Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты 7 ауылда мұқтаж тұрғындар баспанаға ие болды. Ал Ақжайық ауданы орталығында 24 пәтерлік үй салынып, ауылдарда да бірнеше отбасы үйлі болды.
17 қаңтар күні Қазталов, Жалпақтал, Жаңажол, Болашақ, Талдықұдық, Қараөзен, Қошанкөл ауылдарынан 22 тұрғын үй жаңа иесін тапты. Бұл үйлер аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы кезекте тұрған тұрғындарға берілді. 22 пәтердің 18-і – жекелерден сатып алынған, ал 4-еуі жаңадан салынған.
Бұл қуанышты жағдай халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлер сатып алу үшін республикалық бюджеттен бөлінген 192 млн теңге қаражаттың есебінен жүзеге асты.
– Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерді дамыту, ауылдық елді мекендерді гүлдендіру мақсатында бірқатар бағдарлама жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде бүгін тұрғын үй кезегінде 4 санат бойынша тұрған 22 отбасына жаңа баспана беріп отырмыз. Бүгінгі пәтер иелерін қуанышымен құттықтаймын! Жаңа баспана татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! – деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.
2020-2025 жылдарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде коммуналдық тұрғын үйін салу және реконструкциялау мақсатта қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру ісі Ақжайық ауданында да жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Осының дәлеліндей аудан орталығында үш қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Бұған қоса Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес республикалық бюджет есебінен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерін сатып алу бағдарламасы аясында ауылдық округтер бойынша 12 тұрғын үй пәтері пайдалануға берілді.
Батыс Қазақстан облысы