«Air Astana» өзінің бағалы қағаздарын Лондон қор биржасында (LSE), MFCA қор биржасында (AIX) және Қазақстан қор биржасында (KASE) листингке шығарады деген әңгіменің желдей ескеніне біраз болса да, оның орындалатынына ешкім сенбеген. Таяуда осы тақырыпқа арналған брифингті ашқан «Air Astana» АҚ президенті және бас атқарушы директоры Питер Фостер «Air Astana»-ның көпшілік қаржы нарығына шығатынын хабарлады.
«Орталық Азия мен Кавказдағы аса ірі әуе компаниясы ретінде біздің осы саладағы мәртебеміз, нарықтық позициямыз және өсім профиліміз тартымды инвестициялық мүмкіндік бола алады деп сенемін. Біз жаңа қазақстандық және халықаралық инвесторларды компания акционері ретінде қатарымызға қабылдауға дайынбыз», дейді П.Фостер.
Акциялардың бағасы мен саны әлі белгісіз. Әуе компаниясының акциялары LSE, MFCA қор биржасында (AIX) және KASE-де сатылымға шығарылған. «Air Astana»-да акцияларды тек үш сатушы бар: оның ішінде біз, «Самұрық-Қазына» және BE Systems. Транзакцияның жалпы көлемі 120 млн доллардан айтарлықтай асуы мүмкін. Мен нақты болжам айта алмаймын. Біз Лондон қор биржасының ережелерімен шектелеміз», деді П.Фостер.
Қазір әуе компаниясы 2023 жылға арналған қаржылық аудиттің қорытындысын күтіп отыр. Сондықтан қандай да бір болжам жасаудың қажеті жоқ. Ал П.Фостер компаниясы жұмыс істей бастаған күннен бастап барлық кезеңде дерлік жақсы пайда әкелгенін атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, бастапқы орналастыру елдің инвестициялық нарығына қатты әсер етеді. Halyk сарапшысы Алина Рыспаеваның айтуынша, әрбір жаңа компанияның IPO-ға шығуы отандық инвестициялық нарыққа оң әсер етеді. Бұл – барлық ойыншы үшін, компанияның өзі үшін, брокерлер үшін және әрине, инвесторлар үшін тамаша мүмкіндік.
Сарапшылардың көпшілігі бәсекелес ортаға шығарылатын активтер тізімін кеңейтуді қолдап отыр. Бірақ ел көңілінде сол компаниялардың IPО-дан кейінгі тағдыры не болмақ деген алаң көңіл бар. «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго» немесе «KEGOC» сияқты ірі энергетикалық компаниялардың жекешелендіріліп, IPO-сы өткеннен кейін олардың өніміне тариф белгілеу мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. Нарықтық қатынастар мемлекеттік меншік үлесін азайтуды құп көреді. Мемлекет үлесінің кемуі экономиканың қозғаушы күшіне айнала алатын әлеуметтік топ өсіп шығуына жол ашады. Қазіргі кедергі қаржылық сауаттың кемшіңдігіне ғана байланысты болып тұр.
«Air Astana»-ның жылдар бойы кейінге қалдырып келген көші 2024 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланып отыр. Компания акцияларының кем дегенде 25 пайызы сатылымға шығады. Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығына шығу уақыты осы жылдың ақпанына белгіленген.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жекешелендіру және активтерді қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Адиқожаев «Air Astana» АҚ акциялары нарыққа шыққан кезде қордың негізгі міндеттері экономикадағы мемлекеттің үлесін одан әрі қысқарту, компанияларды корпоративтік басқаруды дамыту екенін айтты.
«Сондай-ақ компанияны дамытуға арналған мәміледен қаражат тарту арқылы және «Самұрық-Қазынаға» тиесілі үлесті сатқан жағдайда Ұлттық қор қаражатпен толықтырылады. Сонымен қатар отандық бағалы қағаздар нарығын дамыту, халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауатын арттыруға басымдық беріледі», деді Д.Адиқожаев.
Бағалы қағаздарды қор биржасында орналастыру үшін «Air Astana» Citigroup Global Markets Limited, Jefferies International Limited және WOOD & Company Financial Services компанияларын тартты. Қазақстан тарапынан бұл үдеріске «Halyk Finance» АҚ, «Freedom Finance Global PLC», сондай-ақ «BCC Invest» АҚ, «SkyBridge Invest» АҚ және «Jusan Invest» АҚ қатысып жатыр. «Air Astana» құнды қағаздарына өтінімдерді қабылдау 29 қаңтарда басталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Air Astana» – «Самұрық-Қазына» қоры (акциялардың 51%) мен британдық BAE Systems PLC компаниясының (акциялардың 49%) бірлескен кәсіпорны. П.Фостер компания IPO-дан кем дегенде 120 млн доллар тартады деп күтеді, дегенмен түпкілікті сома әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. «120 млн долларды қалай пайдаланады?» деген сауалға жауап берген ол бұл қаражат жаңа ұшақтарды сатып алуға емес, компанияның түрлі ішкі қызметін дамытуға жұмсалатынын айтып берді.
«Біз бұл ақшаны әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге, техникалық персоналды оқыту курстарына, жерүсті жабдықтарына және борттағы тамақтандыру сияқты қосымша қызметтерге жұмсамақпыз», деді П.Фостер.
Осы ретте Д.Адиқожаев журналистерге «FlyArystan» қазірдің өзінде тәуелсіз ұйым екенін түсіндірді.
