Петропавлдың жылу жүйесі атақты «СевКазЭнерго» АҚ-тың бір бұтағы «Петропавлдың жылу жүйелері» (ПЖЖ) ЖШС толығымен басқаның басқаруына берілген. Басқаша айтқанда, бәрі жекеменшікте. Атышулы 2-ЖЭО да солардың иелігінде. Дүние жекеменшіктікі болған соң жергілікті әкімдік олардың жұмысына араласпайды, тек апат болып, жылу берілмегенде ғана халықтың қалауымен дауыс көтерген болады.
Көзбен көрген дүниені ғана айтсақ, желтоқсанның ортасында болған 40 градустық аязда С.Мұқанов көшесіндегі «Мұхаммед мешіті» мен «Облыстық балалар ауруханасының» арасындағы жылу құбыры жарылып, ПЖЖ жұмысшылары сақылдаған сары аязда соны жөндеп жатты. Үйіміз жақын болған соң кешке барып көрсек, жұмысшылар құбырды ауыстырғанымен, оны көмбей, жалаңаш тастап кеткен. Шамасы үлгермеген болуы керек, ертесіне сыртын қаптайтын шығар деп ойлағанбыз. Алайда сол құбыр, міне, бір айдан асты, әлі күнге қапталмай, даланы «жылытып», буы бұрқырап сол күйі жатыр. Әлеуметтік желілерге суретін көрсетіп, бірнеше рет салдық, тіпті қалалық әкімдік білмеген шығар деп оларға да хабарладық. Селт еткен жан болған жоқ. Ал жылудың ауаға кеткен артық шығынын жекеменшік компания тұрғындардан өндірері сөзсіз.
Осындай жағдайдан кейін қалалық әкімдіктің елге, халыққа, мемлекетке қаншалықты жаны ашитынын көре беріңіз. Серік Мұхамедиевтің Ғ.Мүсірепов ауданы әкімі болып жүрген жерінен қалаға ауыстырылғанына бір жылға жуықтады. Бірақ бір белсенді қызметін көрген емеспіз, аман-есен зейнетке шығуды ғана ойлайтын сияқты. Обалы не керек, бұрынғы әкім Болат Жұмабековті қаланы аралап, ұңғыл-шұңғылға назар аударып, жаяу жүргенін жиі көретін едік. Жұмыс істегеннің нәтижесі де болады ғой, оның кезінде қоқыс та шығарылатын, қар да төгілетін, құбыр да өте сирек жарылатын. Ал С.Мұхамедиев келгелі тұрғындар қоқыстың тасылмайтынына, қардың шығарылмайтынына жиі шағым айтады. Тікелей болмаса да, әкімнің жіті бақылауы болмаған соң құбырлар да жиі жарылады. Күні кеше Назарбаев көшесі 154-үйдің тұсындағы ыстық судың құбыры жарылып, бұрқыраған бу аспанға атты. Соның кесірінен ПЖЖ Жұмабаев көшесіндегі – 4, Назарбаев көшесіндегі – 6, «Казахстанская правда» көшесіндегі – 1, Абай көшесіндегі – 11, Бостандық көшесіндегі – 3, Интернационал көшесіндегі – 4, Пионер көшесіндегі – 6, Совет көшесіндегі – 2, Пушкин көшесіндегі 1 көпқабатты үйлерге құбыр жөнделгенше жылу берілмейтінін хабарлады. Ұзын саны 28 көпқабатты үй, бір балабақша, бірнеше жекеменшік үй жылусыз қалды. Әйтеуір осы күндері қатты аяз жоқ, әйтпесе тұрғындардың, әсіресе жас баласы мен кәрісі бар үйлердің көрген күні қараң.
ПЖЖ 200 мм құбырдың зақымдалғанын айтып, кешкі сағат 20.00-ге дейін жөнделетінін хабарлады. Бірақ күні бойы аңыраған үйде отыру оңай емес.
Ескі құбырлардың жарылуы табиғи құбылыс болсын-ақ, бірақ жергілікті биліктің оларды қадағалауы, мүмкіндігінше жекеменшіктен жұмыстың жітілігін талап ету керек қой. С.Мұқанов көшесіндегі жоғарыда айтылған құбырдың қапталмауына ПЖЖ ғана емес, әкімдіктің де кінәлі екендігі сөзсіз. Егер құбырлар технологияға сай күтіліп отырса, жарылыс та аз болар еді.
ПЕТРОПАВЛ