27 қаңтар күні облыстық онкологиялық диспансерде «Ашық есік» күні өтті. Іс-шараның мақсаты – тұрғындарды қатерлі ісік ауруынан сақтандырып, алдын алу. Осы мақсатта онкологиялық орталықта 20 кабинет жұмыс істеп, дәрігерлер мігірсіз еңбек етті, деп хабарлайды Egemen.kz Қоғамдық коммуникация орталығы өңірлік онкологиялық диспансердің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Таңғы сағат 09.00-ден бастап, түскі 13.00-ге дейін есігін айқара ашқан онкологиялық орталыққа 101 тұрғын келіп, өз денсаулығын тегін тексертіп, мамандардан ақысыз ақыл-кеңес алып үлгерді. Оның 17 адамына қатерлі ісік алды деген диагноз қойылып, 5 тұрғын осы ауруға шалдығуы мүмкін деп танылды. Бұдан басқа 10 адамнан басқа да түрлі аурулар табылып, оларға қажетті дәрігерлік кеңестер берілді.
Сондай-ақ циталогиялық тексеруден – 74 адам, УЗИ аппаратынан – 60, маммографиядан – 31 және төмен дозалы КТ құрылғысынан – 27 адам өтіп, жалпы саны 192 тексеру тағайындалды.
Республикалық онкология және радиология ғылыми-зерттеу инситутының мәліметі бойынша, өткен жылы еліміз бойынша, 2035 әйелге жатыр мойыны обыры диагнозы қойылған. Жыл сайын бұл аурудан 40-44 жас аралығындағы 600-ге жуық нәзік жанды қайтыс болады екен. Мамандар қатерлі ісік дертіне салғырт қарамай, дер кезінде медициналық тексеруден өтіп тұруға кеңес береді.
Айта кетейік, мұндай тегін тексерулер облыстық онкологиялық диспансерде тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.