобиль жолдарының жабылуы туралы хабарламаларды бақылап отыруға, қысқы жолдарда өте мұқият болуға шақырады. Бірақ желдей ескен көлікпен тез жетіп қаламын деп ойлайтын жауапсыз жолаушылар құзырлы органдардың ескертпелерін қастық қылғандай көріп, қашып-пысып жолға шығып жатады. Мұндай асығыстықтың ақыры полиция қызметкерлері болмаса, кейде үлкен трагедиямен де аяқталып жатады.
Солтүстік Қазақстан облысы