27 қаңтарда халықаралық террористік ұйымның әрекетіне қатысы болуы мүмкін күдікті, 22 жастағы Қазақстан азаматы Ыстанбұлдан Алматыға депортацияланды, деп жазады Egemen.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тергеу материалдарына сәйкес көрсетілген Түркістан облысының тумасы 2020 жылы Сирияға кетіп, онда әрекеттегі қарулы топтардың біріне кірген. Оны ұстауды және отанына беруді ҰҚК түркиялық серіктестерімен бірлесіп, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен ІІМ-нің қолдауымен ұйымдастырды.
Ұсталғанға қатысты ҰҚК Қылмыстық кодекстің 257-бабына сәйкес террористік әрекетке қатысу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруде. Ол сот санкциясымен қамауға алынды. Қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтыны» жазылған ақпаратта.