Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарындағы мол ылғал алдағы жазда ырыздықтың арта түсуіне себепкер. Мамандарды Бұқтырма су қоймасында жиналған судың көлемі қуантып отыр. Көктемде Ертіс өзені жайылмаларының кемі 70 пайызын су басады деген болжам бар.
«Қазгидромет» мекемесінің хабарлауынша, қазіргі сәтте Шығыс Қазақстандағы су қоймасында жиналған судың көлемі 30 млрд текше метрге жеткен. Бұл – өткен жылғымен салыстырғанда 5 млрд текше метрге көп. Көктемгі су жіберу кезеңінде Шүлбі су қоймасынан келетін бүйірлік ағын ойдағыдай болса, Ертіс өзеніне тиесілі жайылмалардың 70 пайызын су басуы керек.
«Былтыр Салааралық су босату комиссиясының шешімімен босатылған су жетпей қалып, жайылмалардың небәрі 30 пайызы тіршілік нәріне қаныққан. Мұндай келеңсіз жағдай кейінгі 10 жылда бірінші рет кездесті. Ал биыл Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында орналасқан су қоймаларында ылғал мол екені байқалады. Үлбі және Уба өзендерінен келетін су да мол болып, көктемгі табиғат қорғау шаралары ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Біздің есебімізше, Ертіс өзені аумағында орналасқан жайылмалардың кемі 70 пайызына су жетеді. Бұған қоса өткен жылы Павлодар облысының әкімдігі өзеннің арнасы мен тармақтарын тазартты. Ол да оң нәтиже беруі керек. Ал судың қашан және қандай көлемде босатылатынын комиссия шешеді», дейді «Ертіс» бассейндік инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.
Айтып өтейік, былтыр Павлодар облысында табиғи гидрологиялық режімнің бұзылуына Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан судың нормаға сай босатылмауы себеп болған еді. Салдарынан өзеннің жайылмалары қанықпай, шабындықтар құрғап кетті. Ертіс өзенінің арнасы тартылғаны өз алдына, құмдауыт жерлердің пайда болуы экологтерді қатты алаңдатып отыр.
Өңір басшылығы су тапшылығынан жиі зардап шегетін аумақтарда лимандық суаруды дамытуға мүдделі. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың ақпарынша, аймақ алдағы алты жыл ішінде барлық лимандық суару жүйелерін реконструкциялауды көздеп отыр. Мысал үшін, биыл Баянауыл ауданында көлемі – 6,7 мың, Май ауданында – 14,6 мың гектар болатын Қолыбаев лимандық жүйесін қайта жаңарту жобасы қолға алынады.
– Облыста суармалы жерлер желісін кеңейту мәселесі – өте маңызды әрі өзекті. Биыл бұл көрсеткішті 175 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін тағы 6 жобаны жалғастырамыз. Біздің фермерлер шетелде шығарылған 81 бірлік суару машиналарын сатып алды (Valley, Zimmatic, RKD, Bauer). Сондай-ақ лимандық суаруды дамыту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Бұлардың жалпы аумағы – 73,3 мың гектар, – дейді А.Байханов.
Лимандық алқаптар бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы осы жылдың ақпан айында шығуға тиіс. Одан соң Су ресурстары министрлігімен бірлесіп, қаржыландыру мәселесі пысықталады. Жалпы, Ертіс-Баян өңірінің фермерлері суармалы жерлерді көбейтуге баса мән беріп отыр. Кейінгі 4 жылда олардың жалпы алаңы 65 мың гектарға өскен. Тек былтыр 6 жоба жүзеге асып, жаңадан 3,3 мың гектар іске қосылған. Шаруалар инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша бөлінген 2,4 млрд теңгені толығымен игерді.
Павлодар облысы