• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 19 Қаңтар, 2024

Әлем турисін лайықты тарта аламыз ба?

133 рет
көрсетілді

Еліміздегі туризмді табысты салаға айналдыруға талпынғанымызбен, алға ұм­тылған қадамды ілгері бастырмай тұрған сан түйіннің күрмеуі шешілер емес.

Жан жадыратар жақсылығы мол жазғы маусымның табысты екені рас. Жолбарыс жонды шоқылар мен ит тұм­сығы өтпейтін орман-тоғай ақ көрпесін жамылған қысқы маусымның сан алуа­н қызығы да көңіл арбап, тамсандырып, сүйсіндіріп тұрар-ақ еді. Щучье – Бурабай және Зеренді аймағында қысқы туризмді серпінді дамытатын мүмкіндік мол. Бірқатар демалыс орындары қысқы маусымда да алыс-жақыннан келген демалушыларды құшақ жая қарсы алып, заман талабына сай қызмет көрсетуге қамданған. Шаңғымен серуендеу ба­ғыттары ұйымдастырылып, жалға шаңғы, коньки тәрізді қажетті құралдар беру қолға алынған. Кәсіби шаңғышылар «Елікті парк», «Нұртау», «Ақжелкен» тә­різді демалыс орындарындағы арнайы жабдықталған шаңғы жолының қызығын көре алады. Ал Бурабай бау­райындағы «Бурабай Лэнд» паркінде ат шанамен, ит шанамен серуендеп, қар басқан қыраттардың қатпар-қатпарында бұғып жатқан құпия әлемнің қызығына көңілі тояттар еді. Ересектермен қатар балалардың да жағдайы жасалып жатыр. «Санта резиденциясында» кішкентай туристерді қарсы алуға біршама жақсы жағдайлар жасалған. Әр жыл сайын балалардың кешеніне мыңдаған қонақ келеді. Щучинск қаласындағы Олимпиада орталығында халықаралық деңгейдегі кәсіби спортшылардың жиырмаға жуық жарысы өткізіледі. Астана қаласының іргесінде де қысқы туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Аршалы ауда­нындағы «Бейбарыс», Ақкөл ауда­нындағы «Shar Zhum» демалыс орталықтарында кірпияз қонақтардың көңі­лінен шығатын дайындық бар. Осы орайда жалпы туризмнің жағдайы туралы сыналап айта кеткен ләзім. Күрмеуі күрделі мәселелер де бар екенін жасыра алмасақ керек.

– Отандық туризмнің шет елдің осы саласымен бәсекелестікке түсу қабілеті әлі де төмен, – дейді туризмді тұ­рақты дамыту саласының сарапшы­сы, Қазақстан Республикасының құрметті туризм қызметкері, профессор Шынарбек Батырханов. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің туристік әлеуетіне тоқталып, бұл салада жұмыс ақсап тұрғанын сын­ға алған еді. Айтса айтқандай, қолда барды құнттап, кәдеге асыра алмай жатқанымыз да шындық. Ақтауда өткен үлкен форумда еліміздегі туризм саласын ілгерілету бағытында ауқымды жобалар ұсынылды. Әйтсе де осындай қаншама жоба жүзеге аспай, аяқсыз қалып жатады. Қазіргі таңда алыс-жақын шетелден келетін туристердің көңілінен шыға аламыз деп айту артық. Мәселен, демалыс аймақтарында қарапайым қоқысқа арналған контейнерлер жетіспейді, жолдың жайы да белгілі. Миллиондаған адам келген соң жақұттай жарқыраған табиғат аясы күтімсіз қалып, қоқыс басып жатқаны сан мәрте айтылды. Алдағы уақытта бұл жайларды тәртіпке келтіру үшін қайталанбас табиғат аясындағы тазалықты үнемі назарда ұстауымыз керек. Жаз және күз айларындағы жалпы республикалық «Таза жағалау» акциясының өткізілуіне мән берілгені жөн. Акция барысында жалғыз-ақ туған табиғаттың аясын тазалау ғана емес, өскелең ұрпақтың көкірегіне ел мен жерді қадірлейтін ғажайып сезімдерді ұялатып, тағылымды тәрбие беруге болар еді. Олар да таңғажайып табиғаттың көркем суретіне көз суарып, көкірегінде ай дидарлы сырлы әлемді уыз қалпында сақтауды үйренер еді. Бұл – біле бергенге үлкен мәселе. Жасырмай айтатын бір жай – кейінгі жылдары Бурабай баурайының көлдері жағалаудан шегініп барады. Күміс толқындары күн нұрымен шағылысқан Айнакөл де, балығы тайдай тулаған Шортан көлінің де кенересі кеміген. Бурабай көлдерінің жағалауында салынған жекеменшік демалыс және сауықтыру орындары сыңсып тұр. Қаптаған құрылыс көлге құйылатын қар суының жолын жауып, бұлақ көзін бітеп тастады. Көлге құйылатын су болмағаннан кейін ақ айдын жағалаудан қашып барады. Кішкентай бұлақтар тұрмақ, екпіні үй жыққандай Сарқырама да, Сарыбұлақ өзені де тартылып қалған. Щучинск қаласы ұзақ жылдар бойы техникалық суды осы көлдерден алып келді. «Ала берсе, қар да таусылады» де­мекші, сеп болар тамшы қосылмаған соң күміс көлдердің күйі де күн санап кетіп барады.

