• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қаңтар, 2024

Аға буынның тәжірибесі ескеріледі

204 рет
көрсетілді

Бұдан дейін Солтүстік Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өткен жылы сатып алу бағасын 90 есе асырып, бюджеттің 1,8 млрд теңгесін орынсыз жұмсаған заңсыздықтарды анықтағанын жазған едік. Антикордың ашық әрі әділ қызметі қазір ел аузында.

Жуырда департамент қызметкерлері Тимирязев аудандық білім бөлімінің басшы­сын делдал арқылы 1,2 млн теңге пара алып жатқан жерінен ұстады. Ол ауданда білім беру саласының екі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу тендерін жеңіп алған мердігер компаниядан жасалмаған жұмыстың актісіне қол қойғанын осындай көлемдегі қаржыға бағалаған. Қазір пара беруші мен алушының үстінен қылмыстық іс қозғалып, екеуі де тергеу оқшаулағышында қамауда отыр.

«Барлық ақпаратты тергеу жұмыстары аяқталып, соттың шешімі шыққаннан кейін БАҚ арқылы халыққа жеткіземіз. Әзірге қылмыстық іс туралы айтуға құқымыз жоқ», дейді Антикор қызметі басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов. Бірақ осы іс бо­йынша тергелген білім бөлімінің шаруашылық меңгерушісі Антикордың тергеушісінен шыққан соң өзіне-өзі қол жұмсамақ болғаны белгілі болып отыр. Осы оқиға туралы сұраққа А.Жүнісов: «Бұл істі біз емес, полиция қызметкерлері тергейді», деп қысқа қайырды.

Облыстағы Антикор жұмысының жандана түскенін тағы бір фактіден көруге болады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес ісіне департамент бұрынғы жемқорлыққа қарсы күрес саласы қызметкерлерінің тәжірибесін қолдануды қолға алып отыр. «Антикор волонтерлері» деп аталатын бұл жобаға бұрын мемлекеттік меншіктің қолды болуына қарсы күрескен қырағы азаматтар, қоғамдық ұйымдар, бизнес субъектілері және квазимемлекеттік сектордың өкілдері қатысады. Қоғамдық ұйымды құруға арналған жиналысқа департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов, Антикор қызметкерлері ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Төлеген Төрегелдин және бұрынғы мемлекеттік меншікті талан-таражға салуға қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Сәбит Байтеленов, Қожахмет Шаяхметов, Серік Сәдуақасов қатысты.

Ұйым мүшесінің бірі Қожахмет Шаяхметов – бұрын меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінде жұмыс істеген білікті, тәжірибелі маман. Кеңес жылдары мұндай бөлімге қазақ азаматтары сирек қабылданатын еді. Осы қызметте ұзақ жыл міндетін атқарған аға буын өкілі полковник дәрежесіне дейін жетіп, зейнетке шықты. Антикорға осындай азаматтардың тәжірибелері, жинаған білім-біліктігі өте қажет. «Ардагерлердің біліктілігін, тәжірибесін есептен шығарып тастауға болмайды. Кез келген қызметтің шеберлігі жылдар бойы ғана қалыптасады. Сондықтан аға буынға сенім артып, волонтер ретінде ортақ іске жұмылдырғысы келген департамент басшылығына ризашылығымды білдіремін», деді Төлеген Төрегелдин жиында.

Осылайша, Антикордың Солтүстік Қазақстан департаментінде волонтерлік қызмет төрт бағыт бойынша іске кіріспек. Олар – қоғамдық бақылау, жемқорлықты зерделеу, кәсіби көмек және корпоративтік көмек.

 

ПЕТРОПАВЛ