• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Денсаулық 02 Ақпан, 2024

Қатерлі ісік – елеусіз қалдыруға болмайтын дерт

438 рет
көрсетілді

Әлем халқы, медициналық қауымдастықтар қатерлі ісікке қарсы күрес жұмыс­тарына келгенде тізе қосып, ұдайы тәжірибе алмасып отырады. Қалай дегенде де ресми деректерге үңілсек, дүние жүзінде қатерлі ісік өлім-жітім де­регі бойынша екінші қатарда тұр. Аурудың қаупін, себеп-салдарын ескеріп, 4 ақпан Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні болып белгіленген.

Бұл күні әлемнің түкпір-түкпі­рінде онко­ло­гиялық аурулармен кү­ресіп жүрген медициналық орталық­тардың дәрігерлері түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Ғылы­ми конферен­циялардан бөлек, ауруды жеңіп шыққан пациенттер мен дәрігер­лердің ерлігі туралы айтылады. Көбіне-көп халықты ақпараттандыру жұмыстарына көңіл бөлінеді. Өйткені дәрігерлер, соның ішінде онкологтер қатерлі ісікті мей­лінше ерте сатыда анықтаса, ем қона­тынын айтады. Бұл пікірді Астана меди­цина университеті онкология кафе­д­ра­сының меңгерушісі, профессор, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург маман Абай Мақышев та қоштады.

– Әлем елдері қатерлі ісікке қарсы өзі­нің мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырып, түрлі қадамға барып жатқанымен өлім-жітім азаймай тұр. Аурудың пайда болып, дамуына бір емес, бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, пациенттер көбіне-көп қатерлі ісік метастаз бергенде, яғни басқа ағзаларға тарағанда, аурудың соңғы сатысында медициналық көмекке жүгініп жатады. Бұл кезеңде емшаралар күрделі, қиын болады. Екіншіден, қатерлі ісік көбіне темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің аздығы, радиа­ция, қоршаған ортаның ластануы және генетикалық бейімділік сияқты мінез-құлықтан немесе экологиялық қауіп факторлары бар өлкелерде тұратын адамдарда дамиды. Үшінші, қатерлі ісік, оның себеп-салдары, белгілері және алдын алу әдістері туралы білім беру, халықты а­қпарат­тандыру онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және емдеуге көмектесетін шешуші фактор саналады. Жалпы алғанда, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді азайту үшін профилактиканы жақсартып, білім беруді жетілдіріп, салада сапаны жоғарылату арқылы азайтуға болады,– дейді доктор.

Ғылым-білім, медицинаның бір орын­да тұралап қалмай, жылдан-жылға даму­дың үстіне дамып жатқанынан хабардармыз. Жыл сайын ғылымдар небір аурулар­дың емін ойлап табады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қатерлі ісіктің қалай пайда болатыны, ошағы, нақты себеп-салдары белгісіз. Бірақ қатерлі ісікке алып баратын бірнеше қауіп факторы көпке мәлім деп ойлаймыз. Мысалы, темекі шегу – өкпе, ауыз қуысының, жұтқыншақтың және бас­қа да көптеген ағзаның қатерлі ісігінің дамуына әсер ететін қауіпті фактор. Генетикалық бейімділік деген бар. Яғни кейбір гендік мутациялар қатерлі ісік ықтималдығын арттыруы мүмкін. Жұқпалы ауруларды айтар болсақ, адам папилломавирусы (HPV), В және С гепа­титі сияқты кейбір инфекциялар қатерлі ісіктің дамуымен байланысты болуы ықтимал. Сондай-ақ ультракүлгін сәулелер тері ісігінің дамуына әкелуі мүмкін екен. Жоғары дозалы сәулелену, осының ішінде рентген сәулелері немесе сәулелік терапия сияқты ұзақмерзімді сәулелену қатерлі ісік ауруының даму қаупін арттыруы ықтимал. Осының барлығын елеп-ескеріп отырған күннің өзінде бастапқы кезеңдерінде нақты симптомдарсыз дамитын қатерлі ісік ауруларын анықтау – тіпті оңай емес.

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, онколо­гиялық аурулардың 250-ден аса түрі бар деседі. Ал елде қатерлі ісіктің өкпе обы­ры, асқазан обыры, сүт безі обыры, жа­тыр мой­ны обыры секілді түрлері жиі кез­деседі. Осының ішінде өкпенің қатер­лі ісігі онкологиялық ауру­лардан болатын өлім-жітімнің басты себептерінің біріне айна­лып барады. Бұл темекі шегумен, қор­шаған ортаның ластануымен байла­нысты. Асқазанның қатерлі ісігі елде, әсіресе ер адамдар арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі болып қала береді. Мұның себеп-салдары тұқымқуалаушылыққа, сондай-ақ тұзды және ысталған та­ғамдарды жиі тұтынумен байланыс­ты болуы мүмкін. Сүт безінің қатерлі ісігі әйелдер арасында жиі кезде­седі. Кейінгі жылдары аурудың осы түрінен болатын өлім-жітімді азайтудың оң үрдісі байқалғанымен, оның алдын алу және ерте анықтау еліміздің медицина жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек.