«Бұған дейін «FlyArystan» «Air Astana» әуе компаниясының құрылымдық бөлімшесі болған. Ал қазір «FlyArystan» – 100 пайыз еншілес компания. Яғни бұл қазірдің өзінде тәуелсіз заңды тұлға және бөлінді деп айтуға болады», дейді.
Сондай-ақ «FlyArystan» еншілес компания болып қала беретіні және мұнда ешқандай өзгерістер болмайтыны да осы жиында хабардар етті.
«Жақында «FlyArystan» әуе операторының жеке сертификатын алады. Біз ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылаушы органдардың талаптарын орындауды жалғастырамыз. Бірақ бұл акционерлердің корпоративтік құрылымындағы ұсынылған өзгерістерге ешқандай әсер етпейді», деді П.Фостер.
Сарапшылар «Air Astana»-ның құнды қағаздарының күтілетін табысы қандай болуы мүмкін?» деген сұраққа жауап беру қиын болатынын, болжам жасау әлі ерте екенін осы күнге дейін талай рет айтқан. Жиын барысында сөз алған спикерлер бұл мәселені нарықтың өзі шешетінін тағы да қайталады.
Ал Д.Адиқожаев өз кезегінде қор биржасында орналастырылған компаниялардың акциялары уақыт өте келе өсетінін айтып өтті. Оның айтуынша, «Air Astana»-ның мемлекеттік капитал нарығына шығуы – Қазақстан экономикасы мен тұтастай алғанда авиация саласы үшін маңызды оқиға. Ұсынылған мәміле құрылымы бойынша жергілікті валютадағы жай акцияларды да, АҚШ долларындағы жаһандық депозитарлық қолхатты да ұсыну жоспарланып отыр.
Жергілікті ұсынысты жүзеге асыру үшін компания «Halyk Finance» АҚ бірлескен букреннер ретінде, «Freedom Finance Global PLC» жетекші менеджер ретінде, сондай-ақ бірлескен менеджер ретінде «BCC Invest» АҚ, «SkyBridge Invest» АҚ және «Jusan Invest» АҚ-ны тартты.
Брифингте біздің ұшақтардың неліктен ұзақ жылдар бойы басқа мемлекетте тіркелгені туралы мәселе көтерілді. П.Фостер бұл жағдайды кеме жұмысының ыңғайлылығы мен қауіпсіздігіне басымдық беруімен түсіндірді.
«Компания құрылған сәттен бастап барлық техникалық және технологиялық параметрі Еуропалық комиссия енгізген EASA Part-145 әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету стандартының талаптарына сәйкес сертификатталған. Сондықтан Еуропалық Одақтың юрисдикциясында барлық техникалық және технологиялық параметрге толық сәйкестігін қамтамасыз ету үшін компанияның ұшағы тіркелді», деді П.Фостер.
Оның пікірінше, қазіргі басқару шешімі тиімді жұмыс істейді. Бұдан шығатыны, жақын арада отандық ұшақтар елімізде қайта тіркеуден өтпейді.
Апта басынан бері отандық басылымдар «Air Astana»-ның қаржылық капиталы қанша?» деген мәселені көбірек талқылап жатыр. Кейбір сарапшылар компанияның құны 481-ден 625 млрд теңгеге дейін немесе 1,06-дан 1,37 млрд долларға дейін болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл инвестицияны алғанға дейін бағалау 453-тен 575 млрд теңгеге дейін немесе 1-ден 1,26 млрд долларға дейін ауытқуы да мүмкін.
Қазақстандағы жолаушылар ағыны 2019 жылмен салыстырғанда 2023 жылдың соңына қарай 53 пайызға көбейді деген дерек бар. Ал «Air Astana» Қазақстандағы ішкі тасымалдаудың 69% және халықаралық тасымалдаудың 53% үлесімен нарықтағы мықты позицияны сақтап отыр. Алдын ала мәліметке сенсек, IPO-да компания шамамен 1 млрд долларға бағалануы мүмкін. Британдық «BAE Systems» қорғаныс компаниясы мен Қазақстанның «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өз үлесінің бір бөлігін инвесторларға ұсынады.
Қазір «Air Astana» акцияларының 49%-ы – «BAE Systems»-ке, ал 51%-ы – ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі.Акционерлер өздерінің жалпы үлесін шамамен 50%-ға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар науқан кезінде қосымша акциялар шығарылады.
Апта басынан бері басқа брокерлер де өз бағаларын берді:
– «Jusan Invest» қолма-қол ақшаны есепке алмағанда 415-тен 550 млрд теңгеге дейін, қолма-қол ақшаны есепке алғанда 460-тан 595 млрд теңгеге дейін кең бағалау дәлізін белгілейді.
– «Halyk Finance» «Air Astana» әуе компаниясының әділ құнын 980 млн-нан 1,195 млн долларға дейін немесе IPO-ға дейін 445 млрд теңгеден 544 млрд теңгеге дейін деп болжайды.
Сарапшы Ғалым Құсайынов әлеуметтік парақшасында «Air Astana»ның қор нарығына шығуы көптен күтілген құбылыс екенін айтыпты. Сарапшылардың дені Қазақстан азаматтарының ірі компаниялардың IPO-сына қатысуына көңіл бөлу қажет екенін алға тартып отыр. Ал сарапшылардың тағы бір тобы IPO кезінде қазақстандық жеке тұлғалар мен институционалдық инвесторлардың өтініштері бірінші кезекте қанағаттандырылуға тиіс деп тұжырымдайды.
АЛМАТЫ