Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, ұрпақ саулығын ойлауда опынып қалмау керегін ескертті, деп жазады Egemen.kz.
«Жастардың денсаулығына балта шабатын вейп деп аталатын электронды сигаретті тоқтатуға тиым салатын норма Денсаулық сақтау мәселелері туралы заң жобасына енгізілді. Бұл - ортақ жеңісіміз. Осы заң бойынша жұмыс істеген депутат әріптестерімізге алғысымды білдіремін. Электронды темекі, энергетикалық сусын секілді көптеген зиянды заттар кеңінен таралып, қоғамды улап жатыр. Солардың бірі – кальян. Бүгінде көпшілік тамақтанатын орындарды қойып, жастар кальянды көлікте де пайдалануда. Қоғамдық орындарда тартуға заң жүзінде тыйым болса да норма орындалмай отыр. Өйткені үш жыл бойы кәсіпкерлік субьектілерін тексеруге мораторий енгізілді. Тексеруді тоқтату деген заңды бұзуға негіз емес. Кальянның құрамына не қосатыны мүлдем жұмбақ. Оған гашишті де, алкогольдік ішімдікті, басқа да заттарды қосуы мүмкін, қадағалайтын ешкім жоқ», деді Д.Тұрлыханов.
Халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыты деген депутат жастар арасында кальян шегу кең тарағанын айтты. Тұтынушылардың басым көпшілігі кальянның зияны жоқ деп ойлайтынына қынжылды. Керісінше, кальян шегу қатерлі ісікке, бронхит, демікпе, өкпенің созылмалы сырқатына, жүрек қан тамырлары ауруына да шалдықтыратынын ескертті.
Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда кальянды шегушілерге бақылауды күшейтіп, тұтыну заңдылығына тексеру жүргізуі тиіс екенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігі кальянның құрамы мен түтініне сараптама жасап, зияны турасында қорытынды әзірлеу керек деді. Кальян шегуге тыйым салып, ал талапты бұзғандарды жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.