Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы белортасынан асты. Жеті күн бойы сайысқа түскен спортшыларымыз әзірге 1 алтын, 2 қола медальмен, бейресми жалпыкомандалық есепте 15-орында келеді.
Әлемнің 70 елінен 1900-ге жуық спортшы қатысып жатқан доданың алғашқы күнінде шаңғымен тұғырдан секіру сайысында Илья Мизерных чемпион атанды. Илья – 214 ұпай жинап, қысқы жасөспірімдер ойындарында алтын алған еліміздің тұңғыш спортшысы.
Бұл Илья Мизерныхтың халықаралық бәсекедегі алғашқы алтыны емес. Ол бір жыл бұрын II Азия балалары ойындарында жекелей сында топ жарып, аралас командалық сында Софья Шишкина екеуі күміс жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ Илья еліміздің IV қысқы жастар спорт ойындарында қарсылас шақ келтірмеген. Алматы мен Кемерово қаласында өткен дүбірлі жарыстарда да Илья К-60 трамплиннен секірсе, Оңтүстік Кореяда К-90, яғни 90 метр биіктен қалықтады.
Жалпы, осыған дейінгі үш Олимпиадада қоржынға тек 1 күміс пен 4 қола жүлде түскен еді. Галина Вишневская-Шепоренко 2012 жылы күміс және қола медаль жеңіп алса, Сергей Малышев та үздік үштіктен көрінді. 2016 жылы Арина Пантова мен Элизабет Тұрсынбаева қола жүлдеге ие болды. Ал 2020 жылы бірде-бір спортшымыз жүлдеге ие бола алмады. Сондықтан И.Мизерныхтың жеңіп алған алтын медалі қысқы ойындарда мерейімізді үстем етті.
Шорт-трекші қыз Полина Омельчук қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол 1000 метрге жүгіруден мәреге үшінші болып келді. Оның уақыт көрсеткіші – 1:41.600.
Қуанарлығы, Полина – өзіміздің «өнім». Яғни спортшы қыз – Қ.Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледждің 11-сынып оқушысы.
– Бұл жеңіс – мен үшін ұмытылмас қуаныш. Барлығын бапкердің нұсқауы бойынша істедім. Құрған тактикамыз сәтті орындалды. Олимпиаданың деңгейі басқаша болады екен. Мұндай үлкен додаға бірінші рет қатысып отырмын. Бүгінгі қола жүлде мені спортшы ретінде әлі көп еңбектену керек екенін аңғартты. Арманым – Олимпиада чемпионы атану, – деді П.Омельчук.
Тағы бір жағымды жаңалық кеше келіп түсті. Қазақстан командалық сайыста та жүлде алуды үйренді. Хоккейден жастар құрамасы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Темірлан Айболұлы, Бексұлтан Мақыш, Әділхан Саттар, Арман Төлен, Әнуар Ахметжанов сынды қазағы көп команда жүлделі үшінші орын үшін сайыста Аустрия құрамасын қапы қалдырды. Есеп – 6:5, біздің пайдамызға шешілді.
Жалпы, дүбірлі дода белортасынан асқанымен, қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Болашақта осы жас спортшылар ұлттық құраманы жеңіске жетелейді деп үміттенеміз.
Дүбірлі дода 1 ақпанда аяқталады.