Павлодар қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты ІІІ турының ойындары жалғасып жатыр.
Бұған дейін осы турда қатарынан екі рет жеңіске жеткен Өскеменнің «Берелін» Талқықорғанның «Жетісу» командасы тоқтатты. Сербиялық Марко Гршичтің шәкірттері 3:1 (22:25, 25:21, 25:20, 27:25) есебімен жеңіске жетіп, 31 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады.
Есесіне солтүстікқазақстандық «Қуаныш» өскемендік «Алтайды» 3:0 (25:20, 25:19, 25:18) есебімен тізе бүктіріп, 38 ұпаймен көш басына қайта көтерілді. 37 ұпайы бар «Берел» екінші орынға түсіп қалды. «Айқаракөзді» (Талдықорған) 3:0 (25:23, 25:16, 25:19) есебімен оңай ұтқан «Алматы» 31 ұпаймен үшінші орынға шықты.
Сондай-ақ алаң иелері – Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:22, 25:20, 25:11) есебімен жеңген «Тұранның» (Түркістан) да 31 ұпайы бар. Олар доп айырмашылығы бойынша үздік төрттікке табан тіреді. Кеше орталық кездесу «Берел» мен «Тұран» арасында өтті.