• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Қаңтар, 2024

Жаңа құралдың мүмкіндігі

109 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен Павлодардағы перинаталдық орталыққа ретиналды камера сатып алынды. Қондырғы өңірдегі жаңа туған сәбилердің көру қабілеті бойынша мүгедектігін төмендетуге мүмкіндік береді.

Ретиналды камера «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландырумен сатып алынған. «Біз берген ретинал­ды камераның көмегімен енді жүздеген сәбиді мүгедектіктен құтқарып қалуға болады. Шала туған нәрестелердің көзін тексеріп, дәл уақытында диагноз қоюға мүмкіндік береді. Ба­лалардың денсаулығына қатысты өңірлік жобаларды қолдау – маңыз­ды басымдықтардың бірі», деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Павлодар облысында жыл сайын 10 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Өңірде кейінгі бір жылда 763 сәби мерзімінен бұрын туған. Мұндай балалардың 40 пайызына «ретинопатия», яғни көру қабілетінің толық жоғалуына әкеп соқтыратын ауыр диагноз қойылады. Дәрігерлер перзентханада неонаталдық оф­таль­мологияның қалыптасуына көмектескені үшін «Samruk-Kazyna Trust» қорына зор ризашылығын білдірді.

«Жаңа туған нәрестелердің ретинопатиясы» жобасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Аяла» қайы­рымдылық қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. 2021 жылдың мамыр айынан 2023 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта автоматты гипотермия жабдықтарының 6 аппараты арқылы 70-ке жуық жаңа туған нәресте құтқарылған.

Айтып өтейік, биыл сәуір айында «Қазақстан халқына» қо­ры «Шала туған нәрестелерге офталь­мологиялық скрининг жүргізу және ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықтармен медициналық ұйым­дарды қамтамасыз ету» қайы­рымдылық бағдарламасы аясын­да Павлодар облыстық №1 пери­наталдық орталығын жалпы сомасы 33,5 млн теңгеге диагностикалық асфералық линзалармен және оф­тальмологиялық лазермен жаб­дықтаған. Медициналық ұйымға жабдықтарды жеткізу мамандарды оқытумен қатар жүрді. Оф­таль­мологиялық жабдық шала туған нәрестелердің көру қабілетінің бұ­зылуын (ретинопатия) анықтауға, уақтылы емдеуге және алдын алуға мүмкіндік береді.

Ақ желеңділердің айтуын­ша, Қазақстан өңірлеріндегі меди­циналық ұйымның көпшілігінде офтальмологиялық скринингке арналған жабдық жетіспейді. 2022 жылы елімізде дене салмағы 2 500 грамнан аз 20 мыңнан аса нәресте дүниеге келсе, соның 5 мыңға жуығында ретинопатияның даму қаупі жоғары болғаны тіркеліпті.

 

Павлодар облысы