Индонезияда Нусантара қаласының әкімшілігі мен «ақылды» қалаларды құрастыру саласындағы отандық IT көшбасшы Sergek Group компаниясы бірігіп жасаған пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл туралы компания өкілдері Digital Almaty халықаралық цифрлық форумында мәлімдеді. Қазақстан мамандары көлік қозғалысын талдау және болжау бойынша интеллектуалды көлік жүйесін, сондай-ақ экология және жол қауіпсіздігі саласындағы шешімдерді экспорттайтын болады, деп жазады Egemen.kz.
Әзірлеуші компанияның бас директоры Әсет Ахметов Sergek шешімдерінің икемді болуымен ерекше екенін атап өтті: «Индонезияда біз әзірлемелерімізді қолданыстағы инфрақұрылымға біріктіреміз. Жобаны жүзеге асыру алдында біздің мамандар үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Оған қоса, қауіпсіздік, көлік және экология саласындағы біршама зор тәжірибеміздің арқасында шешімдерімізді Индонезия үшін тиімді түрде бейімдеуге болатынына сенімдіміз», деп бөлісті.
Пилоттық жобаны дайындау барысында қолданыстағы бас жоспарлар мен стратегиялар, қаланың қажеттіліктері мен басымдықтарына талдау жүргізілді. Сонымен қатар негізгі мүдделі тараптар – Нусантара мен Баликпапан қалалық әкімшілігі және Көлік министрлігі өкілдерінің қатысуымен ақпарат жинау мақсатында бірқатар семинар өткізілді.
Sergek Group жаһандық нарықтар бойынша директоры Алена Ткаченко: «Нусантара – Астанамен бауырлас қала, мұнда біздің шешімдеріміз «ақылды» қала құруда маңызды рөл атқарды. Қазақстанның астанасында біз қаланың процестері мен қажеттіліктерін, сондай-ақ адам әлеуетін дамытуды ескере отырып, технологияларды әзірлеп жасадық. Бұл тәжірибе кейінірек Нусантараға және, мүмкін, тұтастай Индонезияға қолданылады», деп өз пікірімен бөлісті.
Индонезияның болашақ астанасы заманауи мегаполиске айналуға міндетті. Бұл қаланың даму стратегиясында белгіленген. Осы мақсатқа жету үшін Нусантара «ақылды» қаланың алты құрамдастарын белсенді түрде дамытып жатыр. Олардың бірі «көлік және мобильділік». Дәл осы компонент пилоттық жобаның негізінде жатыр.
Бұған дейін Нусантара қалалық әкімшілігінің қоршаған ортаны қорғау және цифрлық трансформация жөніндегі орынбасары, профессор Мохаммед Али Берауи озық технологияларды енгізу үшін аталмыш халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Индонезияның болашақ астанасының цифрлық экожүйесінің директоры Тони Агус Сетионо да Нусантараны заманауи қала өмірінің үлгі-өнегесіне айналдыру ниетін атап өтті. Осы орайда интеллектуалды көлік жүйесі шешуші рөл атқарады.
Жобаны жүзеге асыру үшін отандық компания технология саласындағы әлемдік көшбасшы Cisco компаниясымен бірлесіп жұмыс істеді. Бұл серіктестік Cisco инфрақұрылымын пайдалана отырып, тиімді қосылымды қамтамасыз етуге бағытталған. Cisco желілік инфрақұрылымын Sergek технологияларымен біріктіру трафикті болжау мен маршрутты оңтайландыру арқылы көшелердегі кептелістерді азайтуға бағытталған болашақтағы жаңа кейстерге негіз болады.
Индонезиядағы Cisco Systems басқарушы директоры Марина Качарибу ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті: «Үздіксіз, қауіпсіз және жылдам қосылу цифрландырудың кез келген күшінің негізі болып табылады. Осы пилоттық жобаның бір бөлігі ретінде Sergek компаниясының бізді серіктес ретінде таңдағанына қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық біздің технологиямызды ғана емес, сонымен қатар Нусантара серіктестерінің экожүйесі арқылы нәтижелерге қалай қол жеткізе алатынымызды дәлелдейді. Cisco-да біз әрқашан: «Егер сіз оны елестете алсаңыз, біз сізді сол жерге апаратын көпір саламыз» деп айтамыз. Нусантара қалалық әкімшілігі және Sergek компаниясымен жұмыс жасау біз үшін үлкен мәртебе», деді.
Сонымен қатар пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында Sergek Group және PT Telkom Indonesia компаниялары арасында Интернетпен қамтамасыз ету бойынша стратегиялық серіктестік жөнінде келісімге қол қойылды.