Атырауда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар былтырғы мамырдан бері көлеңкелі кәсіптен табыс тауып отырған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атырау облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің айтуынша, бұл дерек облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде анықталған.
«Атырау қаласында 2023 жылдың мамыр айынан осы кезге дейін заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі анықталды. Мұнда покер ойыны ойнатылған. Нысанға тінту жүргізілді. Мекенжайдан 440 дана покер фишкасы, 294 дана ойын картасы, ойын төсеніштері, ұялы телефондар мен 2 млн 660 мың теңге, басқа да маңызды заттар алынды», деп мәлім етті Бекболат Әнесов.
Қазір күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 1-бөлігімен (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.