Қайсарлық – қазақ қыздарына ғана тән сияқты. Ананың ақ сүтімен сіңетін бұл қасиеттің ұшқыны тұлымы желбіреп, талшыбықтай өсіп келе жатқан Аймекеннің бойынан анық байқалады.
Тәңіртаудың тумасы Аймекен кішкентайынан малдың бір шетінде жүруді әдетке айналдырған екен. Әкесі Ерболаттың ерке қызы өте өжет. Ала жаздай атақты Шәлкөде жайлауының баурайында мал бағатын ата-анасының жанынан бір елі алыстамайтын баланың малға деген ықыласы ерекше. Сондықтан болар ірілі-ұсақты малды жазбай тануға бейім.
Бүгінде Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің 3-сыныбында оқитын Аймекен Әуелхан қысқы демалыста өзі туып-өскен Қошқар ауылына барып, еншісіндегі екі-үш жабағының жалына жармаса жуасытқан ерлігі жұртты сүйсінтті. Оның асауды ауыздықтап, тақымдауға құмарлығы есейген сайын еселене түсуде. Сөйтіп, ат жалында ойнайтын балдырған батылдығымен дараланып келеді.
«Бес жасынан әкесіне ілесіп, көкпарға баратын. Содан бері атқа құмар. Жылқыға ерекше аңсары ауып тұрады. Қыз бала болған соң уайымдайтыным бар. Ондайда «әже, мен батырмын, қорықпа» деп өзімді қайрап қояды. Тіл-көзден сақтап, аман жүрсінші», деп 80-нен асқан Бәтихан әжесі тілеуін тілеуде.
Атқұмар Аймекеннің сурет салуға, өлең оқуға да жақындығы жоқ емес. Мұқағали атасының біраз шумақтарын жаттап алған. Ашық та жайдары мінезімен көпшілікті баурап алатын қылығы сүйсінтпей қоймайды. Қысы-жазы үй мен түздің шаруасын шалқытып жүрген анасының да қолқанаты бола бастаған балдырғанның болашағынан зор үміт күтуге болады. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп бекер айтпаған ғой. Ауыздықпен алысқан асауды тізгіндеген Аймекенді осы жастан ат спортына баулитын болса жұлдызы жарқыраған спортшы шығарына сенім мол.
Алматы облысы