Биыл Семей қаласындағы Радиотехника және байланыс колледжі базасында жоғары ІТ колледжі ашылады. Ғимарат жобасы«Smart Campus» яғни, «Ақылды үй» жүйесіне бағдарланған, деп хабарлайды Egemen.kz Абай облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Smart Campus студенттерге ақпараттық технологиялар ортасына сай жағдай жасауға бағытталып отыр. Бұл жаңа жүйе құрылғылардың жұмыс істеу принципін және оларға қызмет көрсетуді зерделеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жұмысқа орналасуда колледж студенттері қала (Smart City), облыс (Smart Region), ел (Smart Country) аумағында «Smart Campus»-тың барлық функцияларын іске қосу жоспарда бар.
Колледжді жаңғырту - IT технологиялар, жасанды интеллект, микроэлектроника және телекоммуникация саласындағы ең озық заманауи білім мен дағдыларды негізге ала отырып, жаңа формациядағы мамандарды даярлау мақсатын көздейді. Озық технологиялар қарастырылған заманауи жоба кәсіби білім берудің әлемдік үрдістерін ескереді.
«Smart campus» жүйесі бойынша «Жасыл технологияларды» енгізу, электр энергиясының жаңартылатын көздері ІТ колледждің жоғары бөлігінде орналастырылады. Бұл электр станциясы «Жаңартылатын энергия көздері операторы» жаңа мамандық ашуға, сол саланы игеретін жас буын өкілдерін даярлауға мүмкіндік береді.
Аталған жүйені мердігерлік компания орнатады, ал пайдалану барысында осы электр станциясына колледж оқытушылары мен студенттері өздері қызмет көрсетеді. Өндірілген электр энергиясының артық мөлшері қолданыстағы тариф бойынша төлеммен қалалық электр желісіне беріледі.
Қазіргі уақытта ғимараттағы терезелерді жөндеу, электр қуаты және жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес ғимараттың шатыры мен қасбетін жөндеу, оқу ғимаратының ішкі жөндеу жұмыстары, «ақылды жылыту мен жарықтандыруды» енгізу, сондай-ақ кеңістікті жобалау қарастырылған.