• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Мәселе 22 Қаңтар, 2024

Тағдыры қиын балалар

244 рет
көрсетілді

Былтыр Атырау қаласы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда 200-ге жуық баланың мәселесіне талдау жүргізілген. Рас, жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылардың барын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен ата-анасының алақан жылуын сезінбеген, мейірімге ұласар жылы сөзін естімей, ержетіп жатқандар мен панасыз қалған балалардың тағдыры алаңдатады.

Атырау қаласы әкімінің орынбаса­ры, комиссия төрағасы Нұржан Ермұханов­тың айтуынша, ай сайын екі мәрте отырыс өткізілген. Комиссияда әр баланың отбасындағы ахуалы жете зерттеліп, заң аясында түрлі шешім қабылданған.

«Әр комиссияның ұстанатын бағы­ты бар. Кәмелетке толмағандардың іс­­те­­рі жөніндегі комиссияның басты мін­деті – балалар арасындағы құқық бұ­зу­шылықтың алдын алу, олардың құ­қығы мен заңды мүддесін қорғау. Алайда комиссия отырысында мәселесі қаралған 200-ге жуық баланың кейбірінің бола­шағы ерекше толғандырады. Өйткені балалардың бірі құқыққа қарсы әрекетке барса, өзгесі ата-анасының мейірімін сезіне алмаған. Тіпті панасыз қалып, жәутең­деген баланың аянышты тағдыры ойлантады», дейді Нұржан Ермұханов.

Оның айтуынша, комиссияның қа­рауына ұдайы ұсынылған басты мә­селенің бірі – ата-аналардың бала тәр­биесіндегі жауапкершілігі. Себебі кей ата-аналардың тарапынан балаларын мектепке себепсіз жібермеу, сөйтіп, білім алу құқығын шектейтін әрекет жиі кездеседі. Ал кейбір ата-ана алкогольді ішімдікке тәуелді болған.

«Осындай немқұрайлы көзқарастан балалар өз үйінде ата-ана қамқорлығынан тыс қалады. Мұндайда отбасылық құндылық, отбасылық тәрбиені сөз ету былай тұрсын, керісінше балалар ата-анасынан зәбір көреді. Тіпті соққының құрбанына айналып жататын жайтты білеміз. Санасын қатыгездік әлде өшпенділік билеген болуы мүмкін, ес-түссіз мас болған әкенің бірі тоғыз айлық қызының қолын сындырған. Отбасы болуға сөз байласқан, сөйтіп, ұрпақ жалғастырар балаларының анасын далаға қуып жіберген. Бұл – алаңдататын ахуал», дейді қала әкімінің орынбасары.

Комиссияның мүшелері Атырау қалалық полиция басқармасының қыз­меткерлерімен бірге бала тәрбиесіне байланысты міндетін орындамайтын ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Алайда заңға сәйкес тиісті шарасы қолға алынғанымен, одан нәтиже шығаруға тырыспай, бұрынғы әдетінен айнымайтындар бар. Сол себептен комиссия отырысында ата-ана құқығынан шектеу мәселесі көп қаралған.

«Әрине, ана мен баланы бір-бірі­нен айыруға болмайтынын білеміз. Бей­күнә баланың мөлдіреген жанарынан анасының қасында қалғысы келе­тінін аңғарылып тұрады. Сондайда ана мен баланы бөлектеуге қатысты шешім­ді қабылдау оңай емес. Бірақ әр бала­ның құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін нақты қадамға баруға тура келеді. Өйткені балаларды түрлі оқыс жағдайдан қорғау, оның ішінде суицидтің алдын алу үшін осындай шешім қабылданды. Мақсат – балаларды мейірімсіз ата-ананың қолында қалдырмай, мемлекет қарауына алу», дейді Нұржан Ермұханов.

Атырау қалалық полиция басқар­масы ювеналды полиция тобының басшысы, полиция майоры Эльвира Иманғазиеваның айтуынша, жасөспі­рімдердің тарапынан жасалған қылмыс­тар 14 пайызға төмендеген. Алайда кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс 20 пайызға, ал жыныстық тиіспеушілік қылмысы 45 пайызға өскен.

