Жуырда Павлодар облысындағы М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Аққу» жобасы аясында «Қыз еркем - кестесімен көркем» атты облыстық байқауы өтті. Аталмыш іс-шараға қала, аудан бойынша бірінші турдан өткен 14 оқушы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Аққу» клубы арқылы мен не алдым?» тақырыбындағы презентация қорғады. «Шеше көрген тон пішер» байқауында ұршық иіріп, жүн түтті, «Ақылына көркі сай» - білгірлер сайысында өз білімдерін ортаға салды, «Тақия тігеміз!» байқауында тақия пішті.
Байқаудың мақсаты - қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық және басқа да жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу, ұлттық қолөнерімізді дәріптеу.
Сайыстың құрметті қонағы - «Кәусар бұлақ» әжелер мектебінің төрайымы және ардақты әже Ғалия Сұнғатова өнерлі қыздарға сәттілік тіледі.
Айта кетсек, аймақ бойынша 2021 жылы «Аққу» облыстық жобасы іске қосылып қыз балаларға арналған клубтар ашылды. Бұл жоба жасөспірім қыздардың әлеуметтік-құқықтық және психологиялық құзыреттілігін дамытуға жағдай жасау, психологиялық күйзелісті жеңуге, ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды зерделеу арқылы рухани құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған. Қазіргі таңда облыс бойынша 251 «Аққу» қыздар клубтары жұмыс істейді, оның ішінде 3643 қыз балалар тәрбиеленеді. Ерекше тізімде тұрған қыз балалар саны - 32.
Байқау қортындысы бойынша бас жүлде Айгерім Хасановаға бұйырды. Жетекшісі - Бауыржан Момышұлы атындағы ЖОББМ, Назира Сейтова.
1 орын - Мадина Бекет, Екібастұз қаласы, Байет жалпы орта білім беру мектебі, жетекшісі - Еркен Алпемаш.
2 орын - Алина Жұмабекқызы, Шарбақты ауданы, Абай атындағы ЖОББМ, жетекшісі - А. Смайлова.
2 орын - Ақерке Тортай, Май ауданы, Аманкелді Иманов атындағы ЖОМ, жетекшісі - Бибігүл Кабдуллина. 3 орын - Айару Олжабаева, Железин ауданы, Міржақып Дулатұлы атындағы №3 ЖОМ, жетекшісі - Әмина Құсайынова.
3 орын - Ақсана Сәбитқызы, Теренкөл ауданы, Қатша Оспанова атындағы №3 ЖОББМ, жетекшісі - Н. Шугаипова.
3 орын - Маржан Умарова, Ақтоғай ауданы, Абай атындағы ЖОББМ, жетекшісі - Маржан Сейл.
«Сайыстың ерекшелігі - қатысушылардың тақия тігу өнерін көрсету, ұршық иіріп, жүн түту және «Аққу» қыздар клубының мүшелірінің өз жергілікті клубтарын таныстыру», деді облыстық «Аққу» жобасының үйлестірушісі Майя Темірболатова.