– Ақпарат құралдарында жыл сайын облысқа миллионнан артық турист келеді деген деректер жазылып жатады. Әрине, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, табыс тапқан дұрыс шығар. Бірақ келер ұрпаққа не қалдырамыз, оны да ойластырған жөн, – дейді ел ағасы Жасболат Қойбағаров. – Мың сан адамды қарсы алу үшін табиғатқа зиян келмейтін жағын күні бұрын ойластырған жөн. Қалай болған күнде де қалың нөпірдің табаны тоздырмай қоя ма? Қазіргі жұрт Бурабайды бұрынғы аспандап тұрған атағына келетін тәрізді, әйтпесе тоз-тозы шыққан тулаққа ұқсап бара жатыр.

Елге жаны ашитын адамның пікірінде қисын бар тәрізді. Шынында да шартараптан жиналған мыңдаған адамды мінсіз қарсы алу үшін бүге-шігесіне дейін есептеліп, әбден иін қандыра ойлаған дайындық болуы керек-ақ. Қазіргі күні белгіленбеген жерге қоқыс тастағандарға айыппұл салынады. Әйткенмен әр қарағайдың түбіне бір күзетші қоя алмайсың. Күзетші адамның өзінің жүрегіндегі тамаша табиғатқа деген перзенттік махаббаты болуы керек. Бәлкім, сонда ғана бұла табиғатты саф күйінде сақтап қалуға болар. Түптеп тізгенге туризм саласындағы түйткіл шаш-­етектен. Туристердің көлігі мен қоғамдық тамақтандыруы, қарсы алу мәселелерінде де олқылықтар бар.

Профессор Ш.Батырхановтың пікі­рінше, жергілікті жерлерде шетелдік қонақтарды қарсы алуға басымдық берілгені дұрыс. Ол әуежайлар мен теміржол вокзалдарынан басталады. Меймандар нөпірін қарсы алған кезде оларға қажетті ақпаратты үш тілде бере алатын деңгейге жеткеніміз жөн. Ендігі бір мәселе – жергілікті жерлердегі туризм басқармаларының құрылымдық деңгейі. Қазіргі күні бұл жай бір ретке келтірілмеген. Мәселен, кейбір өңірлерде экономика, енді бір өңірлерде кәсіпкерлік басқармаларына берілсе, енді бір жерлерде мәдениет пен спорт басқармаларына қосылған. Бір сөзбен айтқанда, бір жүйеге келтірілмеген. Бәлкім берекесіздік басы осы жерден басталатын шығар.

– Туризм және спорт министрлігі Парламентке саланың кадр саясаты жөнінде ұсыныс енгізуі керек. Туризм саласын дамытуды жылдамдату үшін «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының жұмыс жүйесін қайта қарастырған ләзім. Сонда ғана туризм табысты салаға айналады. Әйтпесе, тым жақсы жобалар бар, бірақ алақайлап басталғанымен, соңы сұйылып кетеді, – дейді Ш.Батырханов. – Мәселен, алысқа бармай-ақ Бурабай баурайында өтетін халықаралық бард фестивалін алайықшы. Аталған өнер сайысының ұйымдастырылғанына – 20 жылға жуық. Мұндай жақсы жобалар әрбір өңірде бар. Тек соларды тиімді жүзеге асырған жөн. Менің түсінігімде кейбір жобалардың аяқсыз қалу себебі де белгілі. Бірінші олқылық мекеме аралық үйлестіру жетімсіз. Орталықта да, жергілікті жерде де. Мәселен, мәдениет пен спорт салаларының кең ауқымды жақсы жобалары көп. Әйтсе де, туризм саласының қызметкерлері мұндай жақсы жаңалықтар туралы хабардар бола бермейді. Сондықтан да ел ішіндегі турис­тер мен алыс-жақын шетелдерден келетін меймандарға ақпарат жеткізілмейді. Егер елдің елдігін танытатын, жақсылығын жарқыратып көрсететін жоба болса, оны неге туристердің назарына ұсынбасқа? Біз өз еліміздің баға жетпес рухани байлығын насихаттау мүмкіндігіне ие болар едік қой әрі «ел құлағы елу» демекші, қазақ то­пырағында өтіп жатқан тағылымды, өне­гелі шаралар туралы төрткүл дүние тегіс демесек те, қыруар жұрт құлақтанар еді.

Қысқы туризм тақырыбын қаузағанда, осы саланың қордаланып қалған бірқатар мәселесі менмұндалап шыға келді. Шынында да айтылған пікірлердің жаны бар. Туризмді табыс көзіне айналдырумен қатар, ел ертеңін, оның ішінде табиғаттың тамаша байлығының айдынына кіреуке түсірмей, саф қалпында сақтауымыз керек. Бәлкім, ең бастысы осы шығар.

 

Ақмола облысы