• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2010

“МЕН ДЕП КЕЛІП ЕДІМ, БІЗ ДЕП ҚАЙТТЫҚ”

569 рет
көрсетілді

Ырыс алды – ынтымақ Кеше Алматының символы іспеттес “Қазақстан” қонақ үйінде “Мәдениеттердің үндесуі арқылы бейбітшілік пен келісімге” тақырыбымен этномәдени бірлестіктердің халықаралық форумы  болып өтті. Мына мазасыз әлемді мың сан мүдде билеп тұрғанда, Бәйдібек баба айтқандай, “Бір үйдің бала­сын­дай, бір қолдың саласындай бол” деген тәмсілге салып, ұлт­ара­лық татулықты тұғырлы етуге ұмтылған еліміздің ұстанымы өзін өзі ақтап келе жатқаны анық. Осы қағиданы ұстанған Қазақстан хал­қы Ассамблеясы да өз жолынан адаспағаны күн өткен сайын бедер­лене түсуде. Еліміздегі 130-дан астам ұлысты ұйыту жолындағы бастамалар игі жалғасын табуда. Кезекті бастаманы еліміздің Мәдениет министрлігі қолға алып отырғаны кездейсоқтық емес. Ұлт­тар мен ұлыстардың татулы­ғы­на алтын көпір – мәдениет пен өнердің тілі ғана адамзатқа ортақ бола алатыны әлмисақтан белгілі. Өнерде шекара жоқ, дейді халық­аралық форумға жетекшілік еткен Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Мұхтар Абрарұлы дөңгелек үстел айналасында тоғысқан форум қатысушыларын келелі әңгімеге шақырды. Алдымен форумда Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің Төр­ағасы Ақан Бижанов қысқа баян­дама жасап, Сенат төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың форумға арналған аманатты құттықтау сөзін жеткізді. – Ассамблеяның жұмысы – халықаралық тәжірибедегі үлгіге айналды. Ал бүгінгі таңда Қазақ­стан­ның  ұлтаралық татулық мо­де­лі басқа елдерге үлгі болып отыр, – деген Ақан Құсайын­ұлы­ның сөзін осы форумның мы­са­лымен-ақ дәйектеп өтуге болады. Бижановтың айтуынша, еліміз нығайған сайын Ассамблеяның жұмысының қажеттілігі одан әрі жоғары бола бермек. “Өйткені, діни, ұлтаралық қарым-қаты­нас­та­ғы мәселе  өте нәзік, ол жай ғана мәселе емес.  Мұндай жағдайда мем­лекет тарапынан да, Елбасы тарапынан да еліміздегі барша этностың ұлттық мәдениеті мен тіліне ұдайы назар аударылып, тең құқықтылықта дамуда, баршаға барлық жағдай жасалуда.  Осы механизмде ұлттық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету жатыр. Сонымен қатар қазіргі таңда біз­дің еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық жетістіктерінің негізінде Қа­зақстан халқының бірлігі жа­тыр.  Бірлік – біздің Отанымыз­дың тұрақтылығы”, деп атап өтті  Ақан Бижанов. Ол бүгінде біз­дің тәжірибеміздің, Ассамблея жұмы­сының тиімділігіне көз жет­кізу арқылы Ресей, Қырғызстан және басқа да елдер өз ассам­блея­ларын құрып жатқанын атады. Осы сөздің ақиқаттығын Ресей ха­лықтары Ассамблеясы Кеңесі төр­ағасының орынбасары Чимит-дор­жу Ондар мен Татарстан халқы Ас­самблеясы төрағасының орын­басары Сағит Жақсыбеков өмірдің өзі­нен алынған оқиғалармен, қа­ра­пайым жандардың тіршілігімен баян­дады. Ұлтаралық татулық мә­се­лесінде ешқандай ұсақ-түйектің бол­майтынын тілге тиек еткен баян­дамашылардың бәрі көп сөз­ді­лікке ұрынбай, мазмұндылыққа, қоз­ғаған тақырыптарына қатысты тиянақ­тылыққа ұмтылғанын ата­ған жөн. Сонымен қатар, Бижанов бү­гін­гі форумның өте үлкен ма­ңыз­дылығы бар екендігін атап: “Әлем­нің әр жерінде, тіпті дамы­ған елдерде туындап жатқан ұлт­ара­лық, дінаралық мәселелерді ескерсек, бүгінгі форум сол мә­селелерді шешудегі күштің жұ­мы­луына шақырады, яғни қажеттілік те туындауда. Тілдік, ұлтаралық  қақтығыстар болып жатқан жағ­дайда ұлтаралық келісім – бірінші орынға шығатын өте маңызды мә­селе. Бүгінгі заманғы кезеңде өр­кениеттер үнқатысуы, мәдениет­тер үнқатысуы өте қажетті болып табылады.  Халықтардың бір-бірі­мен қарым-қатынасы, мәдениет­тің қатынасы – адамзаттың алға жылжуын, әр мемлекеттің даму прогресін  анықтайды. Сондық­тан, бүгінгі форумдағы тәжірибе бөлісу, қарым-қатынас болашақта жақсы нәтижелер береді деп ойлаймын”, деді. Форумда Страсбург универси­теті­нің профессоры (Франция), Еуропа қауіпсіздігін зерттеу жөнін­дегі орталықтың директоры Ив Жанкло, Қазақстан Президенті Әкім­шілігінің Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы хатшылығының сектор мең­­герушісі Леонид Прокопенко, Пар­­ламент Мәжілісінің депутаты Люд­­мила Хочиева аталған тақы­рып­қа қатысты өз ойларын ортаға салды. Этносаралық және конфес­сия­аралық келісімге жол салу – көр­ші Қырғызстанның да көксеген мақ­саты. Бұл туралы Нарын мем­ле­кеттік университетінің өкілі Жол­дош­бек Сыдықов сөз етті. “Док­трина жөніндегі доктрина” тақы­ры­бын аталмыш құжаттың ұсы­ныс­тарын жинақтау және пысық­тау жөніндегі қоғамдық комис­сия­ның хатшысы Нұр-Ахмет Дос­мұ­хамет тұшымды баяндады. Баян­да­машылар арасынан А.Сәрсен­баев атындағы қордың директоры Айдос Сарымның пайымдары мен ортаға салған ұсыныстары фо­румға қатысушылардың назарына ілікті. Форум барысында Қазақстан­дағы ұлттар мен ұлыстарды ұйыс­тырудың теориясы мен тәжіри­бесінің аражігі айтылып, заманауи технологияларды пайдалана оты­рып, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы мен оның аймақтық құрылым­дарының қызметін ақпараттық қолдау мәселесі қозғалды. Сонымен, жұма күні еліміздің Мәдениет министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан хал­қының рухани даму қоры мұ­рындық болған форум жұмысына Парламент депутаттары, шетелдік қонақтар, еліміздегі этномәдени бір­лестік­тердің жетекшілері, жо­ғары оқу орындарының өкілдері, сарапшылар мен ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Елбасының ұсы­нысымен құрылған  Қа­зақ­стан  халқы Ассамблеясы бүгінде мемлекеттік институт ретінде көп жұмыстар атқарып жатқаны іс жүзінде дәйектелді. Ақиқатында, ауызбіршілік, шынайы сыйластық тұрғысында өткен форум шеңберінде де­легаттар Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясының мұражайын ара­ла­ды. Осыдан кейін де тобы жазыл­ма­ған жиынға қатысушылар этно­мәдени бірлестіктердің кәсіптік ұжымдары мен шығармашылық топтары тарту еткен мерекелік концертті тамашалады. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.