«Былтыр Атырау қаласы бойынша ішкі істер органдарына әртүрлі әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 3 682 жасөспірім жеткізілді. Кә­ме­летке толмағандардың істері жөнін­дегі комиссияға 99 құжат жолданды. Ко­мис­сия шешімімен 10 ата-ананың құқы­ғы шек­телді. Ал үшеуі ата-ана құқы­ғы­нан айы­рылды. Қаңғыбастықпен айна­лыс­қан екі қыз 6 ай мерзімге Ақтау қала­сын­­дағы мектеп интернатқа орна­ласты­рыл­­ды. Бұзақылық және қасақа­на ауыр дене жарақатын келтіру дерегі­мен 22 жас­­­өспірімге қатысты 11 қылмыс­тық іс қоз­ғал­ды. Оның ішінде үш жасөс­пі­рім­нің ісі сотқа жолданып, оларға бір жыл­­­дан екі жылға дейін шартты түрде жаза тағайындалды», деді Эльвира Иман­ғазиева.

Әкім орынбасарының айтуына қара­ғанда, комиссияның назарынан тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі түспейді. Сондай от­басыларға қолдау көрсету жайы тал­­қыланады. Комиссия мүшелері бақы­лауға алынған отбасылардың тұрғы­лық­ты мекенжайына барып, әсіресе бала­­лардың әлеуметтік жағдайымен жете танысқан. Содан кейін 40-тан астам от­ба­сы тұрмысқа қажетті заттармен, азық-түлікпен, балаларға арналған киім-кешекпен қамтылған.

«Көпбалалы бір отбасының жағдайы туралы айтайын. Балалардың әкесі ден­саулық жағдайына байланысты жұ­мыссыз қалған. Оның 16 жастағы қызы мүмкіндігі шектеулілер сана­тында тір­кеуде тұр. Бұл отбасының ба­сы­бай­лы баспанасы жоқ. Ал жалдап тұр­ған пәтеріне төлейтін қаржысы болмады. Сол себептен, бірнеше ай бойы атал­ған отбасыға пәтер ақысын төлеуге көмек берілді. Мектеп жасындағы үш баласы ата-анасының өтінішімен Бесік­ті ауылындағы мектеп-интернатқа жібе­рілді», деді ол.

Екі жасөспірім баласы бар әйел­дің де тұрғылықты баспанасы болма­ған. Сондықтан оған тұрақты жұмыс тауып, жағдайы реттелгенше көмек көрсетуге шешім қабылданыпты. Нақты­лай айтқанда, тұрмыстық зорлық-зом­былыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесіне уақытша орналас­ты.

«Комиссияда ата-анасының тәр­бие­сіне көнбей жүрген 15 жастағы жасөс­пірімнің мәселесі қаралды. Жасөс­пірім мектептегі сабағынан жиі қалып, қаңғыбастыққа салынған. Полиция қызметкерлерінің ұсынысымен оны Ақтау қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-ин­тернатқа орналастыру мәселесі туын­дады. Демек оны ата-анасынан уақытша болса да айыру қажет. Алай­да мұндай нақты шешім баланың тәр­бие­сін түзей қоя ма? Міне, осы сауал комиссия мүшелерін толғандырды. Со­дан кейін жасөспірімді ата-анасынан жы­рақ­татпай, оған тағы бір мүмкіндік беруге ұйғарым жасалды. Сөйтіп, комис­сияның ұйғаруымен жасөспірімге «Шанс» кәмелетке толмағандарды пси­хо­­логиялық-әлеуметтік қолдау орталы­ғында психологиялық кеңес беру, спорт­тық үйірмелерге қатыстыру, полицияның үнемі бақылауына алу мәселесі оң шешімін тапты. Қазір жасөспірімнің тәртібі жақсарды. Сабақтан қалмайтын болды. Спортпен шұғылданып жүр», деп мәлім етті Нұржан Ермұханов.

Тегінде еркін елдің ертеңіне баланған жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алғаны қажет-ақ. Бұл – әр ата-ананың бала тәрбиесіндегі басты міндетінің бірі.

 

Атырау облысы