• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қаңтар, 2024

Коллекционер

299 рет
көрсетілді

Ақсу қаласының тұрғыны Ерғанат Ахметовті жергілікті жұрт коллекционер ретінде жақсы таниды. Отағасы көне заттарды жинағанды ұнатады. Үйінде ескі теледидарлар мен радиоқабылдағыштар, күйтабақ ойнатқыштар мен магнитофондар, фотоаппараттар, толып жатқан түрлі тұрмыстық заттар сақталған.

Көнеге қамқорлық Ерғанат Ахметов­ке нағашыларынан дарыған дерсіз. Себебі нағашы жұрты ескі заттарды лақ­тырмай, сақтап қалғанды жөн көрген екен. Коллекционердің үйіне бас сұқ­саңыз, өткен ғасырдағы адамдардың тіршілігіне тап болғандай күй кешесіз.

Коллекционердің үйіндегі ең көне зат – шамамен 1700-жылдары шыға­рылған оттық. Ішіне тамызыққа арналған құрғақ шөп салып қоюға арналған көне былғары бұйымның екінші жағында темір кесегі орнатылған. Ертеде адамдар әлгі оттықпен тасты үйкелеп, одан пайда болған ұшқыннан құрғақ шөпті тұтатқан. Еуропалық мәнерде жасалғаны көрініп тұр.

Тағы бір көне зат,  1918 жылы шыға­рылған, ең алғашқы қалтаға салатын Kodak маркалы фотоаппарат. Мұны ағасының досы Нидерландтан арнайы беріп жіберіпті. Есте жоқ ерте замандарда шығарылған бұйымдардың қатарына ХІХ ғасырда жасалған күміс қасықты,  ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шахтерлер кеңінен пайдаланған карбидті шамды қосуға болады. Бұл шамның ыдысына кәдімгі карбид салынып, үстіне су құйылған. Одан реакция пайда болып, бөлінген газ кәдімгі жарық шығарып тұрған.

Күміс қасықты Ерғанат ағаның анасы Марксиана Ескендірованың әже­сі қолданған екен. Анасы ғұмыр бойы мұ­ғалімдік етіп, жас ұрпақты тәрбие­леген, бүгінде жасы тоқсаннан асып отыр.

– Ескі заттарға деген қызығушылығым сонау 90-жылдардың ортасынан бастап оянды. Ол кезде Май ауданында тұрдық. Күресінге лақтырылған ескі теледидар, радиоқабылдағыштарды үйге алып келіп, тазартып, сақтап қоятын­мын. Менің бұл хоббиімді байқаған ауылдастарым көне тұрмыстық заттарды бірінен соң бірі әкеле бастады. Көптігі сондай, кейін тіпті оларды қабылдамай қойдым. Тек бүтіндерін ғана алатынмын, – деп жымияды Ерғанат Әлмырзаұлы.

Мұнда сонау 60-жылдары Минс­­кі­де құрастырылған, салмағы 38 килограм болатын «Беларусь 110» теледидары да жақсы сақталыпты. Бұл – теледидар ғана емес, радиоқабылдағышы мен күйтабақ ойнатқышы бар ерекше құрал. Ерекшелігі сол, дыбысы мен экран жары­ғын реттеуге арналған қашықтан басқару пульті де бар. Сол уақытта мұндай теледидарлар 432 сом тұрған екен.

Радиоқабылдағыштың ең көнеле­рінің бірі – Латвияда шығарылып, КСРО-да танымал болған «Ригондо Мо­но», 1965 жылы жасалған. Бұдан бас­қа сонау 60-70, тіпті 50-жыл­дары құрастырылған «Родина-52», «Балтика-М254», «Ленинград-315», «Исеть» радиоқабылдағыштары да бар. Алғашқы кеңестік калькуляторлар, ескі телефон аппараттары мен көне сағаттар, шоқ салып қыздыратын үтіктер жақсы сақталған. Кейбір тұрмыстық заттар әлі күнге дейін іске жарамды. Қазіргі селекторлық телефон байланысының алғашқы үлгілерінің бірі – «КД-6» телефон аппаратын да байқадық. Кеңес одағы тұсында кеңшарлар мен бөлімше басшыларының арасында танымал болған байланыс құралы сонау 1978 жылы шығарылған. Бұл құрал арқылы 6 адам бір уақытта сөйлесе алыпты.

Кеңес өкіметінде ең көп шығарылған «Рекорд 312» лампалы теледидары, «Эврика» магнитофоны, «Концертный» күйтабақ ойнатқышы 70-жылдар­дың соңында құрастырылған. Ғажайыбы сол, Ерғанат ағаның үйіндегі бұл құрал­дар әлі күнге жақсы істеп тұр. «Ол замандарда ғарыш тақырыбы кеңес адамдарын ерекше қызықтырған екен. Латвияда ға­лам­шар үлгісінде шығарылған «Сатурн» шаңсорғышымен әлі күнге дейін балаларым үй жинайды. Кейбір заттар­ды реставрациялап, тұрмысқа лайық­ты етіп жасадық. Мысал үшін фотоап­параттардың объектілерінің орнына жарық шамын орнатып, кәдімгі шамдал жасадық. Ағам да өнерлі адам. Ол темір мен ағаштан, сүйектен небір туындыларды жасайды. Жасаған заттарының біразын маған сыйға тартты. Мен де қолөнерге жақынмын. Ал анам кезінде өз қолымен бастырған киіз алашасын әлі күнге дейін шаң тигізбей сақтаймыз», дейді ол.

Ерғанат Ахметовтің коллекциясында бүгінде 300-ден астам зат бар. Келешекте ол үйіндегі заттардың есебін жүргізіп, музей ашпақ ниетте.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы