Кейінгі уақытта құрылыс жұмыстарының сапасына тексеру тиянақты жүргізіліп жатыр. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті Целиноград ауданындағы Родина ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын тексерген кезде біраз жайдың басы ашылды.
Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігермен 2 млрд теңгеден асатын қаржыға келісімшарт жасалған. Ең өкініштісі, ғимараттың іргетасын салу кезінде қолданыстағы мемлекеттік стандарттың бұзылу жайлары анықталып отыр. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Риголит» серіктестігіне қатысты орын алған олқылықтар атап көрсетіліп, хаттама толтырылды. Кемшілікті жою туралы ұйғарым шығарылды. Целиноград аудандық сотының қаулысымен серіктестікке негізгі жобадан ауытқығаны үшін лицензиясынан айырусыз 1 932 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Осылайша, өңірдегі құрылыс жұмыстарының барысы қатаң қадағаланып жатыр. Сақалды құрылыстарға бағытталатын қаржы көлемі жыл сайын өзгеріске ұшырап, құрылыс материалдары қымбаттап кетті деген желеумен түзетулер енгізіледі. Бұл дегеніңіз – бюджет үшін ауыр салмақ. Ендігі арада жауапкершілік күшейтіліп, қазынаның әр тиыны тиімді жұмсалуы қатаң қадағаланатын болса, бұрынғы жайбасарлықтан арылар едік.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы