• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қаңтар, 2024

Қап тауында түлеген қазақ

2724 рет
көрсетілді

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын Сарыарқаның сайын даласы. Белуардан келетін жасыл шалғын. Дархан дала төсінде бір үйір жылқы жайылып жүр. Жал құйрығы төгілген қазақы қасқа айғыр үйірден бөлініп қалған құлыншақты қақпайлап қоспақшы. Осы бір суретті көргенде көкшетаулық кәсіпкер Нартай Ысқақовтың жүрегі елжіреп кеткені. Алаш баласының төл малы – жылқы жарықтық та кейінгі ұрпағына жанашыр, қамқор екен ғой. Бұл суретті Кавказдағы «Қазақстан» санаторийінің ішінен көрген.

Жалғыз бұл сурет қана емес, дема­лыс үйінің іші қазақ суретшілерінің туын­дыларына тұнып тұр. Шартараптан келген демалушылар осы жерден қазақ даласының көркемдігін, ғажайып салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, бар болмысын ұғатындай. Ғимараттың іші де ықылым заманнан бері сан сүзгіден өтіп, асылы ғана қалған ұлттық дәстүрдің нақышына мелтектеп тұр. Асханада естіген жан елітіп тыңдайтын, даланың самалындай ескен қазақ әні шырқалады. Бильярд ойнауға барған, онда қазақтың күйі төгіліп тұр. Көкірегін қуаныш билеген. Өзінің осы халықтың өкілі екендігіне мақтанған. Қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдайтын Көкшетаудан келген кәсіпкер қиян шеттегі, Кавказдағы осы бір әдемі де ғажайып көрініске тәнті болды.

Демалыс мерзімі аяқталуға жақын. Бірер күнде елге қайтпақ. Демалып жат­қандардың бірі Эльбрус шыңына барсақ па деген ұсыныс айтқан. Бұл іргедегі Домбай қаласындағы тау-шаңғы базасын аралап көрмек болды. Іргедегі шағын базарға соққан. Елдегі ет жақын туысқа естелік сыйлық алмақ. Базарда әлдебір сатушы әйел ұлтын сұрады.

– Қазақстаннан келдім, – деген Нар­тай Жұматайұлы. – Қазақпын.

Бейтаныс апайдың жүзінде көптен көрген туысын ұшыратқандай қуаныш оты алаулаған. Сауда жайына қалды. Әлгі әйел өзінің немересі қазақ екендігін асы­ға айтып жатыр. Енді болмаса Нартай­дан айырылып қалатындай жеңінен тар­тып қояды. Ұққаны, Қап тауын­да­ғы қар­шадай қазақтың баласы. Жай бала емес, белдескеннің белін үзетін ба­луан.­ Кав­каз жұртының қайсар ұлдары әлемдегі боз кілемнің шаңын шыға­­рып, тойлап жүр емес пе? Күрес мекте­бі­нің озық үлгісі осы жерде. Тағдыр­дың қатал желі ұйытқи соғып, осы қиыр­дан шығарған қаршадай қазақ баласы қазір Ресей чемпионаты­ның жүлде­ге­рі. Жүрегі шымыр ете түсті. Үйірінен адасып жүрген құлыншақты көргісі келді. Кім болды екен?

– Менің күйеу балам қазақ, – деген бір әжей. – 1943 жылы Екінші дүниежүзі­лік соғыс кезінде қарашай халқын жер аударды емес пе, күллі кавказ жұртының ішін­де қатал тағдырдың еш адамды аяуды біл­мес шоқпары біздің жұрттың маңда­йы­на тиді. Өмірі көріп-білме­ген қиян­дағы Қазақстанның дәмі тарт­ты. Жам­был облысының Мерке ауданы. Ілкі заманда солай аталатын. Қазір дүние жаңарып жатыр ғой. Бәлкім басқа­ша аталуы.

Бейтаныс апай осы бір сапарда, жаңа жұрт­та, бейтаныс қоныста қазақтың қам­қор болғандығын, жергілікті жұрттың аузын­­дағы асын бөліп бергендігінің ар­қа­­сында аранын ашып келген аштық­тан аман қалғандығын және бұл ерлікке бер­­гісіз елдікті қарашай халқы ешқашан ұмыт­­пайтынын асыға-аптыға айтып жатыр.

Нартай Жұматайұлының көз алдына сол бір сұрапыл жылдардың сұмдық елесі келгендей. Тарихи деректерді тірілтсек, 1943 жылы атажұртынан еріксіз қо­ныс аударған қарашай халқының 14 744 отбасы яки 69 267 адам көшірілген екен. Оның 53,9 пайызы – балалар, 28,1 пайы­зы – әйелдер, 18 пайызы ғана қариялар мен мүгедектер. Еріксіз қоныс аударған жылдары 43 247 адам опат болған, оның 22 мыңы он екіде бір гүлі ашылмаған шиет­тей балалар. Міне, бүтін бір халықтың ба­сына төнген нәубет. Осы бір аласапыран жылдары талай тағдыр өзгеше өрбіді.

