• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 26 Қаңтар, 2024

Мегаполистің даму бағыты

126 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Алматы қаласына жұмыс сапары «Footlab» футбол орталығының қызметімен танысудан басталды. Қанатқақты режімде жұмыс істей бастаған жаңа орталықта қазір жоғары білікті 8 бапкер 50 баланы жаттықтырып жатыр.

«Smart Football» жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігінің құрылтайшысы Мұрат Медеуовтің айтуынша, футбол академиясында 5 жастан 12 жасқа дейінгі 1000-ға жуық баланы жаттықтыру жоспарланған.

«Footlab» – спортсүйер қауымға, отбасылық демалысқа, балалар мен ересектер арасында турнирлер өткізуге арналған интерактивті футбол алаңы.

Алматыдағы «Footlab» орта­лығы Португалияның франшизасын алған. Оның бас кеңсесі Лиссабонда орналасқан. Аталған жобаны танымал португал футболшылары Руй Кошта мен Криштиану Роналду «7EGEND» инновациялық компаниясымен бірлесіп жасаған. Бүгінде «Footlab» франшизасы әлемнің 60-тан аса еліне сатылған. Бұл орталық Лиссабон мен Дубайдан кейін үшінші болып, Алматыда ашылды. Жобаға 1,5 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция салынған.

Орталықтың биыл 50 мыңнан аса адам қабылдау, сондай-ақ спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау үшін Алматы қаласының оқушылары арасында турнир өткізу жоспары бар. Инвесторлар еліміздің барлық өңірінде осындай орталықтар желісін ашуды көздеп отыр.

Президент балаларға арнал­ған спорт жобасын дамыту үшін жа­уапты органдарға жер телі­мін бөлу мәсе­лесінде жәр­дем көрсетуді тапсырды және Аста­нада осындай футбол орта­лығын салу туралы бастаманы қолдады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жас футболшыларға табыс тілеп, спорт жейдесіне қолтаңбасын қалдырды.

 

Қаланы сумен қамту – жалпымемлекеттік міндет

Мемлекет басшысы Алматы қаласына сапары барысында мегаполистің сумен қамту ны­сан­дарының құрылысымен де танысты.

Президент әрқайсысының сыйымды­лығы 3 мың текше метр болатын «Балқаш» таза ауыз су стансасының екі резервуарының және сорғы стансасының құры­лысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Каптаж», «Бастау» тоғандары­нан және «Медеу» сүзгі стансасынан келетін судың осы резервуарларда жинақталып, зарарсыздандырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тазаланған ауыз су арнайы орнатылған сорғылардың көмегімен «Каменское плато», «Көлсай», «Юбилейный» және «Мұзтау» шағын аудандарының магистралды желілері арқылы таратылады.

Нысанды аралап көру барысында Мемлекет басшысына Алматы қаласын сумен қамту желісінің қазіргі жай-күйі мен даму жоспары туралы баяндалды.

Президенттің тапсырмаларын орындау аясында қала әкімдігі былтыр жаңа­дан 117 шақырым сумен қамту желі­сін салып, 46 километр су құбырын жаң­ғыр­ту жұмыстарын жүргізген. Аталған шаралар Алматы халқының 99,3 пайызын сумен қамтитын орталық желіге қосуға мүм­кіндік берді. Биыл тағы 142 километр су құбырын тартып, 48 шақырым желі­ге жөндеу жұмыстарын жүргізу жос­пар­ланып отыр. Бұл жыл соңына дейін тұр­ғындардың 99,6 пайызына су жеткі­зіп, желілердің тозу деңгейін 53,8 пайыз­ға дейін төмендетуге септігін тигізеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Медеу ауданы­ның 50 мың тұрғынын сумен қамтудың қосалқы схемасын іске қосу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Ал Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының халқын сумен тұрақты әрі сапалы түрде қамтамасыз ету үшін екі тоған салынып жатыр және тағы екеуінің жобалау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес биыл Қарғалы тоғанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл нысан Наурызбай ауданының 50 мың тұрғынын ауыз сумен қамтама­сыз етеді. Келесі жылы Ақсай тоғанының құры­лы­сын аяқтау көзделіп отыр. Ол Наурызбай ауданындағы 100 мың тұрғын мен Алматы облысы Қарасай ауда­нын­дағы 15 мың тұрғынның суға қатыс­ты мәселесін шешуге септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қала­сын сумен қамта­масыз ету жалпы­мем­лекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар былтыр Алматы қаласының Медеу ауданында болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын ескертті.

– Елімізде сутапшылығы бар. Бізге жалпымемлекеттік бағ­дарлама қажет. Бау-бақша­ны суару үшін ауыз су­ды пай­далануға болмайды. Оның орны­на су үнемдеу технология­сын қолда­нысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көз­дерін іздеу қажет. Алматының тұрғын­дары ауыз судың тапшылығына жиі шағым­данады. Сондықтан кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі керек, – деді Президент.

 

Ахуалдық орталықтың жұмысы ауқымды

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты ақ­парат беретін Ахуалдық орта­лықты аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала әкімі Ерболат Досаев аталған орталық «Big Data» талдауы мен «Open Data» тұжырымдамасын енгізу негізінде сапалы шешімдер қабылдау үшін тиімді құрал болатынын айтты.

Бұл орталық мегаполистегі өмірдің барлық аспектісіне қа­тыс­ты деректерді жинап, тал­дауға, халықты құлақтан­дыру­ға және қала билігінің тұрғын­дармен арадағы кері байланысын қамтамасыз етуге мүмкін­дік береді. Қазіргі уақытта Алматы­ның Ахуалдық орталығы қала тіршілігінің барлық саласын қамтитын 53 модульден тұрады. Деректер 50-ден астам ұйымнан, сондай-ақ мемлекеттік және қала­лық ақпараттық жүйелерден (Ұлт­тық статистика бюросының сайты, «Қылмыстық құқық бұзу­­шы­лықтар картасы», «109 қыз­меті», «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі», «Сергек», «Оңай», Метрополитен, ТЖД және т.б.) жиналады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес балалардың қауіпсіздігіне айрықша мән беріледі. Былтыр Алматыдағы барлық мемлекеттік мектеп пен балабақшада алғаш рет кешенді қауіпсіздік жүйелері енгізілді. Мемлекет басшысына оның цифрлық бейнебақылау камералары, дабыл түйме­лері, өртке қарсы қауіпсіздік жүйе­лері, «Face ID» қондырғысы бар арнайы турникеттер секілді 4 бөліктен тұратыны жөнінде баян­далды.

– Жасанды интеллект азамат­тардың, атап айтқанда, Алматы тұрғындарының әл-ауқатын арт­тыруға қызмет етуге тиіс. Сон­дықтан мен сіздердің жасан­ды интеллект құралдарын енгізу жоспарыңызды қолдай­мын. Бұл бір. Екіншіден, қаладағы көлік жағдайына ерекше назар аудару керек. Мұны анық байқауға болады. Бұл – өте өзекті мәселе. Мұнда жасанды интеллект ерекше рөл атқаруы керек. Әрине, қауіпсіздікті назардан тыс қалдыруға болмайды. Қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек, – деді Президент.

Содан кейін Мемлекет бас­­шысы мегаполистің көлік жүйе­сін дамыту жөніндегі баяндаманы тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2025 жылдан кейін қоғамдық көлікті толықтай газға және электрге көшіру жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндалды. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес алдағы 2 жыл ішінде қоғамдық көліктің барлық коммуналдық автопаркін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар 11 жылда алғаш рет троллейбус паркін жаңарту қолға алынды.

Қалада жол құрылысының қарқыны артып келеді. Алматыда былтыр 70 көшеге 25 шақырым жаңа жол салынса, биыл 136 көшеге жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын жол төсеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ өткен жылы 200 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 250 шақырымға дейін ұлғайтылмақ.

Қаланың Алматы агломерациясымен көлік байланысын қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау аясында жолайрықтар құрылысы жүргізіліп жатыр. Қаланың шетінен орталығына қарай келетін радиалды жолдарды ашу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Осы жыл­дың соңына дейін Саин мен Мөңке би және Сейфул­лин мен Жан­сүгіров көшелерінің қиылысында жолайрығын салу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысына ор­нықты көлік базасын қалып­тастыру жөнінде жүйелі шешім қабылданғаны туралы мәлімет берілді. Оның негізін жылдам жүретін қоғамдық көліктер құрайды. Жаңа BRT, LRT және метро желілерін ашу заманауи мегаполистің талаптарына сай келетін қалалық ұтқырлықтың тиімді моделіне көшуге мүмкіндік береді. Осы орайда «Қалқаман» жаңа метро стансасын ашып, метрополитеннің «Барлық» базарына дейінгі үшінші кезегін салу жұмыстарын бастау керек. Сондай-ақ метроны солтүстік және шығыс бағыттарда дамыту жобаларын жүзеге асыруға кірісу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Төле би көшесімен өтетін және Алматының батысы мен шығысын жалғайтын LRT-нің (26 км) бірінші желісін іске қосу көзделген.

Баяндаманы тыңдаған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев қала­ның көлік жүйесін дамыту жөнін­дегі жобаларды қолдайты­нын атап өтті. Президенттің айтуын­ша, бұл жобалардың іске асы­ры­луы Алматы­ның инвести­ция­­лық тартым­дылы­ғын арт­тыру­ға септігін тигізіп, қала тұр­ғын­­дарының тұрмыс сапасын жақ­сартуға ықпал етеді. Осыған бай­ланысты Мемлекет басшысы тиісті құжаттарды тез арада да­йын­дап, жобаларды жүзеге асы­руға кірісу керек екенін айтты.

 

Қайта түлеген қала әкімдігі

Кейіннен Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қайта қалпына келтірілген қала әкімдігінің ғима­ратын аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа реконструкция кезінде әкімдік ғи­маратының энергетикалық тиім­ділігін едәуір арттыруға ық­пал еткен заманауи материалдар мен технологиялар қолданылғаны туралы баяндалды. Ғимараттың тарихи мәнін ескере отырып, оның архитектуралық келбетін сақтау туралы шешім қабылданды. Мәрмәрлі қасбеттер, жезбен және табиғи тастармен безендірілген ішкі сәндік элементтер бұрынғы қалпына келтірілді.

Реконструкция жұмыстары то­лығы­мен аяқталған үш па­вильон­ға былтыр қазан айынан бастап қала әкімдігінің аппараты мен 14 басқармасы орналасты.

Сонымен қатар Президентке өрттен қатты зардап шеккен №4 павильонда жөндеу жұмыстары жалғасып жатқаны туралы мәлімет берілді. Күмбезді ұстап тұратын қондырғылар мен темір конс­трукция жоғары температураның әсерінен түгелдей зақымданған. Сондықтан күмбезді толықтай қайта жөндеуге тура келді. Қазір бұрынғысына қарағанда әлде­қайда жеңіл, жаңа конструкция орнатылған. Құрылыс жұмыс­тарын ақпан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.