Әлемде қатерлі ісік ауруларының түріне қарай терапиялық емшаралар дамып жатыр. Қуантарлық жай, құптарлық шешім. Бірақ осы күнге дейін қатерлі ісікке қарсы нақты дәрі-дәрмек табылмады. Бұл – енді медицина қауымдастығын толғандыратын сұрақ.

– Қатерлі ісік ауруының емі туралы мәселе ондаған жылдар бойы қойылып, ғылыми ортада және жалпы қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Хирургия, сәулелі ем және химиотерапия сияқты қатерлі ісіктерді емдеудегі елеулі жетіс­тік­терге қарамастан, әлі де шынайы әмбе­бап ем жоқ. Мұның себебі қатерлі ісік клет­каларының күрделі болуынан және ісіктің қалыптасуы мен дамуына әсер ететін көптеген факторға байланысты болып тұр. Қатерлі ісік – ағзадағы жасуша­лардың дұрыс бөлінбеуімен және өсуімен сипатталатын күрделі ауру. Мұнда атипті жасушалар өсіп, айналадағы тіндер мен ағзаларға еніп, қан мен лимфаға тарап, дененің басқа бөліктерінде жаңа ісіктер тудыруы мүмкін. Бұл – метастаз деп атала­ды. Қатерлі ісік жасушалары тек орна­ласқан жері бойынша ғана емес, генети­калық материалының түрі мен өзгерістері бойынша да әртүрлі болуы мүмкін. Бұл онкологиялық ауруларды емдеуді одан да күрделендіреді, – деп түсіндірді А.Мақышев.

Онкологтің айтуынша, қатерлі ісік­тер­дің көбі адам ағзасында ұзақ дамиды. Тіпті ісіктің бастапқы кезеңін толық медициналық тексеру барысында да бірден анықтау қиын екені жоғарыда ай­тыл­ды. Қатерлі ісікке қарсы емнің әлі та­был­мауының тағы бір себебі – салада кли­никалық зерттеу жүргізудің қиындығы. Мұнда ғалымдарға қойылатын талап қатаң. Бүгінде онкологиялық ауруларға шалдыққандардың арасында 30-40 жас аралығындағы азаматтардың көбейгені байқалады. Емі күрделі ауру жылдан-жылға «жасарып» барады. Ісіктің кейбір түрлері тұқым қуалаушылықпен байланысты болуы мүмкін. Егер жас аза­маттың отбасында бұрын қатерлі ісікке шалдыққандар болса, онда сол тұлғаның қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғары болуы мүмкін. Жастар арасында онкологиялық аурулардың көбейіп бара жатқанына қарамастан, қатерлі ісік негізінен егде жастағы адамдарға әсер ететін ауру болып қала береді. Сол себепті де дәрігерлер қатерлі ісіктің алдын алудың кілті – медициналық тексеруден уақтылы өтіп, саламатты өмір салтын ұстануда дейді.

Профессор-ғалымдар қатерлі ісік ауруларымен қоғам болып күресуге шақырады. Бұл – тек медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласындағы маман­дардың мәселесі емес. Ел-жұрт қатерлі ісік ауруларының алдын алу шаралары мен емдеудің заманауи тәсілдері туралы терең біле бермейді. Салдарынан пациенттер ерте диагностиканың маңызын, аурудың алдын алу мүмкіндіктерін түсінбейді. Көптеген азамат өздері немесе жақын адамдары осы аурумен бетпе-бет келмейінше, қатерлі ісік туралы ақпаратты байыппен қабылдамайтыны тағы бар.

Қатерлі ісікті ерте сатыда анықтау үшін тұрғындарды медициналық профи­лактикалық тексеруден өтуге ынталан­дырудың бірнеше жолы бар екен. Бірінші кезекте дәрігерлер пациенттерге обырды ерте анықтау емді ерте бастауға мүмкіндік беретінін түсіндіруі керек. Қатерлі ісік болатын өлім-жітім көбейгенін және ісікті тек жіті тексерулер арқылы анықтауға болатынын ескерткен жөн. Әрі медициналық тексерулер ақысыз екенін хабарлаған ләзім. Иә, қазір онкологиялық ауруларды зерттеу және диагностикалау деңгейі айтарлықтай жақсарған. Медициналық технологиялардың әлеуеті қатерлі ісік ауруын ерте кезеңдерде анықтауға әлеуетті. Соған қарамастан адамзаттың өмір салты мен қоршаған ортаның өзгеруі де қатер­лі ісік ауруының өршуіне әсер етеді. Қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітім әр ел, аймақта әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, кейбір дамыған елдер­де жүйелі ақпараттандырудың, сапалы диаг­ностикалық бағдарламалардың нәти­жесінде онкологиялық аурулар төмен­деген. Біз де сол көштен қалмай, салаға жаңа технологияларды енгізіп отырсақ, одан еш ұтылмаспыз. Мұны жақсы біле­тін дәрігерлер мен Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдасып, ұтымды шешім қабылдаудан айнымауы керек.