Тау асып, тас басып келген қара­шай­дың қызы Нүрсият Мерке ауданының тұрғыны Қази Жақыповқа тұрмысқа шыққан. Бәлкім Қазидың әке-шешесі, әлде Нүрсияттың туыстары үйленуге қар­сы болды ма екен, кім білсін, екі жас бұл жерде тұрақтай алмай, Дунгановка аталатын елді мекенде тіршілік құрса керек. 1948 жылы жас шаңырақта Мұратби есімді сәби өмірге келеді.

1957 жылы жылымық заманында солақай саясаттың құрбаны болған қа­лың Кавказ жұрты ата қонысқа бет алған. Азып-тозып келгенде қамқор құшағына алған дархан көңіл қазаққа мың алғыс. Ендігісі мәңгі мұз жамылған асқақ тау­лардың аясындағы ата қонысқа жетіп жығылу. Көз ұшынан көрінбесе де, көңіл түкпірінде сақталған, ақырған аязының өзі перзенттерін жылытып тұрған­дай көрінетін ел шетіне бір жету. Меркенің топырағын біраз жыл мекендеп, дәм-тұзын татқан, зұлмат жылдардың тезінен аман қалған қарашай халқы жергілікті жұртқа ақ алғысын жаудырып, дәм-тұзына, кең пейіліне рахметін айтады. Жүктерін жинап, буып-түйіп, ел айырылар сәтте әке-шешесі қыздары Нүрсият­ты тастап кетуге қимайды. Жат жұрт­тық болса да, өз қаны, өз нәсілі. Ал Қази атажұртты, мұндағы ағайын-туысты қалай қиып кетсін? Міне, туған жерге деген сағынышты арқалап алып ұша­тын пойыз да жүргелі тұр. Кімге болсын бауыр еті бала қымбат қой. Өз ұлы Мұратбиді қимаған Қази сол кезде тоғыз жасар баласын аяғынан тартса, анасы қолынан тартады. Тағдырдың осы бір қысталаң сәтін айтсаңызшы. Ана құша­ғы ыстық, ана қолы берік болса керек, бала нағашыларымен бірге алыс сапар­ға аттанған.

Кавказға жеткен соң тірі адам тір­шілігін істемей ме, үлбіреп отырған жас жесір Нүрсият тағы да тұрмысқа шық­­­­қан. Мұратби жанары жасқа толып әке­сін іздейді. Ыстық құшағын аң­сай­ды, маңдайынан сипағаны, бетінен өп­ке­ні есінде. Шамасы 1976 жыл болса керек, Кавказдан Мұратби қалыңдығы Светлана Омаровнамен Дунгановка селосына келеді. Арада біраз жыл өткен. Ата жұрты болса да, қазір бұл топырақ­та Қази Жақыповты танитын адам бар ма екен? Көңіл толқулы. Ел шетіне жет­­­­кенде әлдебір ақсақал жолығады. Жо­­лаушылардың жүзіне назар салады. Бұ­лар тіс жарып үлгергенше. «Апыр­май, Кавказға кеткен Қазидың баласы емес пе мынау?», дейді жерден жеті қоян тауып алғандай қуанып. Сұрастыра келсе, Қази бұл күнде Қырғызстанның шека­раға жақын бір ауылында диқандар­дың бригадирі болып еңбек етеді екен. Ендігісі әке мен баланы жолықтыру. Аумағы ат шаптырым танаптың ана басында Қази жүр екен. Бұлар бергі шетте. Бейсауат адамдарды көрген әке істеп жатқан шаруасын тастап бел жазып ор­нынан көтерілген. Арақашықтық оқ бойы болса да, баласын жазбай таныпты. Кең құшағын жайып, алға ұмтыл­ған. Қуаныштың көз жасы бет-аузын жуып кеткен. Тіпті кемсеңдеп сөй­лей алмаса керек. Қазақ қорыққан мен қуан­ған бірдей деп жатады ғой. Сондай бір көрген жанды есінен тандырар­­лық ғаламат сурет. Тіпті тілмен сипат­­тап айтудың өзі мүмкін емес. Әр күн са­йын, әр түн сайын есіне оралатын бауыр еті баласы асқар тау әкесін іздеп келіп тұр. Қызылды-жасылды мына жалғанда бұдан асқан қуаныш, бұдан асқан шат­тық бола ма? Ауыл тұрғындары, ет жақын туыстары жиналып екі жастың некесін қиып, ойын-тойын жасайды. Кавказға кеткен қаршадай баланың елге оралған сәтін мұндағы ағайын өшкеніміз жанды, жоғалғанымыз табылды деп үш күн тойлаған. Қазір есептеп отырсақ, араға ­­17 жыл салып барып кездескен екен.

