Күллі әлем көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қыркүйек айының 8-14 күндері аралығында Астанада өтеді. 100-ден астам елден 4000-ға жуық спортшы қатысып, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді. Ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту секілді ойынның 20 түрінен жарыс және ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің Telegram парақшасына сілтеме жасап.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы 10 мың адамдық «Қазанат» ипподромында өтетіні жоспарланған. «Қазанат» ипподромы аумағында «Көшпенділер әлемі» этноауылы құрылады.
Бір күнде 30 мың келушіні қабылдайтын этноауылда Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны – «ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ».