«Қыстың қамын жаз ойла, жаздың қамын қыс ойла» дегендей, қыстың толық екі айдан артық уақыты болса да Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде көктемгі тасқын мәселесі қаралды. Баяндама жасаған «Қазгидрометтің» облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалымова көктемгі тасқынның қаупін бірінші болып жеткізді.
Облыс аумағындағы Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендері және олардың Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық салаларының көктемде арнасынан асып, тасу қаупі бар. Облыста гидрологиялық мониторингтер жасайтын барлығы 19 бекет жұмыс істейді. Осылар өзендер мен оның салаларындағы өзгерістерді бақылап отырады. Қ.Мерғалымованың айтуына қарағанда, тасқынның барысын анықтау үшін қыс түсер алдындағы топырақтың ылғал қорын, қыс аяқталардағы қар суының молдығын, жер қыртысының қату қалыңдығын, көктем жылымығының барысын, су қоймаларының толуын, Ақмола облысындағы тасқынның жағдайын біліп отыру керек. Осылардың бәрін анықтағанда ғана тасқынға болжам айтуға болады. Қазір Есілдің Петропавл қаласы маңындағы суының деңгейі – 236 см. Бұл – кейінгі бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Мұздың қалыңдығы – 9 бен 64 см аралығында. Былтыр ең қалың мұз 75 см болған.
Су мен мұздың көлемі қалыптағы жағдайда болғанымен биыл қар өте көп. Қыс бойы түскен қардың қалыңдығы – 52-155 мм аралығында, бұл – кей жерлерде 1,5-2 есе артық қар түсті деген сөз. Қар жауу әлі де жалғасатын сияқты. Ал қардың түсу нормасы – облыс бойынша 29-58 мм аралығында. Жер қыртысының қатуы бүгінге дейін 123 см-ге жетіп отыр. Міне, осы қардың еруі облыс аумағында тасқын қаупін тудырады. Сондықтан ақпан, наурыз айларында да көбейетін қардың бас бермей кетуіне жол бермеу керек. Ол үшін қар массиві арнаулы төгілетін жерлерге, егіс алқаптарына тасылып тұрғаны жөн.
«Қазгидромет» өкілі алдағы айдың ауа райына синоптиктер болжамын да жариялады. Ақпан айындағы ауа райында қаңтардікінен көп айырмашылық бола қоймайды. Бұл айда да қар мол жауып, кей жерлерде қатты боран болуы мүмкін. Айдың алғашқы және соңғы онкүндіктерінде қатты жел тұрып, борандар үзілмейді. Ауаның температурасы қалыптағыдан 1-2 градус жоғарылылықты көрсетіп, 13-14 градустың төңірегінде болмақ. Болжам бойынша қардың күрт еруі наурыздың соңғы күндерінде басталмақ.
Тасқынға қарсы дайындық жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаев баяндады. Алдымен ол өткен жылдардағы тасқындардың сипатына тоқталды.
«Егер тасқын 2016 жылғыдай болса, онда Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл сияқты он ауданда су басып қалу қаупін күту керек. Ол үшін жағаларды бекітіп, егістік алқаптарын тазартқан жөн. Ал егер тасқын 2017 жылғыдай болса, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар және Уәлиханов аудандарымен қатар Петропавл қаласында да су басу қаупі бар жағдай туа қалса, орындар әзірлеуіміз керек», деді ол.
Ал былтыр қиын жағдай Петропавл қаласы мен Ғ.Мүсірепов ауданындағы Тахтаброд ауылында қалыптасқан. Әйтеуір жедел қимылдап, арықтар мен суағар жүйелерді жедел тазалаудың нәтижесінде ешқандай шығын болған жоқ. Биыл да осы жағдайдың алдын алу керек екені айтылды.
Кейінгі жылдары облыста қардың суы басып қалу қаупі бар елді мекендерге инженерлік-қорғаныс шаралары өткізіліп, бүгінгі таңда 87 ауыл есепке алынды. Олардың аулаларындағы қарды алысқа төгу алдын алу шараларының біріне жатады. Сонымен бірге су бөгейтін инерттік материалдар, қаптар, тиісті техникалар мен оларға қажетті ЖЖМ, су айдағыш техникалар көлемін қордаландыру, арықтар мен суағарларды тазалау да алдын алу шараларына жатады. Бұған қоса өзеннің сеңдері тұтасып қалған учаскелерде жарылыс жасау құралдарының дайын болуы да ескеріледі.
Е.Сарыбаевтың айтуына қарағанда, тасқынмен күрес басталғанда облыста құқық қорғау мен төтенше жағдайлар қызметкерлерінен, Ұлттық ұлан мен полициядан құрылған 475 адамдық топ және 135 бірлік техника дайын тұруы жоспарланған. Осының бәрі 20 наурызға дейін сапқа қойылмақ. Тасқынға тосқын жұмыстарын дайындау осындай жоспарлармен жүргізілмек.
Солтүстік Қазақстан облысы