Атырауда шахматқа бет бұрған өрендердің арасында бес жасар балақай бар. Аты-жөні – Санжар Ермек. Жақында ақылдылар ойынына ден қойған ол шахматтың блиц түрінен Қазақстан чемпионы атанды.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 24 қаңтар – 2 ақпан аралығында Шымкент қаласында балалар арасында шахматтан ел чемпионаты өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам жас өрен қатысты.
Ең кішкентай шахматшы Санжар Ермек 6 жастағы балалар арасында бақ сынады. Зеректігімен ерекшеленген ол чемпионаттың екі жүлдесін иеленді. Шахматтың блиц түрінен ел чемпионы атанды. Ал классикалық шахматтан қола жүлдеге ие болды.
Бес жасар чемпион өткен жылдың сәуірінен бері аға-әпкесімен бірге «Guw chess» шахмат клубында дәріс алып жүр. Әке-шешесі балаларының шахматқа әуестігіне қолдау білдірген. Қазір оларға жаттықтырушы Диляра Ғабитова шахматтың қыр-сырын үйретеді.
«Шахмат – ақылдылар ойыны. Оны меңгеру оңай емес. Ал Санжар шахматты қатты ұнатты. Қазір смартфондағы ойындарға көңіл аудармайды. Ол 6 айда жақсы нәтиже көрсетіп, төртінші, үшінші разрядты игерді. Былтырғы қараша айында 6 жасқа дейін балалар арасында Атырау облысының чемпионы, «KSI chess Open» облыстық турнирінің жеңімпазы атанған болатын», дейді Диляра Ғабитова.
Атырау облысы