• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 26 Қаңтар, 2024

Өңірдің өзекті мәселелері көтерілді

73 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды.

Конституциялық заңдар бірлескен отырыста қабылданады

2022 жылы жүргізілген консти­туциялық реформаның нәти­жесінде конституциялық заңдар­ды қабылдау тәртібі өзгер­тілді. Соған сәйкес енді мұн­дай заңдар Парламент палата­лары­ның бірлескен отырысында қа­был­данады. Осы орайда палаталардың әрқайсысы бірлескен отырысқа дейін комиссия құрамына кандидатураларды және қосымша баяндамашыны айқындайды.

Осылайша, бірлескен комиссия құрамына Сенаттан: Конс­титуциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау орган­дары комитетінің төрағасы Нұрлан Бек­назаров, Халықаралық қатынас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин және Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Айнұр Арғынбекова сай­ланды. Сондай-ақ Айнұр Арғын­бекова Сенаттан қосымша баян­дамашы ретінде белгіленді. Алдағы уақытта олар тиісті Конс­титуциялық заң жобасы бойынша жұмыстарға қатысады.

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жа­ғ­дайлар жасау арқылы тарап­тардың экономикалық ынтымақтастығын жандандыруға арналған.

Заң нормалары арқылы та­рап­тардың өзара іс-қимыл жасау, төлемдер мен аударымдар­ды жүзеге асыру тәртібі регла­мент­теледі. Оның ішінде оларға қойылатын шектеулер және тарап пен екінші тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу тәртібі белгіленеді. Сондай-ақ әрбір тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың шектелуге немесе алынып тасталуға тиіс әлсіз секторларын және олармен байла­нысты кәсіпкерлік қызмет түрлерін белгілеу құқығына ие болып қалады.

Палата отырысында «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Инвести­цияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Келісім негізінен инвесторлардың инвестициялық қызметі кезінде олардың құқық­тарының кепілдіктерін бекіту арқы­лы ынтымақтастыққа ар­нал­­ған құқықтық негіз қалып­тастыруды көздейді.

Отырыс барысында атап өтілгендей, аталған заңдарды қабылдау инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді және елдер арасындағы өзара тиім­ді сауда-экономикалық ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

«Мемлекет басшысы Жол­дауында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтуды міндет етіп қойды. Осы мақсатқа жету үшін шетелдік инвес­тиция тарту мәселесіне баса мән беру қажет. Бүгін қаралған заң­дар еліміздің Катар және Сингапур мемлекеттерімен осы саладағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Келісімдер шеңберінде инвестицияларды қолдау шаралары, инвесторлар қатысатын дау­ларды шешу тәртiбi және өзге де мәселелер реттеледі. Жал­пы, мақұлданған заңдар қолай­лы құқықтық орта қалыптастыру арқылы инвестиция тартуға және ел экономикасының дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

 

Шекарадағы шалағай тексеріс

Палата отырысында сенатор­лар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын да жол­дады. Депутат Андрей Лу­кин депутаттық сауалында қазақ-қырғыз шекарасындағы «Шалдуар» өткізу бекетінде жүк тасымалына тиісті бақылаудың жоқтығы туралы айтты. Оның сөзінше, өткізу пунктінде контрабанда мен тыйым салынған заттарды анықтаумен тек шекара қызметі ай­налысады. Онда да тек көзбен шо­лып тексеру жүргізетін болып шық­ты. Бұл тек кейінгі 3 жылдың ішін­дегі жағдай. Бұл кезеңде Қыр­ғыз­станнан Қазақстанға «Шал­дуар» стансасы арқылы 190 мың тон­на жүк импортталып, 3 млн 565 мың тонна экспортталды.

«Бекет зертханасында өнім мен шикізат үлгілерін зерделеу мүмкіндігі жоқ, салдары­нан заң­­сыз тауар, тыйым салын­ған жүк­терді тасымалдау қау­пі жо­ғары. Бұл еліміздің экономи­ка­лық қа­уіп­сіздігіне де теріс әсер етеді. Тиіс­ті бақылаудың болмауы Қыр­ғызстанмен шекаралас өңірлерді қылмыс жайлауына және тауарларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын маргиналды топтардың пайда болуына әкеледі», деді сенатор.

Андрей Лукин Үкіметке осы бекет­те жүктердің қозғалысын бақы­лау тәртібін реттейтін және күшейтетін нормативтік-құқық­тық акт қабылдауды ұсынды. «Құқық­тық олқылықты жою, сон­дай-ақ заң ережесінің бұзылуын болдырмау мақсатында «Шалдуар» бекетінде арнайы бақылау пунктін ашу, вагондарды қарау жылдамдығы мен сапасын арттыратын әдістер­ді енгізу, өт­кізу пункттерінде кептеліс­терге жол бермеу үшін жеке тұйық­ты айқындау, сондай-ақ ел ішін­де тауарды түсіріп алуға жол бер­меу үшін ЕАЭО елдеріне жібері­летін транзиттік вагондарда элек­трондық навигациялық пломбаларды қолдануды ұсынамын», деді депутат.