Тағдыр бұларды тағы да айырған. Светлана Омаровнаның жалғыз інісі қай­тыс болып, Кавказға оралуға тура келген. Кавказда күнелткен Мұратби отыз сегіз жасында өмірден өткен, артында бір қыз, бір ұл қалыпты. Әли есімді ұлынан Мұрат туады. Нартай Жұматайұлы­ның естіп, іздегені де осы Мұрат. Тоғыз жа­сынан еркін күреспен айналысқан. Спорт шебері. Жастар арасындағы Ресей спартакиадасының жүлдегері.

Нартай Жұматайұлы Кавказдағы қа­зақ баласымен тілдескен. Ондағы аға­йын-туысымен де. Шет жайлап шал­ғайда жүрген баланы ата-бабасының ту­ған топырағына жеткізсем деген үлбі­ре­ген іңкәр сезім пайда болған. Бар қиын­ды­ғын өзім көтеремін. Көкшетаудағы «Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, ұлтжанды азамат Нартай Ысқақовтың жүрек түкпірін­де ұялаған бір ойы осы еді. Әуел бас­та жаттықтырушысы жібергісі келмей­тін ыңғай танытқан. Болашағынан үміт күттірер шәкіртін қияндағы Қазақстан­ға көзі қалай қисын? Анасы Мәдина да қорыққан. Оң-солын жаңа ғана танып келе жатқан бала атажұрты болса да, ешкімді білмейді, қайтып күн көрмек, кім қамқор болады?

Әуелі жаттықтырушысы екеуі Қазақ­станға бір келіп-кетіпті. Мұндағы жұрт­ты көрмек, жағдайымен таныспақ. Бар шығынын Нартай Жұматайұлы кө­терген. Елдегі тыныс-тіршілікпен та­ныс­­­қаннан кейін жаттықтырушының бо­йында да әлдебір сезім оянған бо­лар, батасын беріпті. Іле Нартай Жұма­тай­ұлы Мұраттың құжаттарын дайын­дап, Қазақстан Республикасының аза­маттығын алып берген. Түк қиындығы жоқ екен. Туу туралы куәлігінде әкесінің қазақ екендігі тайға таңба басқандай жазулы тұр. Көкшетаудағы өз үйіне тіркеткен. Өзінің бір ұлындай.

Балуан Мұрат Алматы қаласында еркін күрестен өткен ересектер ара­­сын­дағы республика чемпионатында үшін­ші орынға ие болса, Иранда өткен әлем кубогіне қатысқан, Ереванда өт­кен халықаралық турнирде екінші орын иеленіпті. Елдегі балуандар аң-таң. Шу ете қалған. Бұл легионер, кім әкел­ген, неге әкелген? Түпқазығын табады. Көкшетауда ұлттың өнері мен мәде­ниетіне, әдебиетіне жанашыр болып жүре­тін, жас қаламгерлерді қолдап, атымтай жомарт атанған Нартай Ысқақов. Енді өкпелерін бұған айтпай ма? Жана­­шыр ағасының өз уәжі бар. Неге легионер? Қазақ емес пе? Сүйегі, жаны – қазақ.

Күні-түні жаттығу үстіндегі Мұрат Жақыпов Астанада еркін күрестен өте­тін республика чемпионатына қатыс­пақ. Кавказдан келген қазақ баласы бар өнерін боз кілемнің үстінде көрсет­пек. Болашақтың сара жолы осы бір сәттен бастау алады. Алда олимпия ойындары. Жұлдызы жанса дейсің де. Ел тіле­гін тілеген меценат Нартай Ысқақов­тың да көкірегін қоламтаның шоғын­дай қыздыратын бір арманы осы. Тағдыр­дың тәлкегімен атажұртынан ажырап қалған бір ұланды туған топырағына әкелді. Енді мерейін үстем болғанын тілейді де. Чемпион болар, болмас. Қалай болған күнде де тағдыр атты тұлпар­дың тұяғының ұшымен сонау Кавказда бүр жарған бозбала енді туған елінің байрағын көтеріп жатса, кімге болсын мерей. Өмір сапарындағы мазмұны мен мәні бөлек айрықша табыс. Әр қазақ бір-бірін іздеп, бір-біріне осылай қамқор болып жүрсе, ғанибет емес пе?

Әрдайым жоқ іздеген жолаушыдай дүйім елге пайдасы тиетін жақсылық­тың жауқазынын іздеп жүретін жомарт жүрек жолаушы Нартай Ысқақовтың ол­жасы осы. Мүмкін Жамбыл өңірінен Мұраттың ағайын-туыстары табылып қалар. Нартай Жұматайұлының көп ізде­ніп тапқан дерегіне қарағанда, Қази ағамыздың кіндігінен тараған ұрпағы қырғыз елінде болса керек. Ал інісі Әтен Якупов Меркеде тұрған көрінеді. Тек тегі Жақыпов емес, Якупов болып жазы­лып кеткен. Кешегі кеңес заманының салқыны.

 

Көкшетау