Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар отбасылық зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті қатаңдату туралы заң жобасын жұмысқа алды. Сонымен қатар екі халықаралық құжат ратификацияланды.
Атап айтқанда, Мәжіліс қарауына «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат енгізілді. Құжат жөнінде депутат Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.
«Заң жобасы Мемлекет басшысының отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату тапсырмасына толығымен сәйкес келеді. Заң жобасында біз келесі негізгі нормаларды ұсынып отырмыз. Біріншіден, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру енді әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке жатқызылады. Жазасы әлдеқайда қатаңдайды.
Екіншіден, жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зомбылық туралы бұқаралық ақпарат құралдары немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқы беріледі. Үшіншіден, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігі беріледі», деді А.Аймағамбетов.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, заң жобасы аясында педофильдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ суицидті насихаттағаны немесе суицидке итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Құжатта балаларға арналған интернаттық ұйымдарды алдын ала ескертусіз кез келген уақытта тексеру секілді басқа маңызды нормалар ұсынылған.
Сондай-ақ жалпы отырыста «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Құжат жөнінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады. Сала басшысының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шаралар, тұтынушылардың құқын қорғау, тарифтік емес реттеу, бәсекелестік, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысты 32 түзету енгізіледі.
«ЕАЭО елдерінің Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізбесінде болмаған, яғни зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитарлық шаралар енгізіліп жатыр. Елімізде бұрын анықталмаған зиянкес жаңа жәндіктер тіркелген. Мұндай жәндіктер бірыңғай тізімде жоқ. Қазіргі таңда бірыңғай келісілген тізімдегі зиянкес жәндіктерге қатысты ғана уақытша карантиндік фитосанитарлық шаралар енгізіліп жатыр. Осы жағдайда Хаттамада ЕАЭО елдерінің шұғыл фитосанитарлық шараларды енгізуі құқығы ескеріліп отыр. Бұл ретте тараптар мұндай шараның енгізілгені туралы қалған елдерді алдын ала хабардар етуге тиіс. Осындай жағдайларда өзара хабарлау тәртібін комиссия әзірлеп бекітеді», А.Шаққалиев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, Ұлттық электронды цифрлық қолтаңбаларды өзара тануды қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды бекітуге Комиссияның құзыреті енгізіледі. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2023 жылғы 25 мамырда қол қойған Хаттамаға ұлттық электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану нормалары да енгізіледі. Осылайша отандық кәсіпкерлер ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің электронды сатып алуларына қатысуға мүмкіндік алады. Құжатта отандық өндірушілерді қорғау тетіктері қарастырылған және ұлттық мемлекеттердің мүдделері ескерілген. Сонымен қатар тауарлардың импорты мен экспортына рұқсат беру жүйесі электронды форматқа көшіріледі.
«Ережелер уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындауға және электронды форматта өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тұтынушылардың құқығын қорғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі», деді А.Шаққалиев.
Осылайша электронды коммерциямен айналысатын ЕАЭО-ға мүше елдердің кез келген компаниясы өз қызметін тұтынушы елдердің ұлттық заңнамасын ескере отырып жүзеге асырады. Түзетулерді ратификациялау ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің кәсіпкерлерінің режімді сақтауын жеңілдетеді және фитосанитарлық қауіпке байланысты жаңа кедергілерді жояды.
Жалпы отырыста «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Соған сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының көрші ел аумағында тіркеусіз жүру мерзімі 5 күннен 30 күнге дейін ұзартылды. Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкент қаласында жасалды. Жаңа құжат қос мемлекет азаматтарының бір-бірінің аумағында болуы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді және бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстың, іскерлік және мәдени тәжірибе алмасудың одан әрі дамуына оң әсер етеді.
«Мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Негіздері – жұмыс істеу, емделу, оқу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу. Осылайша, көші-қонды бақылаймыз. Одан басқа елде болу мерзімдерін жаңарту мәселесі шешілмек. Бірақ олардың болу мерзімі алты ай ішінде 90 тәуліктен аспауға тиіс», деді заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Сала басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан азаматтар Өзбекстанда 5 күн ішінде тіркеуден өтуге міндетті. Шетелдіктер Қазақстанда міндетті тіркеу мен көші-қон карталары 2020 жылдан бастап талап етілмейді.
Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. 2019 жылдан бастап тауар биржаларында мәміле бойынша трансферттік баға белгілеуге бақылау жүргізілмеген. Нәтижесінде, нарықтағы бағадан төмен бағамен экспорттық мәмілелер жасау (сатып алушымен сөз байласу) арқылы капиталды елден шығару қаупі туындайды.
2019 жылы Қазақстандағы тауар биржалары арқылы өткізілген сұйытылған газ және астық импортталатын мемлекеттегі (Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан) нарықтық бағадан 10-25 пайызға төмендетілгені анықталды. Бұл тексеру тек 2019 жылы жүргізілген. Заң жобасы қабылданғаннан кейін егер мемлекет сатып алушының тауарды жеткізуге байланысты барлық шығынын ескере отырып, сәйкессіздікті анықтаса, сатушы компанияға қатысты сатудан түскен кіріске түзету енгізіледі. Бұл қосымша салық төлемдеріне әкеледі.
Бағалардың нарықтық диапазоны жетілдіріледі. Қолданыстағы заңда бағалардың диапазоны ең төменгі және ең жоғары болып айқындалады. Жаңа редакцияда бұл диапазонды қысқарту ұсынылып отыр. Мысалы, Қазақстан компаниясы шетелдік трейдерге 10 млн долларға 1 мың тонна металл сатады. Одан соң трейдер металды Еуропа елдеріне 12,5 миллион долларға қайта сатады, онда трейдердің қайта сатудағы маржасы 25 пайызды құрайды. Компания салыстырмалы компаниялардың іріктемесін жасайды, онда ең төменгі маржа 1 пайыз, ең жоғарысы 30 пайыз болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, трейдер маржасы 1 пайыздан 30 пайызға дейін барады. Ұсынылып отырған түзетулерде бұл диапазон 10 пайыздан 20 пайызға дейінгі аралықта болады. Яғни 10 пайыздан аз және 20 пайыздан жоғары экстремалды мәндер алынып тасталады.
Мәмілеге қатысушы тараптардың өзара байланысты анықтамасы кеңейтіледі. Кейбір ірі салық төлеушілер экспортталатын өнімді сату кезінде ең аз тәуекелді қабылдайтын және өзара байланысты тараптар ретінде танылмаған жасанды делдалдық құрылымдар құрған. Заңнаманың арқасында мемлекет мұндай компанияларды анықтап, тиісті салық тетіктерін қолдана алады. Сондай-ақ үш деңгейлі есеп беруге қойылатын талаптар өзгереді. Трансферттік баға белгілеуде есеп берудің мынадай 3 түрі бар: жергілікті, негізгі, еларалық.
Түзетулер нарықтық бағаны пайдалану негіздемесін қамтитын жергілікті есеп беруді ұсынуға қатысты. Енгізілетін өзгерістер жергілікті есепті ұсынатын тұлғалар қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл талап енді бейрезидент өзара байланысты тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын барлық салық төлеушіге қатысты болады. Бастама мемлекеттік кірістер органдарына өзара байланысты тараптар арасындағы трансферттік баға белгілеу кезінде қашықтан бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ заң жобасында экспорттаушыларға нарықтық бағаны анықтау әдісін таңдауға рұқсат етіледі. Қолданыстағы заңда қатаң тәртіппен жүзеге асырылатын нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдану иерархиясы бар. Егер салық төлеуші 5-әдісті қолданғысы келсе, онда ол алдыңғы 4 әдісті қолданудың мүмкін емесіне негіздеме дайындауы қажет. Енгізілетін өзгерістерде бұл иерархия алып тасталады. Енді салық төлеуші 1-әдісті қолданудың мүмкін емес екенін ғана дәлелдеп, қалған 4 әдістің кез келгенін өз қалауымен қолдануы керек. Бұл бастама уақыт пен қаржы үнемдейді, қызметкерлерге түсетін жүктемені азайтады, сондай-ақ өзге де ықтимал шығындарды болғызбайды.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері бірқатар заң жобасын жұмысқа қабылдады. Атап айтқанда, күзет қызметі мәселелері және сатып алу және заңнамалық актілерді нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуі тұрғысынан ревизиялау мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер алдағы уақытта қаралады. Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.