 

Жалғыздың шаңы шықпас...

Шығыс Қазақстан тұрғындары өңірдегі теміржол қатынасы мәселесін қайта-қайта көтеріп келеді. Сенатор Ольга Булавкина Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында шығысқазақстандықтарды толғандырып отырған осы мәселе­ге назар аударуды сұрады.

Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы­нан Алматыға жалғыз пойыз жүреді. Бұл жолдың өзі 27 сағат уақытты алады. «Жолау­шылардың қауіпсіздігі мен жайлы жүрудің барлық талабына жауап беретін және жолда 16 сағат жүретін «Тальго» пойызы «Алматы – Өскемен» бағыты бойынша 2022 жылдың қыркүйегіне дейін қатынады. Алайда «Жолаушы­лар тасымалы» АҚ ақпараты бойынша, бұл бағыт тиімсіз болуына байланысты жабылып қалды. Бұл халыққа қолайсыз­дық қана емес, билет тапшылы­ғын туғызды. Республикалық трассаның жөнделуіне, сондай-ақ қыс мезгіліндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы қаласына автокөлік қатынасы да қиын», деді депутат.

Сенатор Риддер қаласы тұр­ғындарының Ресейдің шекаралас аймақтарымен – Алтай өлкесі және Новосібір облысымен те­мір­жол жоқтықтан қатынаса ал­май отырғанын атап өтті. Аймақ тұр­ғындарының айтуынша, бұл факт аймақтағы сауда және әлеуметтік бай­ла­ныстардың, сондай-ақ ту­ризм­нің дамуына кедергі келтіреді.

Депутат осыған байланысты Алматыға жүйрік теміржол бағы­тын қалпына келтіру мәселе­сін қарауды, сондай-ақ Ресеймен мемлекетаралық деңгейде, оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының келесі форумы алаңында темір­жолдағы жолаушылар қатынасын жолға қою мәселесін шешуге жәрдем көрсетуді сұрады.

 

Тыйым салынған тағамды тұтынып жүр

Балалар қауіпсіз тамақпен қам­тамасыз етілген бе? Олар сүйіп тұтынатын дайын шетел­дік тағамдардың сапасы қан­дай? Сенатор Бибігүл Жексен­бай депутаттық сауалында осын­­дай сұрақтарды көтерді. Сена­тор өмірге қауіп төндіретін өнім­дер сатылымда көп екеніне алаң­даушылық білдірді.

Депутаттың айтуынша, сапасы күдікті сан алуан азық-түлік пен тауарлар елге тонналап әкелінеді. Ең қорқыныштысы, олардың бір бөлігі мемлекет тексеретін және азық-түлік қауіпсіздігін қатаң сақтайтын ірі зауыттар мен фабрикаларда емес, көшеде және жертөледе жасалуы мүмкін.

«Еліміздің арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы туралы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуға тиіс. Алайда дүкен мен базарларда сау­даланатын бағасы арзан, көздің жауын алатын зиянды тағамдар бойынша осы талаптардың орындалуына бақылау бар ма?», деді сенатор.

Депутат сонымен қатар елі­мізде балаларға арналып жарна­ма­ланған азық-түліктің 72%-ы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған өнімдерге жататындығына назар аударды.

Сенатор елімізде «қоқыс тағамдарын» сатуға тыйым салу, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу, атап айтқанда, осындай өнімдерді жарнамалауға уақыт шектеуін енгізу, зиянды тағамдарға, қан­ты көп, энергетикалық түрлі сусын­дарға «қоғам денсаулығын қол­дауға арналған қосымша салық» салуды қарастыру мәселелері бойынша ұсыныстар айтты.

Сонымен қатар отырыс бары­сында сенатор Әлібек Нәу­тиев Атырау облысында ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру­шілерді алаңдатқан түйткілдерге тоқталып, ірі қара мал өсіруді субсидиялау мәселесіне назар аударды. Сенатор шаруаларды толғандырған проблемаларды оң шешу үшін салық жүйесін қайта қарауды ұсынды.

Депутат Жанна Асанова ұлт­тық санитарлық-эпидемио­логиялық қа­уіпсіздік саласындағы проблема­ларды және Ұлттық сараптама ор­талығының халыққа қызмет көр­сетуіне тыйым салуға әкеп соқ­ты­руы мүмкін тәуе­кел­дерді атап өтсе, Бекбол Орын­басаров са­лық және салықтық емес төлем­дердің жекелеген түр­лерін жергілікті бюджет деңгейіне беру мәселесін көтерді.

Сенатор Ақмарал Әлназарова қан донорларын қолдау шараларын күшейту және олар үшін өтемақы сомасын ұлғайту қажет екенін айтты. Амангелді Толамисов Жетісу облысында күн сайын мыңдаған адам пайдаланатын көпірлердің апатты жағдайда тұрғанын айтып, дабыл қақты. Сенатор бюджетті қайта қарауға қатысты осы бағыттағы бірқатар шараны атап өтті.