Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрлігінің режімі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі әскери полиция жасағының құрылғанына 21 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Бөлімше қорғаныс ведомствосының әкімшілік ғимараты пайдалануға берілген 2003 жылғы 22 қаңтарда Қорғаныс министрінің директивасымен құрылған болатын.
Қазақстан Қарулы күштері Әскери полиция бас басқармасының басшысы, полковник Руслан Құлымбетовтің мерекелік құттықтауын Режім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери полиция жасағының командирі, полковник Талғат Әмірхан жеткізді.
«Сіздердің бөлімшелеріңіз стратегиялық маңызы бар нысанды күзету мен қорғау жөніндегі жауапты миссияны орындайды. Оның қауіпсіздігі жеке құрамның кәсібилігіне, қағидатшылдығы мен қызметке адалдығына байланысты. Қызмет пен лауазымдық міндеттерге көзқарас арқылы сіздер құқықтық мәдениетті қалыптастырып, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жай-күйіне әсер етесіздер», делінген құттықтауда.
Бөлімшенің әскери қызметшілері аумаққа кіруді және министрлік ғимаратына кіріп-шығуды бақылайды. Бақылау және басқару жүйелерін, күзет-өрт дабылын, периметрлік және ішкі бейнебақылауды пайдалана отырып, жасақтың жеке құрамы сеніп тапсырылған нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қызметтің қалыптасуы мен дамуына полковниктер Молдокун Барамышев, Ерік Бәкірбаев, Нұржан Шөпенов және подполковник Сырым Нүсіпжановтар елеулі үлес қосты. Бөлімше әскери қызметшілерінің жоғары кәсіби шеберлігі олардың әртүрлі деңгейдегі оқу-жаттығулардағы, халықаралық армия ойындары мен Қарулы күштердің әскери-тактикалық жарыстарындағы нәтижелерінен көрініп жүр.