Жастардың ертерек белгілі бір кәсіпті игеріп, өз күндерін өздері көруге ұмтылуы әбден құптарлық. Әрі сүйіп істейтін мамандықты меңгереді.
Өңірде 300-ден аса студент облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы әр қилы жұмысқа орналасып, табыс тауып жүр. Білім алуға да үлгеріп, ата-аналарына қарап қол жая бермей, қажетті қаржыны өздері табуға дағдылану – жақсы қасиет. Орталықта бүгінде жұмыс істегісі келіп ынталанған жастарға арналған он бағыттан тұратын бағдарлама бар. Орталық мамандарының айтуына қарағанда, мектеп оқушыларына да қолынан келетін жұмыс тауып бере алады екен. Бұл талпыныс халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартады. Әрі жастарға шарапаты тиетін шаруа. Жұмыс істеймін деген ынта да бар. Ең бастысы, осы. Мәселен, өткен жылы орталық арқылы 35 мыңнан аса адам тұрақты табысы бар жұмысқа орналасқан. Бұл – 35 мың отбасының дастарқаны жүдемейді деген сөз. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Ақыл таразысына салып қарасаңыз, бұрын екі қолға бір күрек таба алмай жүрген осыншама адамның жұмысқа орналасуы – тәп-тәуір жетістік.
– Жұмыспен қамтуда негізгі төрт жоба бар, – дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Мұхамедин. – Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жоба Атбасар, Зеренді және Сандықтау аудандарында жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономиканың өсуі» ұлттық жобасы аясында 1 мыңнан аса жұмыс орны бар.
Осындай игілікті шаралар ел ішіндегі жұмыссыздық дейтін кеселді жоюға тиіс. Бұл арада жастарға жеткілікті көңіл бөлініп отырғанын айта кетуімізге болады. «Жастарға шағын несие беру» бағдарламасы бойынша өткен жылы 150-ден аса жас маман өз кәсібін ашу үшін 2,5 пайыз үстемемен жеңілдетілген несие алды. Ал биыл 200-ге жуық адамға несие беру жоспарланып отыр. Бір атап айта кетерлігі, өз ісін бастау үшін кәсібін ашамын деген жастарға 5 млн теңгеге дейін несие берілмек. Қызмет көрсету саласына – 35, азық-түлік және бөлшек саудаға – 17, өсімдік шаруашылығына – 4, жеңіл және ауыр өнеркәсіпке 18 несие бөлініп отыр. Осы арада маңызды бір сала мал шаруашылығын дамыту да мықтап ескерілген. Төрт түлік малды өсірумен айналысса, ауылдағы жастар да қатардан қалмай өз қолдары өз ауыздарына жетіп қалар еді. Биыл мал шаруашылығын дамытуға несие алсам деп ниеттеніп отырғандар саны – 111 адам несие алмақ.
Жастарға жанашырлық көрсетіп, қоғамдағы өз орнын табуға жәрдемдесу – мемлекеттің басты ұстанымы. Осы орайда биыл «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламаларына басымдық беріледі.
Жастарға қолдау барын сезінген ауылдағы азаматтар өздері қалаған, келешегін барлап, көңілге түйген шаруаларымен айналысып жатыр. Біржан сал ауданында ауылдық жерлердегі бизнесті дамытуға айрықша басымдық беріліп отыр. Түптеп келгенде бұл ниеттің ауылдағы ағайынның әлеуметтік тұрмысын жақсартып, елде тұрақтап қалуына көмек қолын созу деп түйсінуге болады. Осы ауданда кәсіпкерлікті дамыту аясындағы ұлттық жобаның 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша өткен жылы алты грант беріліпті. Ел ішіндегі жақсылық хабар естілмей жата ма? Қамқорлық жайлы құлақтанған, бір кезде ірі қалаларға көшіп кеткен жастардың алдыңғы легі атамекенге ат басын бұрып қайтып келіп жатыр. Бұл – өте қуанышты жағдай. Олардың кейбірі өз қаражаттарын салып кәсіппен айналысып жатыр. Солардың бірі – Темірлан Хафизов. Жас кәсіпкер өткен жылы Степняк қаласында жартылай фабрикаттар шығаратын цех ашқан. Дес бергенде ісі оңынан оңғарыла бастағанға ұқсайды. Әрине, кез келген соны соқпақтың кедергісі болары даусыз. Әйтсе де екпіні үй жыққандай жастық жігермен өз шаруасын бастаған өрімдей жас қазір өнімнің 15 түрін шығарып, 22 дүкенде тұтынушыларға ұсынады. Сегіз адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
– Елге көшіп келіп, шағын шаруамен айналыстым, – дейді жас кәсіпкер Темірлан Хафизов. – Алдымен дүкендермен келістік те, өзіміз нан пісіріп жеткізіп беріп отырдық. Кейін бағдарлама арқылы несие алып, цех салып алдық. Көп көмек болды. Әйтпесе, қаржыны қайдан аларымызды білмей қиналып жүр едік. Алдағы уақытта көршілес облыстарға да өз өнімдерімізді жеткіземіз бе деп үміттеніп отырмыз.
Ұмтылған жанның жұмысы алға басары даусыз. Степняк қаласын «Еңбек Астық» кәсіпорны нан өнімдерімен халықты қамтамасыз етеді. Бұл да – кәсіпкердің өз қаражатымен басталған шаруа. Кәсіпорын болашақта нан өнімдерінің түрлерін көбейтпек.
– Бұрын Степняк қаласына нан өнімдерін өзге өңірлерден тасымалданатын, – дейді «Еңбек Астық» серіктестігінің басшысы Күлзия Сауырбаева. – Кейде қала тұрғындары нан өнімдері қашан жеткізіледі екен деп алаңдап отыратын. Қазір нан өнімдері жергілікті жерде шығарылып, тұтынушыларға ұсынылып жатыр.
Дәл қазір жұмыс істеймін деген жанның алдынан сара жол ашылып тұр. Ендігісі тек әркімнің өзіне, талпынысына байланысты.
Ақмола облысы