Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі майдангер жазушы, журналист Әскен Нәбиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Бармысыңдар, армысыңдар, бабалар!» атты әдеби кеш өтті.
Кеште алдымен ел басына сын туған сәтте қару мен қаламды қатар ұстаған қарымды қаламгердің өмірі мен өнерін қамтыған деректі фильм көрсетілді. Одан кейін журналист Мағжан Садыхан жазушы шығармашылығы туралы баяндама жасады. Іс-шараны белгілі ақын, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов әсем сөзбен әрлеп, тартымды жүргізді.
– Әскен ағаның есімін алғаш 70-жылдары ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің аузынан естідім. Ол кісі «Целиноградта сондай майдангер қаламгер тұрады», деп, мақтанышпен айтты. Сол тұста Целиноград – Тың өлкесінің орталығы еді. Осы өңірде халқымыздың үлес саны тым азайып кеткені жанымызға бататын. Енді бұл жақта тіліміздің жағдайы не болады, түгелдей орыстанып кетпей ме деген уайым болды. Сонда мұнда кім бар дегенде, алдымен ойымызға Әскен Нәбиев, Нұрғожа Оразов, Октябрь Әлібеков, Әнуар Ипмағамбетов, Алдан Смайылов секілді қаламгерлер түсетін. Осы азаматтардың бәрі облыстық газетте қызмет істеді. Қазақ редакциясы ұлттық құндылықтарымызды сақтап тұрған қасиетті орда секілді көрінді. Бұл қаламгерлерді көрінбейтін күрескерлер деп айтуға болады. Әсекең өз ана тілі үшін күресіп, қазақ тілінде көркем шығарма жазды. Қазақ мектептерінің топтап жабылуына қарсылық көрсетті. Қазіргі қаланың ортасындағы Кенесарының сарбаздары жерленген көне қорымды тегістеп, үстінен көпқабатты үй тұрғызамыз дегенде, соған қарсы болғандардың бірі – Әскен ағамыз. Қанды майданнан аман келіп, жан жары Фарида апай екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі ел таныған азамат болды, – деді Б.Әлімжанов.
Әскен Нәбиев – Ақмола облысының Ақкөл ауданында туған. 1941 жылы орта мектепті бітіре салысымен әскерге алынып, Сталинград түбіндегі қанды қырғынға қатысады. Осы шайқаста ауыр жараланып, елге оралады. Әскерден келгеннен кейін ауыл мектебінде мұғалім, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істейді. Жас күнінен ән мен жырға құмартып, әдебиетті сүйіп өскен қаламгер 1947 жылы журналистикаға ауысып, қазіргі Ақмола облысының «Арқа ажары» газетінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Баспасөзде істеп жүріп, көркем шығармаға қалам тербеді. 1959 жылы «Перзент» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді. Одан соң іле-шала «Гүлзи», «Шолпан», «Ауыр апталар», «Бейтаныс бойжеткен», «Алақайғы», «Қанат қаққанда», «Бел-белестер», «Қала ортасындағы қамал», «Майдан әңгімелері», «Шерулі жылдар» тағы басқа кітаптары оқырманға жол тартты. Есімі елге танылды. Сондай-ақ жазушы ұзақ жыл бойы Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы Целиноград облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметін атқарып, өзінен кейін қалам ұстаған жастарға қамқоршы болды.
Прозашының шығармаларында өзі өмір сүрген дәуірдің келбеті, ауыл адамдарының ақжарма көңілі, сұм соғыстың қасіреті шынайы бейнеленген. Академик Рымғали Нұрғали жазушының бір кітабына жазған алғы сөзінде: «Көп сөзге барып, әр шөптің басын шалмайды, өзін мадақтап кетпейді. Болған нәрсені нақты және көркем баяндайды», деп баға беріпті. Ә.Нәбиев шығармаларының ішіндегі шоқтығы – «Алақайғы» повесі. Бір жағынан, бұл туындының көлеміне қарап, роман деуге болады. Шығармада отызыншы жылдардағы аштық зұлматы нанымды суреттелген. Әдебиетімізде аштық туралы жазылған дүниелер жетерлік, бірақ бұл повестің ерекшелігі неде дегенде, қаламгер көркемдікті деректілікпен ұштастырып, өзінше бөлек әлем жасаған. Туындыда автор өзі көзімен көрген оқиғаларды кестелі тілмен айшықты бедерлеген.
Мазмұнды іс-шара барысында сөз сөйлегендер қабырғалы қаламгердің жазушылығы ғана емес, ақындығы, сазгерлігі, әншілігіне тоқталды. Белгілі ғалым Серік Негимов майдангердің жазушылығынан бөлек, ақындығы мен әзілге ұсталығы, әуезді әнге құштарлығы, қарапайымдылығы туралы әңгімеледі. Облыстық газетте онымен бірге қызмет істеген Бәдуан Имашев пен Жылқыбай Жағыпарұлы жылы естеліктерімен бөлісті. Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы суреткердің өмір жолынан сыр шертіп, осы іс-шараны өткізуге ұйытқы болғандарға алғысын жеткізді. Былтыр жазушының 100 жылдығы бас шаһарда кең көлемде атап өтілді. Астанада Әскен Нәбиев атына көше берілді.
Кеш соңында жазушының ұлы, қоғам қайраткері, меценат Марат Нәбиев әкесі туралы тағылымды ой қозғап, жиналған қауымға ризашылығын білдірді.