• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 22 Қаңтар, 2024

Қайсар қаламгер

226 рет
көрсетілді

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев есімін бүгінгі балалар біле қоймауы мүмкін, бірақ 60–80 жылдардағы «Балдырған» оқыған алдыңғы буын жақсы біледі. Оның ауыл өмірінен балаларға арнап жазған қысқа, көркем, тартымды әңгімелері журналдың әр нөмірі сайын шығып тұратын. Оларды жас қауым қызыға оқып, талдап, өзара әңгіме қылып айтып жүретін.

Зей­­нел-Ғаби же­тін­ші сынып бі­тірген жылдар­­дан ауыр қиын­шылыққа тап бол­­ған. Ол сүйек туберкулезінің ауыр түріне ұшы­рап, төсек тартып жа­тып қал­ған. Бірақ тірліктен үмітін үзбей, төсекте жат­қан күйі қолынан кітап, газет-жур­нал түсірмеген. Бар-жоғы 7-сы­нып бітірсе де өзінің білі­мін өзі же­тілдіріп, көркем әдебиетті де, теорияны да оқи берген. Оған әсіресе Н.Островскийдің «Құ­рыш қа­лай шынықты» авто­биогра­фия­лық романы қатты әсер еткен. Қай­сар жан Павел Корчагинді өзіне өнеге тұтқан. Абайды да қолынан тастамай, өлеңдерін балаларына үйретуден де жалық­па­ған. Сөйтіп, олардың үлгісімен бала­ларға арналған әңгімелер, тақ­пақтар жазумен айналысқан. «Қанатты өмір» деген бір әңгі­месі «Жұлдыз» журналына да шыққан. Ал «Балдырған» – өмірінің соң­ғы сәтіне дейінгі серігі, айнымас авторы болған ба­сылым. Об­лыс­­тық газетке де проб­ле­ма­­лық мақалаларын бастырып тұр­ған. 

Сол жылдарда Солтүстік Қа­зақ­стан облыстық партия коми­тетінің идеология жөніндегі хат­шысы – Ілияс Омаров еді. Ұлтының жылт еткен жақ­сы­лығына қол ұшын беруге асы­ғатын арыс ағамыз Зейнел-Ғаби туралы естіген соң Сергеев (қазір Шал ақын) ауданын­да­ғы Ортақкөл ауылында тұратын оны өзі іздеп келеді. Денсаулығы­ның түзелуіне, тұрмыстық жағ­да­­­йының жақсаруына қол ұшын береді. Кеңшардың директорын шақырып алып, «ауылыңда үлкен жазушы тұрады, сен оның есімімен мақтануың керек. Ал жазушыға жағдай керек», деп төрт бөлмелі саңғыраған үй тұр­ғызып береді. Денсаулығы аздап түзелген шағында қолжазбала­рын қолтықтатып Алматыға жібе­ріп, ондағы Жазушылар одағының хат­­шыларына, Сәбит Мұқанов­қа кө­мек көрсетуді сұрап, арнайы хат жазып береді. Сөйтіп, алғашқы әң­гімелер жинағы І.Омаровтың көмегімен «Бастама» деген атпен 1959 жылы жарық көреді. Бұл оқиға қаламгерді қатты қанат­тандырады. Алматыдан Асқар Лекеров, Қажытай Ілиясов сияқты пікірлес, жанашыр достар да тауып қайтады. Солай басталған шығармашылық жол ағамыздың өмірінің соңғы сағатына дейін жалғасып, көзінің тірісінде 16 кітабын шығарған. 

Ағамыз  ұлағатты ұрпақ өсір­ген өнегелі әке. Жолдасы Кәмаш екеуі тәрбиелеген 10 баласының оса­лы жоқ. Үш қызы әкесінің ауыр ха­ліне араша болуды ойлап, дә­рі­герлік мамандықты таң­дап­ты. Қалғандары ұстаз, сәу­летші, инженер-құрылысшы маман­дық­тарын қалап, өмірдің биік белестерінде жүр. Соның ішінде әрі әнші, әрі белгілі журналист болып жүрген Алтын Иманбаева­ның есімін республика тұрғын­дары жақсы біледі. Ол Президент гран­тының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Зейнел-Ғаби Иманбаев 1987 жылы 63 жасында дүниеден қайт­­ты. Ұрпақтары оның жа­рия­­ланба­ған дүниелерін жинап,  «Солмайтын гүл», «Қос қайың» атты жинақта­рын шығарған.

Жуырда С.Мұқанов атын­дағы облыстық әмбебап, ғылы­ми кітапханада жазушының 100 жыл­дығына орай мереке­лік кеш болып өтті. Оған қатыс­қан­дар арасында жазушының балалары мен туыстары, жерлес­тері, жақын араласқан жандар жазушы туралы қызықты естеліктер айтты. М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің доценті Жан­бай Қадыров жазушының шығар­машылығы туралы баяндама жасады.  Е.Серкебаев атындағы Өнер колледжінің студенттері жазушының әңгімелерінен үзін­ділер оқыды.

Өкінішке қарай, осындай өмір­ге құштар, еңбекқор, зор талант иесі, өлкеміздің мақтанышы бол­ған балалар жазушысына өңі­рі­мізде лайықты сый-құрмет жа­салмай келеді. Бір кезде туған ауы­лындағы мектептің атын беруге талпыныс болғанымен, бастама аяқсыз қалыпты. Бірақ Петро­павл қаласында оның есімімен бір көшенің атын атаса, артық болмас еді. Осындай ұсыныс айтылғанда жиналған көпшілік қызу қолдады, енді соны облыс басшылығы ескерсе жөн болар еді.