Азаматтық авиация ардагерлері кеңесінің бастамасы бойынша, ақпан айының алғашқы күні Қазақстанның азаматтық авиация қызметкерлері күні болып белгіленіп, кәсіби мерекелердің тізбесі қайта жаңарды.
Алғаш рет аталып жатқан азаматтық авиация қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Көлік министрлігінде сала ардагерлері мен қызметкерлерінің, авиациялық компаниялар мен кәсіпорындардың, сондай-ақ шетелдік серіктес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Министр Марат Қарабаев авиаторларды құттықтап, салалық наградаларды табыс етті.
«Азаматтық авиация саласы отандық көлік жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі іспеттес. Бұл игі бастама саланы дамыту мен одан әрі нығайту, еліміздегі авиация мамандарының патриоттық рухын көтеру жолындағы маңызды қадам болып отыр. Бірлескен күш-жігердің арқасында аталған сала әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын иеленді. Атап айтқанда, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоғары деңгейде, саладағы негізгі көрсеткіштер мен жерүсті инфрақұрылымы күннен күнге жақсарып келеді», деді сала басшысы салтанатты жиында.
Мерекелік іс-шарада «Құрметті авиатор» медалімен азаматтық авиация ардагерлері М.Коровкин және М.Аязбаева, «Қазаэронавигация» РМК Ақтау филиалының диспетчері С.Мифтахова, Air Astana әуекомпаниясының Airbus тренажерінің нұсқаушысы А.Петин, SCAT әуекомпаниясының кадрлық және құқықтық жұмыс департаментінің директоры А.Ганеев, Qazaq Air диспетчері Д.Османов марапатталды.
Министрдің Құрмет грамотасымен әуе кемесінің командирі, азаматтық авиация ардагері Е.Оспанов, SCAT әуе компаниясының президенті В.Денисов, Air Astana вице-президенті Е.Шамшиев, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Н.Ахметов, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры К.Раду, Qazaq Air директоры Е.Наурызбаев, Астана әуежайының бас директоры Ю.Джаудер, Алматы халықаралық әуежайының президенті А.Ерсой, Азаматтық авиация академиясының ректоры, басқарма төрағасы Б.Сейдахметов наградталды.
Сондай-ақ азаматтық авиация қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған үстел теннисі бойынша турнирдің жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен кубоктер табыс етілді.